Диас Ахметов:  «Садақ атуды футболдың деңгейіне шығарамыз!»

Дәстүрлі садақ ату спортын бір жүйеге келтіруіміз керек

Олжас Қасым

  • 06.02.2023

Бағзы кезде садақ ату яғни мергендік өнер елдің берекесін бекемдеп, айбынын асырған  құндылық еді. Содан да болар, халқымыз ұл мен қызды қаршадайынан садақ ұстауға баулып, елін қорғауға бағыттаған. Ол адамға рух беріп, көздің де көру қабілетін жақсартады. Дене бітімнің сымбатты болуы үшін пайдалы. Сабырлы мінезді қалыптастыруға, өзін-өзін тәрбиелеуге, бойға сенімділік ұялатуға көмектеседі. Ежелде бұл жаудан қорғану мен аң аулауға қолданылса, қазір спорттың маңызды бір түріне айналып отыр. Бұл ретте республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясының атқарып отырған жұмысы нәтижелі. Федерацияның  вице-президенті, садақ ату академиясының басшысы Диас Ахметов бекзада өнердің ауқымын кеңейту бойынша ілкімді бастамалар қолға алынғанын айтады. Malim.kz тілшісі Диас Ахметовпен аталмыш спорттың қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде сұхбаттасты.   


КӨКПАР, БӘЙГЕ  СЫНДЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛАМЫЗ 

- Диас мырза, республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясы өз алдына жеке құрылым болып қалыптасқалы бері біршама белесті бағындырып үлгердіңіздер. Түрлі додалардан да төбе көрсетіп, жеңіс тұғырына шыға бастадыңыздар.  Садақ ату елімізде спорт ретінде қалыптасты  деп айтуға бола ма?  

- Америка, Мажарстан, Германия,  Түркия секілді елдерде садақ ату өнері өте жоғары деңгейде дамыған.  Ал біз мергенбіз, «бұлғары садақ, бұқар жай, тарта алмасам маған серт» деп кеудемізді кере, масаттанатынбыз.  Еліміз бойынша іс жүзіне келгенде, садақ ату спорт ретінде мүлдем қалыптасқан жоқ.  Осыдан үш-төрт жыл бұрын еліміз бойынша тек өздігінен осы өнерді меңгере бастаған 50 шақты спортшы болатын. Сөйтіп, ақырындап ел азаматтары түркітілдес мемлекеттердің спортшыларымен байланыс орнатып, садаққа қызығушылық білдіре бастады.  Осы спорт басқа мемлекеттерде жоғары қарқынмен дамып жатқанын көргендіктен, біздің де қанда бар өнерге деген ұмтылысымыз оянды. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жас буынның көкейінде «Біздің садақ ату  спорты қашан дамиды?», «Неге біз де садақ атпаймыз?» деген сұрақ көптен бері қозғалып келді.

- Ал осы сауалдарға жауап таба алдыңыздар ма?   

- 2019 жылы республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясын Азамат Оспанов, Ербол Тәпенов үшеуіміз аштық.  Ербол Тәпенов – заңгер, Азамат Оспанов – іскер жігіт, өзі бас болып федерация президенті болды.   Ал садақ ату әдісін азаматтарға үйрету, жұмысты жүргізу міндетін өзіме алдым.   Мен сол кездің өзінде үйірме ашып, балаларды ұлттық  спортқа  бағыттап жүрген болатынмын. Өйткені мергендікке тәрбиелейтін өнер өзіме де қызық болды. 2018 жылы қыркүйек айында алғашқы үйірмемізді аштық. Бір жылдан соң федерация құрылса, 2022 жылы Жаңаөзен қаласында дәстүрлі садақ атудан тұңғыш рет Қазақстан республикасының чемпионаты өтті.  Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен жиналған 180 спортшы қатысты.  Мергендер бәсекесінің барысы, көрінісінің өзі жұртшылыққа ерекше әсер етті.  Себебі, бұл жарыста әсемдік бар.

Әрине, бастапқы кезде Үкіметтен де, демеушілер тарапынан да ұлттық спортымызға айтарлықтай назар аударылмады. Өздігінен дамысын деп ойлағандар қатары көп болды. Бірақ, бекзада өнер түрі саналатын садақ ату бірден жоғары қарқынмен дами бастады. Мұндай жақсы нәтижеге жетеді деп ешкім де ойламағаны анық.  Алайда, көп уақыт өтпей, бұрыннан биігінен түспей келе жатқан көкпар, бәйге, күрес сынды спорт түрлерімен бәсекеге түсерліктей күш алдық. Мысалы, Астананың өзінде өтетін жарысқа 70-тей адам жиналып, өзара сайыс өткіземіз.   3-4 жыл бұрын көбіне алдыңғы орындарда өзім жүрсем, қазір шәкірттерім менен озды. Қанымызда бар өнерді жастардың санасында жаңғыртып, ұлттық кодты оятудың арқасында садақ ату тарихи өзгеріске бет бұрды.  Трендке айналды.   

Садақ ату өнерін көпшілік тек біржақты түсініп келгені рас.  Яғни, мереке-мейрамдарда,  жиын-тойларда ғана садақпен нысана көздеу, көрмелерге қою секілді қызмет атқарады  деп ойлайтын.   Осы бір түсінікті жойғымыз келіп, намысымызды оятып, жігерімізді жанып жұмысты дөңгелете бастадық.

САДАҚШЫЛАР САЙЫСТАРҒА ҰЛТТЫҚ КИІММЕН ҚАТЫСАДЫ    

- Ұлттық сайыстың нақты бір талап-ережелері жүйеленіп жазылды ма? 

