Ғұмар Қараш өлеңдері
Ғұмар Қараш (1875-1921) – діндар-ақын, фольклоршы, көрнекті Алаш қайраткері. Қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Ғұмар Қараш - ХХ ғасырдың бас кезіндегі «Қазақ дұрыстығы», «Қазақстан», «Айқап», «Дұрыстық жолы», «Шора», «Абай» сияқты газет, журналдарда «Бұл қай заман?», «Тірішілік таласы», «Тәнсіз жан жоқ», «Жастарға», «Әрине күнелту керек», «Ұлт және туған ел», «Әсер», «Қазақтар хақында», «Заң мәселесі», «Жүгенсіздік адамға жол ма еді?», тағы басқа мақаларын жариялаған. Ғұмар Қараш шығармаларын «Ғұмар Қараш баласы», «Ғұмар Қарашұлы», «Ахунд Ғұмар Қарашұлы», «Ғұмар әл-Қараши», «Бөкей елінің баласы», «Ғұмар Қараш», «Ғ.Қ», «Ғ.Мұштақ», «Ғабдолла Мұштақ», «Оразақай», «Қазақаев», «Ғұмар Қарашев» деген есімдермен жариялап отырды.
НЕДЕН ҚОЛРҚАМ?
Аждаhа алты басты жаудан қорқам,
Бүлдірген ел арасын даудан қорқам.
Күлімдеп кіріп, ішкі сырыңды алып,
Құрылған аяқ асты аудан қорқам.
Ертеден кешке дейін бір іс етпес,
Жатып іш жалқау – дені саудан қорқам.
Кім көрсе, соған айтқан сырдан қорқам,
Әңгіме сырдың түбі – жырдан қорқам.
Сүзіліп, сопысынып дінді сатқан,
Таңқы мұрт, таспа қара сұрдан қорқам.
Бұлғақтап құр білімсіз, ағымға еріп,
Білгенді еліктеген зырдан қорқам.
Асығыс істей салған істен қорқам,
Қандары тасқан қара күштен қорқам.
Дос болып бірге жүріп қастық етіп,
Тысына қайшы келген іштен қорқам,
Көруге бек әдемі болса-дағы,
Құбылма тез оңатын түстен қорқам.
Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,
Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.
«Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,
Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.
Істері адамдыққа жанаспаған,
Жануар – екі аяқты аңнан қорқам.
Көлеңке елестеген бойдан қорқам,
Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам.
Теңгеріп жарлы байды, құрып жұмақ,
Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам.
«Теңгердім, той жасадым жұрт үшін» деп,
Жер-жерде шалған құрбан қойдан қорқам.
Ұжмақ көктен жерге енбек емес,
Мезгілсіз бір нәрсе де келмек емес.
Өзің ту, ұл тусаң да, қыз тусаң да,
Әкеліп біреу саған бермек емес.
Табиғат заңы, жолы өзіне хас,
Ешкімнің жетегіне жүрмек емес.
Адаспа, андық етпе, адам ұлы,
Көрінген о бір сағым көзіне елес.
Сағымды «су таптым» деп жұрт жинасаң,
Жындыға айтар сөз жоқ құрып кеңес.
ӘЛАЙ МА, АЛАШ
Әлай ма, алаш, әлай-ма?
Замана жайы бұлай ма?
Түрін айтып заманның
Жақсы менен жаманның
Қозғаған сөзім ұнай ма?
Бастан өткен күндерін,
Есіткенін, білгенін
Кәрілер сөйлеп жылай ма?
Жалауының себебін
Алашым, бізден сұрай ма?
Сұраса айтып берейін
Кешегі өткен заманның
Жері менен суынан.
Ылдиы, жөнейт қырынан,
Қыры менен құмынан,
Ханы менен биінен,
Батыры мен ерінен,
Бәйбіше мен байынан,
Жігіті мен қызынан.
Жұптап-жұптап берейін
Онан шығып бүгінгі
Заманға дейін келейін.
Аңдап басып аяғым
Қыза-қыза желейін.
