Аңызға айналған Хиуаз Доспанова

Хиуаз Доспанова (1922-2008) – қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Екіншідүниежүзілік соғыс кезінде 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, немістердің бекіністерін, соғыс техникаларын, оқ-дәрі қоймаларын бомбалаған. Өзімен бірге ерен еңбек көрсеткен ұшқыш қыздар қосыны түгелдей «Совет одағының батыры» атағын алса да, қазақтың қаршадай қызына бұл атақ берілмеді. Әділетсіздік емес немене?

Malim Админ

  • 11.09.2024

1945 жылдың 9 мамыры – Совет одағының жеңіске жеткен күні. Сұм соғыстың соңғы нүктесі қойылған бұл күнге жету үшін одақ  27 миллион адамынан айырылды. 1710 қала, 70 мыңға жуық ауыл, 32 мың өндіріс орны, мыңдаған колхоздар, совхоздар қирады. Бұл соғысқа Қазақстаннан барлығы 1 196 164 жерлесіміз аттанды. Солардың арасында мұздай қару асынып майданға аттанған қарагөздер де бар еді. Қазақтың қос батыр қызы – Әлия мен Мәншүктің есімі елге ерте танылды. Олар соғыста жанқиярлық ерлік көрсетіп, қан майданда қаза тапқан болатын. Олардың қатарында Хиуаз Доспановада бар еді. Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы қандай ерлік көрсетсе де, Қызыл империяның қиянатына жолықты. Оған «Совет одағының батыры» атағы берілмеді. Тек 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Хиуаз Қайырқызы Доспанова – 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының шаңырағында дүниеге келген. Ол мектепті аяқтарда үшқыштар курсына жазыладыМектептен кейін № 1 Мәскеу медицина институтында оқуға аттанады. Осы оқу орнының 1-курсын аяқтар уақытта аяқасты соғыс өрті лап берді. 

Ол соғыс басталғанда өзі сұранып, ұшқыштар қатарына қосылды. Тек әйелдерден тұратын түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкі құрылып, Хиуаз соған тіркеледі. Қалың ұшқыш қыздардың қатарында жалғыз қазақ қызы Хиуаз Доспанова ғана еді. Ұшқыш қыздар түн ішінде жаудың бекіністерін, соғыс техникалары мен оқ-дәрі қоймаларын бомбалау болатын. Немістер бұл ұшқыштарды «Түн мыстандары» дейтін. Олардың ерен ерлігінен Германия әскербасылары қатты сескенетін. Хиуаз Доспанова соғыс кезінде бірнеше рет өлім аузынан аман қалады. Жарақатына қарамай майданға оралып, соғыс ұшағын тізгіндейді.

Соғыс кезеңінде 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ, қоймаларын талқандаған Хиуаз Доспанова алапат айқас аяқталысымен елге оралды. Жауынгер құрбыларының барлығы дерлік Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Алайда, қазақтың жалғыз қызының есімі марпаттау кезінде аталмапты. Жауынгер жазушы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықов Хиуазға қатысты осы бір мәселені өз уақытында сауатты көтере білді. «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...» - деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды. 

Соғыстан 2-топ мүгедегі боп оралған Хиуаз елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен «Медеу» мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» және тағы басқа ғимараттар тұрғызылды. «Абай», «Шоқан» драмалары сахналанды. 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шыққан қазақтың батыр қызы 1960 жылы «Под командованием Расковой», 1963 жылы «Халқым үшін» соғыс естеліктерін жазды. 

Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен Хиуаз Доспанова «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталды. Осы төсбелгілердің арасында тек бір медальдің орны бос қалған еді. Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін, 2004 жылы Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде еліміздегі ең жоғарғы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Араға 4 жыл сала соғыста «Әуенің ханшайымы» атанған қазақтың батыр қызы әуеге тағы көтерілді. 2008 жылы қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, «Халық қаһарманы» қайтыс болды.