Қазақтың ұлы ғалымы – Шоқан Уәлиханов
Шоқан Уәлихановтың (Мұхамед Қанапия) өмірбаяны, оның туған күні мен қай жерде дүниеге келгеніне қатысты нақты мәлімет сақтамаған. Тек оның 1835 жылдың қарашасында Аманқарағай дуанында дүниеге келгені ғана мәлім. Кейбір деректерде қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Құсмұрын деген жерде дүние есігін ашқаны айтылады. Кейін осы округтің сұлтаны, Шоқанның әкесі – Шыңғыс (Уәли ханның ұлы, Абылай ханның немересі) отбасымен бірге жаңа қамал – Құсмұрынға (дуан аты да Құсмұрын болып өзгерді) көшіп барды. Аға сұлтанның кеңсесі осы қамалда 1853 жылға дейін орналасқан.
Шоқан 1965 жылы Алматы облысы Сарыөзек ауданы Көшентоған деген жерде өмірден өткен. Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, фольклорист, дипломат, этнограф, географ.
Шоқан Уәлихановтың туған кездегі шын есімі – Мұхаммед-Қанафия. Дейтұрғанмен, ол күллі әлемге Шоқан атымен танылды. Біреулер оны анасы осылай атап кеткен дейді. Енді біреулердің айтуынша, әжесі Айғаным солай деп еркелетіпті. Ол Уәлиханның тоқалы болғанымен, осы әулеттің иесі еді. Айғаным батыл әрі өте сауатты әйел болыпты. Патша І Александр қазақ пен орыс арасындағы достықты нығайтуға үлес қосты деп оған Сырымбет ордасын салып беруді бұйырған. Шоқан сол ордада балдәурен балалық шағын өткізді.
Айғаным білімнің пайдасын жақсы түсінген. Сондықтан 1827 жылы ұлы Шыңғысты Сібір желілік казак әскері училищесіне оқуға береді. Осының арқасында Шоқанның әкесі орыс тілін жақсы біліп шыққан. Шыңғыс 23 жасында-ақ майор шенін алып, аға сұлтан болып тағайындалады. Ол өз өлкесіне келген ғалымдардан, зерттеушілерден, жер мамандары мен инженерлерден көмегін аямайды. Үнемі үйіне қонақ етіп шақырып отырыпты. Сондықтан Шоқан білімді адамдармен кішкентайынан араласып өседі. Шыңғыс сұлтан мен әжесі Айғаным оның да оқуға деген құмарлығын оятуға тырысып, Құсмұрын мен Сырымбетке мұғалімдердің жиі келіп тұруына жағдай жасайды. Шоқан төрт жасында әріп танып, оқи бастайды. Сосын әкесі салдырған Құсмұрын мектебіне барады. Мұнда ол араб жазуын меңгеріп, сурет салуды үйренген. Бұл жерде ол үшін шығыс поэзиясымен танысуға, орта ғасыр әдебиетін қыпшақ және шағатай тілдерінде оқып білуге мүмкіндік туады.
Шоқан Уәлихановтың балалық шағы шығармашылыққа ізденіске толы, бала сурет салуды ерекше жақсы көрді. Ол бұл өнерге Құсмұрынға қонақ болып келген топографтар мен суретшілерді көргеннен кейін қызыға бастапты. Бала Шоқан соларға еліктеп, Құсмұрын мен Сырымбеттің айналасындағы көріністі, сондағы тұрмыс-тіршілікті сызбасына арқау етіп жүрген. Өздерін айналшықтап жүрген сұлтан ұлының талпынысын байқаған топографтар оған сурет салуды үйретіп, өнер мен әдебиетті оқыта бастайды. Ұлының талпынысын әкесі де қолдаған. Тіпті, оны архоелогиялық экспедицияға алып кетеді екен. Сол кезде Шоқан табылған көне заттардың суретін салыпты. Ол қазақтан шыққан алғашқы суретшілердің біріне айналар ма еді. Бірақ қазып алынған еңбек құралдары, қару-жарақ және тұрмыстық бұйымдарды көрген оның осыларды пайдаланған адамдардың шығу тегін, тарихын білуге деген құлшынысы басым түсті. Шоқанның ғылымға деген әуестігі осылайша кішкентай кезінде оянған.