Кешегі өткен заманның
Жер сипатын сұрасаң,
Бетеге боз бар еді,
Жусаған құлын жасырған.
Қызыл изен, боз жусан
Баланың асқан басынан
Қоян-түлкі әр жерде-ақ
Жөнелер тұрып қасыңнан.
Көлеңке ойтаң көп еді,
Белдең қалың шөп еді,
Ақ ордалар қондырып
Отыруға дөп еді.
Ол күнгінің адамы
Шетінен тегіс баюға
Осы қоныс сеп еді.
Неге десең малдары
Қыста пішен жемеді.
Жабағысы, тайы да,
Жерден тебін тебеді.
Айдап салып тебінге
Мал өсіру еп еді.
Су сипатын сұрасаң,
Еділ, Жайық су еді
Жағасы қалың ну еді.
Күмістей таза сулары
Өзен, сала бар еді,
Екі беті жар еді.
Бөлек, бөлек қара су
Жаздың күні байларға
Қой қоздатып отыру
Жарастықты сән еді.
Тайдай тулап секірген
Балықтары нән еді.
Қаздар қонып қаңқылдап,
Үйрек қонып сымпылдап,
Бақалары бақылдап,
Желсіз тынық кештерде
Жарып кірген құлаққа
Ғажайып түрлі ән еді.
Сөйткен қазақ суларың,
Қалың біткен нуларың,
Қазы қиқу шуларың
Қайда кетті, қане енді.
* * *
Хан дегенді қазағым
Білемісің кім еді?
Жаһанға жарық нұр берген
Мысалы оның күн еді.
Бұл себептен олардың
Асылы нұрдан жаралып,
Таралды демек шын еді.
Алтынды тақтың үстінде
Олар хандық сүргенде
Қой үстінде боз торғай
Жұмыртқа салып тұр еді.
Еңбектінің екі арық
Егеспей жайға жүр еді.
Өзінен ғаділ хан тұрып
Біздің қазақ баласы
Оңып тұрған күн еді.
О бір сондай күн еді
Жаймашуақ түр еді.
Ақ қалпақты қазаққа
Тасқа басын ұрса да,
Екі келмес бір еді.
Айрылдың, қазақ, күніңнен
Болып бір тұрған түріңнен,
Омырауы даладай
Жазық жаурын еріңнен.
Ердің құнын екі ауыз
Сөзіменен бітірген
Үлгілі көсем биіңнен,
Биік сүрген күйіңнен.
Жомарт байлар бар еді.
Құдайы қонақ кез келсе,
Қой орнына тай сойып
Қол қусырып сыйлаған.
Пақыр, міскін жолынан
Қол қайырын тимаған.
Мұқтажға берген қарызын
Тығыздап сұрап жимаған.
Дәулеті артық сондада
Тоғайға малы сыймаған.
Ол күндегі арулар
Көркем жүзді, қылықты,
Бұралған, назды келеді.
Алдынан шығып үлкеннің
Иіліп сәлем береді.
Жоқтатпайды жолдасын
Құрмет ете біледі.
Үлде менен бүлдеге
Отырар келіп оранып,
Кер маралдай керілер
Қынама белі бұралып.
Тұла бойын хош тұтар,
Тоты құстай сыланып.
Көтермес көзін жоғары
Сөйлемес дауыс шығарып,
Көрер болса нұр жүзін
Ғашығында періште
Қалар еді сыналып.
Қатар қойып қарасаң
Ай сәулесі тұтылып
Кетер еді жоғалып.
Шын махаббат жолы үшін
Он сегіз мың ғаламға
Тәртіп берген Құдайым
Ғашықтардың көз жасың
Көргісі келіп бұларды
Жаратып қойған шығарып.
Бүгінгіні сыйпаттап
Айтпасақта белгілі
Көз алдында ашық тұр.
Жер қонысы тартылып
Таршылық тым-ақ басып тұр.
Дүниенің жүзі бәрі ор
Көрінгенге жету мұң
Айналмалы қашық тұр.
Оймақ құрам тепсең жоқ
Астын үске аударып
Жылдан жылға асып тұр.
