Қазақ тілінің білгірі – Рәбиға Сыздық

Қазақ тілінің білгірі, төл тіліміздің қамқоры, профессор, академик Рәбиға Сәтіғали Сыздықтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Ғалым 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. 2020 жылы Алматыда қайтыс болды.

Malim Админ

  • 24.08.2024

Қазақ тілінің білгірі, төл тіліміздің қамқоры, профессор, академик Рәбиға Сәтіғали Сыздықтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Ғалым 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген. 2020 жылы Алматыда қайтыс болды.

Әкесі Сәтіғали Құтқожин орысша сауат ашқан, көзі ашық адам болған. Балаларының бәрін қазақ мектептерінде оқытып, білімді болуына бар мүмкіндік жасаған. Бірақ 1937 жылы «ұлтшыл» деген желеумен ұсталып, сол күйі оралмаған. Әкесінің атылып кеткенін 1956 жылы ғана білген. Анасы Жеміс пен әкесінің інісі Еркінғали Рәбиғаның оқуына, білім алуына ықпал еткен. «Халық жауының» баласы болса да, елден қалмауға, қиындықты жеңуге ұмтылған жас қыз өмір жолын ғылымға арнады.

Әкесі ұсталған соң бір жылдан кейін педучилищеге оқуға түседі. Алайда тағдыр тауқыметінен оқуын аяқтай алмай, 16 жасында Алға қаласында бастауыш сынып мұғалімі болады. Өзінің айтуынша, төртінші сынып оқушылар өзінен үлкен немесе жастары шамалас болғандықтан, арық, аласа бойлы қызға бағынбаған. 1943 жылы 19 жасында бұрынғы оқуын аяқтап, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1944 жылы Ақтөбедегі пединститутқа түсіп, жедел тәмамдап, дипломын үздік қорғайды. Қаладағы мектептердің біріне ұстаз боп орналасып, басшылық қызмет атқарады. Соғыс жүріп жатқан шақта қара жұмыстармен айналысып, шөп шауып, отын дайындап, колхоздарға көмектеседі. Ал мектептерде түрлі үйірмелер ашып, балаларды ән айтып, би билеуге, сурет салуға жетелейді. Оқушылар арасында театр ашып, радио хабар тарату ісіне де араласады. Осы тынымсыз еңбегі үшін «Ұлы отан соғысы кезінде еңбектегі ерлігі үшін» медальімен марапатталады.

1945 жылы соғыс аяқталған соң, жас ұстаздың өмірінде бетбұрыс кезеңі басталады. Біліктілігінің арқасында Алматы қаласында өткен тамыз конференциясына, Абайдың 100 жылдық мерейтойына делегат болып қатысады. Сол жиында Мұхтар Әуезовті көріп, оның лекциясын тыңдап, нағыз ғалымның үнін естіп, Алматыда оқуды армандайды. Тамыз конференциясында сөз сөйлеуге рұқсат сұрап, қалың көптің алдында өз ойын айтады. 21 жастағы қыздың шешендігіне, ойлылылығына Алматының зиялы қауымы риза болып, қошамет көрсетеді. Бұл оның ғылым жолына қадам басуының алғашқы сәті еді.

«Конференцияда сөз сөйледім. Баяндамам да жоқ. Оқулықтағы қателер жайлы айттым. Сынадым. Алайда оқулықтың авторлары залда отырады деп мүлде ойламаппын. Сондай авторлардың бірі профессор А.Ысқақов келіп менен жөнімді сұрады. Абай атындағы Педагогикалық институтта үшінші курстан бастап сені оқытайын, екі жылда бітіресің деді. Ой қуанғаным-ай! Көктен іздегенім жерден табылды», – деп еске алады ғалымның өзі бұл сәт туралы.

1947 жылы Абай институтын үздік бітіріп, жоғары оқу орындарында сабақ береді. Бірақ «Халық жауының ұрпағы педагогикамен айналыспасын» деп, ұстаздықтан шеттеліп, Алматыдағы түрлі баспаларда қызмет етеді.

«Мектеп» баспасында істеп жүріп, оқулықтар құрастырып, бөлім меңгерушісі болады. Орыс сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы болады.

Ол нақты ғылым жолына 1957 жылы араласады. Белгілі ғалым Ісмет Кеңесбаев Әдебиет институтына қызметке шақырады. Содан бастап ғылым жолына өзін арнайды. Әуезовтің айтуымен Абай шығармаларын зерттейді. 1959 жылы «Абай қара сөздерінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық, 1971 жылы «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ол алғаш рет Абай тілін зерттеу бойынша «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абайдың сөз өнері» атты 3 монография жазған бірден бір ғалым. Кеңес кезінде Абайды зерттеуге көп тосқауыл болса да, ғалым алған бағытынан тайған жоқ. Өзі бас болып, «Абай тілінің сөздігін» құрастырды. Осы еңбектері мен қазақ тілінің грамматикасын зерттеуге қосқан зор үлесі үшін 1995 жылы Ш. Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды.

Академик өмірінің соңына дейін қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеді. «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «ХVIII-XIX ғғ. қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-XIX ғғ)», «Қазақ тілінің анықтағышы» кітаптарында қазақ әдеби тілін ақын-жыраулар тілінен бастау идеясын алғаш ұсынып, ауызша дамыған әдеби тіл тарихын жүйеледі. Әдеби тілдің тарихын зерттеу ғалымды қазақ тілінің тарихын, оның бастау көздерін іздестіруге әкелді.

Ғалым 27 кітап жазған, оның өзінде тіл білімінің әртүрлі салаларында қалам тербеген. Ғылымдағы жолын грамматикадан бастаған ғалым Абай тілі, қазақ әдеби тілінің тарихы, тіл тарихы, ахметтану, сөз мәдениеті, көне ескірткіштер тілі, лингвопоэтика, лингвостилистика, лингводидактика, лексикография, орфография, әліпби мен жазу теориясы сынды салаларды зерттеп, мол мұра қалдырды.