Шыңғыс сұлтанның Шоқаннан бөлек алты ұлы, бес қызы болды. Олардың да дарыны бала кезден байқалған. Шоқанның інісі Сақыпкерей ақын әрі сазгер болған. Атақты Ақан серімен дос болыпты. Тағы бір інісі Мақыжан – суретші. Петербургтегі Көркемсурет академиясының шеберханасында ұзақ уақыт жұмыс істеген. Одан кейінгі інісі Махмұт та білімді адам болған. Ол өмірінің соңына дейін ғалымдармен және жазушылармен достық қарым-қатынасын үзбепті.
1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Мұнда жабық әскери оқу орны болғанымен, көптеген пәндер әскери сабақтарға қоса орыс, батыс әдебиеті, географиясы мен тарихы, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері оқытылып, орыстың озық ойлы интеллигенттерінің өкілдері сабақ берген. Оқытушылар құрамында білімді және прогресшіл ой-пікірлі адамдар көп болған.
Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады. 1854 жылы кадет корпусындағы ұстазы Костылецкийдің өтініші бойынша көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры Н.И. Березиннің тапсырмаларын орындайды. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқалары, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырымен таныс еді. Жас ғалым әйгілі профессор Березин бастырып шығарған "Тоқтамыс ханның жарлығы мен басқа да хан жарлықтары туралы еңбектерге тыңғылықты талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми зерттеулерінің бірі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастайды.Өсімдіктер әлемінің қолайлы жағдайды талап ететіні сияқты қоғам да өзінің кедергісіз дамуы үшін қолайлы жағдайды талап етеді. Алайда ғалым табиғат зандары мен қоғам арасындағы айырмашылықты ажыратып көрсетеді. Табиғаттың дамуы физикалық зандарға негізделсе, қоғамда олар әлеуметтік зандардың күшімен, яғни қоғамдық өмірдің әртұрлі жақтарымен, тайпалық организм өмірінің шарттарымен толығады.
Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, оның қорытындысында Шығыс Түркістанның өткені мен бүгіні туралы зерттеулер жазады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттейді. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.
1858-1859 жылдары Шоқан атақты Қашғария сапарына барып қайтты. Шоқанға дейін ол өлкеде бірде-бір зерттеушінің болып қайтуының сәті түспеген еді. Неміс ғалымы Р. Шлагингвейттің еуропалықтар үшін мүлде жабық өлкеге барып қайтпақ болған сапары қайғылы аяқталып, ол қатыгездікпен өлім жазасына душар болған-ды. Шоқан аса қиын құпия жағдайда өз өміріне қатер төндіре жүріп, Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық жағдайы жайлы Бұған дейін мүлде белгісіз аса құнды деректер жинап қайтты. Соның негізінде «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-JIy провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген атақты еңбегін жазды. Еңбекті Ресейде де, одан тыс жерлерде де шығысты зерттеуші ғалымдар жоғары бағалады.
Кейін Петербургке оралып, ондағы зиялы қауыммен жиі араласты. Көп өтпей елге қайтуға шешім қабылдады. Оған денсаулығының сыр бергені себеп болды деген дерек бар. Бірақ Шоқантанушылар әртүрлі пікірлер айтады...
1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың Оңтүстік Қазақстанға жасаған әскери экспедициясына қатысады. Бірақ әскери қызметі ұзаққа созылмады, генералдың жергілікті халыққа шектен тыс қатыгездік жасауы салдарынан әскер қатарынан өз еркімен кетті. Осыдан кейін Жетісу жеріндегі Тезек төре ауылына келіп, сонда қайтыс болды. Шоқан өмірін зерттеушілер оның өлімінде жұмбақ жайттар көп деген болжам жасайды. Шоқан өмірінің соңында Ресей империясының аз ұлттарға жасайтын қысымын ашық сынай бастаған, патша Үкіметі оған сенбеген деген көзқарас бар.