Кереге жаяр жері жоқ
Бір пара халық осы күн
Жайшылықта-ақ сасып тұр.
Жерге қарай көңілде
Бірден бірге тарылып
Татулық жолы жасып тұр.
Жақындықты ағайын
Бір салпыншақ бөз үшін
Табанына басып тұр.
Басқаны емей немене
Жарақаттап бір-бірін
Зәһәрлі тілмен қасып тұр.
Білемісіз қазағым,
Сіздің үшін жерлердің
Неше күндік нәсіп дұр.
Өзен – дария мысалы
Бүгінгі шалшық қақ болды.
Тоғайға тасып шығу жоқ
Малға суат шақ болды.
Суы шалшық тар қоныс
Аяғын тұсап аз малды
Құрықтап бағар уақ болды.
Асан қайғы атамыз
Айтқан екен бұрын да
«Замана азар шағында
Әуел бастан су құрыр,
Су құрыса ну құрыр».
Шамасы сол шақ болды.
ЗАМАНА ЖАЙЫНАН
Ұмтылар ойым, толғанар,
Толғанса көңіл бұлғанар.
Жалғаншы мынау дүниеде
Өлмей де тірі кім қалар?!
Жаманнан көйлек бөз қалар,
Жақсыдан асыл сөз қалар.
Асыл сөзді күңіреніп,
Оқтасында толғасаң,
Жел шайқаған теңіздей,
Толқып жүрек қозғалар.
Теңіздер терең, тез қатпас.
Тебіренсе жүрек, тек жатпас.
Замана жайын көзге алар.
Жақсы ма, түрі, жаман ба,
Шалынған көзге нәрсесін,
Жасырмас, жаяр, сөз қылар.
Заманның түрі бұзылды,
Жақсыдан үміт үзілді.
Қайғы басты жүректі
Бермеді тәңрім тілекті,
Айтып-айтып кетейін,
Тыңдамаса, не етейін?!
Тыңдаусыз қалған сөздері
Дүниеде жалғыз мен емес
Міндетімді өтейін.
Білгенімді жасырман,
Биасылға бас ұрман,
Деген ниет бар еді,
Байланған сертке жетейін.
Берер, бермес алла да.
Еңбек етпек пенде де,
Ер мұрасы талап-ты,
Таудан талап етейін.
Ар-намысы кем болған,
Бар мақсұты шен болған,
Алаңы жоқ халық үшін,
Күн мен түні тең болған,
Сансыз, салқын жүрекке
Жолдастық айтып нетейін?
Қазақтықта бір сөз бар:
Жаман жүрген жүрімнен
Жақсы өлім көрген игі еді,
Жаманмен көрген күнімнен,
«Кірген көрім игі еді».
Атамнан қалған бұл сөзді
Қайда тастап кетейін?!
Кетпегенім белгісі:
Заманымда не түрлі
Атқа мінген бала бар,
Ел бастаған аға бар.
Не жүрісте жүргенін
Білмей де ерген және бар.
Бар дерге де бомайды
Жоқ дерге де болмайды
Көріп тұрған бұларды
Жүректе бітпес жара бар.
Салдыратып күймесін,
Жарқыратып түймесін,
Жер дүңкітіп жүрсе де,
Адам таппас сұмдықты
Бір Құдайға ешбірін
Көңілімнің келмес көргісі.
Келмегенін бір пара
Іс мәнісін білмеген
Дүниені жүріп көрмеген
Жөнсіз екен, дер кісі.
Жөнді білер ер болса,
Жұрт қой мынау дер болса,
Жүрегінде қаны жоқ
Кеудесінде жаны жоқ,
Ел дұшпаны, халық соры,
Әкімнен басқа аңы жоқ,
Қайғысыз қара залымға
Қойдай шұбап артынан
Ерер ме екен ер кісі?
Алтын ала күмісін
Арам жолға сарп етіп,
Жетім, жесір жыларға
Баурын барша қыларға
Жөнді білер жігіттің
Келер ме еді бергісі?
