Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақ

Рақымжан Қошқарбаев – 100 жыл

Malim Админ

  • 14.05.2024

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы19 қазанда Ақмола облысы Тайтөбе ауылының маңында туған. 

Рақымжан 4 жасқа келгенде анасы қаза табады. 13 жасқа толғанда әкесі жаламен сотталып, саяси лагерьге айдалады. Амал нешік, анадан бір, әкеден екі айырылған бала Рақымжан Тайтөбе ауылындағы балалар үйінде тәрбие алады. 

Тайтөбеде 7-класты бітірген ол Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жолдама алады. 1942 жылы 18 жастағы бозбала Көкшетаудағы

Атқыштар полкіне түсіп, 1943 жылы Ресейдің Тамбоов қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Әскери білім мен кіші лейтенат шенін алған Қошқарбаев 1944 жылы майданға аттанады. 

Соғысқа психологиялық тұрғыдан да әбден дайын болған жас жауынгер майданға білек сыбана кіріседі. 

Мысалы, 1945 жылы 16 сәуірде Рақымжан Қошқарбаевтың взводы Одер өзенінің жағасындағы Гроенойндорф елді-мекеніне бекінген немістерге күйрете соққы береді. Совет әскерін өзеннен өткізбей тұрған жауды жайратып салады. Взвод 40 фашисті жер жастандырып, 3 пулеметті олжалайды. 
Одан кейін Қошқарбаев әскері 1945 жылдың 29 сәуірінде Шпре өзені маңында жауға тойтарыс береді. 

Одер өзенінен басталған майдан Рейхстагқа дейін жалғасады. Осы аралықта кіші лейтенат Рақымжан Қошқарбаев басқаратын взвод 200 фашисті өлтіріп, 184 немісті тұтқынға алады. Ал соғыста олжалаған қару – 14 зеңбірек, 27 пулемет пен мылтық және автомат. 

Жасалған ерлік елеусіз қалмайды. Осы қаһармандығы үшін Рақымжан Қошқарбаев взводына "Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы" ордені беріледі.
1945 жылдың көктемінде Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводына командир болып тағайындалады. 

Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Берлин операциясы барысында батылдығымен көзге түседі. 1945 жылдың 30 сәуірінде ол жауынгер Григорий Булатовпен бірге алғашқы болып Рейхстагқа Жеңіс туын тігеді. 
Жеңіс туын желбіреткені үшін Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовты Совет одағының батыры атағына ұсынады. Алайда, Қошқарбаев тек Қызыл Жұлдыз орденін алады. 

Соғыстан соң лейтенант Қошқарбаев Эльба бойындағы советтік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет етеді. Ал 1947-67 жылдары Қошқарбаев Ақмола облыстық Атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор болады. 1967 жылдан Алматы қаласындағы әйгілі "Алматы" қонақ үйінің директоры ретінде жұмыс істейді.

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды. Ол 64 жаста болатын. 

Шығармашылығы: Екі кітап – «Жеңіс туы» және «Дауыл: 1410 күн» деректі повесі.

Наградалары: Қызыл Ту және 1-дәрежелі Отан соғысы ордені. 2001 жылы оған Халық Қаһарманы атағы берілген.

Фото: интернеттен