* * *
Атаңа сенің қазақ-ай,
Бар еді-ау болған күндерің,
Көп еді дәурен сүргенің.
Кеңшілікті, тарлықты
Дәулет пенен бейнетті
Талай бастан кешіріп
Өз көзіңмен көргенің.
Еділ, Жайық суынан
Жем, Сағыздың бойынан
Қысырақтап жаз жайлап,
Көше, қона жүргенің.
Ала таудан өткенше
Ыссы көлге жеткенше,
Кіндік кесіп, кір жуып,
Мекен еткен жірлерің.
Ауданы алыс сол жерде
Күдері бел, күпшек сан
Арғымақ аттар үстінде
Үдері жортқан ерлерің.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Жүзден-жүзден нар байлап,
Күңірентіп, боздатып,
Жағалай қонған көлдерің.
Мұнарланып көрінген,
Құлашын жайып керілген
Көкше бұйра белдерің
Белдерге енген елдерің.
Сол дәулетті шағыңда
Қиянға талай сермедің.
Күндердің күні болғанда
Мұндай да болам дер ме едің?
Хан бар еді сол күнде,
Ақ сұңқарға ұқсаған.
Билер жүйрік бар еді
Хас тұлпарға ұқсаған,
Әділ қазы бар еді,
Алмасқа қылыш ұсаған.
Батырлар, ерлер бар еді
Аш маралға ұқсаған.
Байлар момын бар еді
Аузынан уызы төгілген.
Ақ орданың ішінде
Кербездер ару бар еді
Ши жібекке көмілген.
Толған айдай нұрланып
Толқын жүзі көрінген,
Көрінсе көңіл бөлінген.
Жігерлі жігіт бар еді
Ауызға жастан ілінген.
Адалдық, ақтық бар еді
Әрбір істе білінген.
Ерлер құнды, мал пұлды
Болған заман бар еді
Өте шықты аз уақыт
Өң мен түстей көрінген.
Біз бір сондай ел едік
Күні бүгін болғанда
Жұрдай болып жүр едік
Айырылып тегіс қолдағы
Бақ, дәулеттен ілінген.
Жұрдай болу, мәнісі:
Бұл халықтың бүгінде
Алтынды тақты ханы жоқ,
Хансыз елдің сәні жоқ
Қазысы жоқ, биі жоқ
Бисіз елдің күйі жоқ.
Батыры жоқ, байы жоқ,
Дәулетсіз жұрттың жайы жоқ.
Күні қараң малсыздың
Жұлдызы жоқ, айы жоқ.
Жігер, қайрат тағы жоқ,
Жігерсіздің бағы жоқ.
Адалдық, ақтық бұ да жоқ,
Санасыздар көңлі шат
Бұл күйінде өзі тоқ.
Бәрін айт та, бірін айт
Өнер менен білім жоқ,
Білімсіз қазақ, күнің жоқ.
Күн көретін түрің жоқ.
Өзіңді, өзің зор көріп
Басқаларды қор көріп,
Мен қазақ деп жүрсең де
Білімсіз, надан болған соң
Бір тиындық пұлың жоқ.
Білімсіз халық ел болмас
Болған елмен тең болмас,
Құлдықтан басы арылмас.
Тілек, қоныс, бостықпен
Кеңшілік ерік алынбас,
Көктен рахмет жауылмас.
Жерден жәуһәр табылмас.
Дүниеде сәнді ел болып,
Болғандармен тең болып,
Тұруға керек адамдық,
Керек емес надандық.
Адамдықтың негізі
Надандыққа салынбас.
Өнер, білік үстінде
Адамдықтын негізін
Құрған елдер сығылып,
Жүректері қабынбас.
Ауыздары бірлікте
Күнін көрер тірлікте
Үш ай тоқсан соқса да,
Ондай елдің панасы
Қимылдамас, жарылмас.
Жаманға атақ тағылмас.
Орынсыз жақсы қағылмас.
Қазағым саған сөзім бұл
Мейлің тыңда, мейлің қой,
Жаны ашып, жанып айтушы
Ол да бір оңай табылмас.