- Түркияның садақ ату спортында ұстанатын ереже-талаптарын біздің де Ұлттық спорт федерациясы қолданады.  Себебі, ең айтулы жарыстар Түркияда өтеді.  Тарихы жағынан да, тәжірибе, даму тұрғысынан да бауырлас ел алдыңғы сапта тұрғаны айқын.   Сайыпқырандар сайысының ережесін өзіміз де толықтырып  жаздық. Ол ережеде қатысушыларға міндетті түрде ұлттық киім киіп келу керек деген шарт қойдық. Бастапқы жарыстар уақытында кімнің қолында шапаны бар, бөрік, тақиясы болса соларды жарысқа қатыстырдық. Кейін уақыт өте келе садақшыларымыз қандай киім киген, адам денесіне қонымды болуын зерттеп-зерделеп көрдік. Нәтижесінде мергендердің киетін форма тұрпаты  қалыптаса бастады. Мәселен, арғындар дулығаға ұқсас, мойынды жауып тұратын бас киім киіп сайысқа түседі. Оларды бірден орталық Қазақстаннан келді деп пайымдаймыз.  Сол секілді әр аймақ спортшылары сәл ғана айырмашылықпен дараланып тұрады.

- Өзіңіз садақ ату спортын қалай меңгерген едіңіз?    

- Негізгі мамандығым есепші. Ұлттық спорт федерациясында бас бухгалтер болып еңбек еттім. Бірде кеңсемізде әр түрлі садақтар жатқанын байқадым.  Ол кезде садақ атуға елдің қызығушылығы жоқ болатын.  Бос уақытымызда сол садақтарды қолға алып, қызықтап жүретін едік. Сол мезетте бойымыздағы рухымыз бұлқынып, қанымыз оянғандай болды.  Сөйтіп жүргенде Астанадағы Юнус Емре атындағы түрік мәдени орталығы  Түркияның садақшыларымен бірлесіп  2 айлық курс ашты.  Курсқа садақ ұстап көрмеген 60 адам жазылды. Екі ай бойы адырнамызды қолға алып, нысана көздеп үйрендік.   Бапкерлердің шарттары қатаң болды. Егер үрдіске ілесе алмасаң  жарысқа қатысуға мүмкіндік жоқ. Сөгіссіз аптасына үш рет жарыстан қалмай, өзімізді барынша сынап көрдік. Бапкерлер білгенін үйретті.  Қазақ стилінде, бармақпен қалай ату керек,  бүкіл деңгейде тәлім беріп, екі ай ішінде барлық қатысушы арасында жарыс өткізді. Жеңімпаз атанған адам Түркияға білімін жетілдіруге баратын болды. Сайыста ұлдардың арасынан мен жеңіс тұғырынан көріндім. Анджела деген қарындасымыз қыздардың ішінде топ жарып шықты.  Екеумізді  осылайша Түркияға жарысқа жіберді.  Бұқаралық бәсекеде бақ сынап, садақ атудың қыр-сырын, ерекшеліктерін біліп, елімізге алып келдік. 

Әлем кубогінің иегері Анжела Тарыца 

- Садақ ату федерациясынан бөлек, мергендікке баулитын академия да жұмыс істейді екен...      

- 2019 жылдан 2021 жылға  дейін біз залды сағатына жалға алатынбыз. Сосын бір сағат бойы садақ атумен шұғылданамыз. Залға қаражатты өзіміз тауып, төлеп жүрдік. Жалға алу құны қымбат.  Нысананы өзім жасайтынмын. Бастамамыз солай жалғасын тапты. Біз жиналатын «Алатау» спорт кешенінде уақыт шектеулі. Ал біз әлі де садақ атып, жаттыққымыз келеді. Әуесқой қыз-жігіттерді таңғы, түскі уақыттарда дайындауым керек. Сосын жеке зал алу керек деген ойға келдім. Іздей келе, осындай зал таптық. 2022 жылдың  мамыр айында Садақ ату академиясы құрылды. Сол уақыттан қазірге дейін Астана қаласы бойынша тіркелгендер саны 1500 адам болды. Олардың арасында тұрақты түрде қатысып жүргендері де, бір сағатқа келіп нысана көздейтіндер де бар. Осы академиядан шыққандар чемпионаттарға қатысып жүр. Мұнда садақ ату ақылы түрде жүргізіледі. Үйірмемізге жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі  азаматтар қатысады. Қатарымызда жастармен бірге, 63 жастағы атамыз да бар. Жаттығудан қалмайды. Тағы бір ата мен әжеміз садақ атып жүр. Қыздар мен ер адамдар бірдей айналыса береді. Балаларға арналған топтар бөлек. Оларға басқа жүктеме беріледі. Академиямен қатар үлкен залымыз да жұмыс істейді. Ол жерге академияның іріктеуінен өткен Астананың құрамасына кіретін садақшыларды апарамыз. Балалар мен ересектердің қауіпсіздігі басты назарда. Садақты қолға алмас бұрын қауіпсіздік ережесімен танысады. Балалар бапкерлердің нұсқауымен садақ атып машықтанады.

- Сонымен қатар, Астанада ашық аспан астында тұңғыш рет Садақ ату орталығы ашылған еді...  

- Иә, бұл орталық атқа мінуді ұнататын адамдар үшін таптырмас жер. Онда ат спортына ынтық қауымға дәстүрлі садақ ату курстары өтеді. Дәстүрімізді жаңғыртып, рухымызды оятып, атқа мініп, садақ атуға машықтанатын қолайлы орын. Келушілерге төлем үшін арнайы кесте шығарылады. Баға барлығына қолжетімді.  Аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері халыққа ыңғайлы етіп бөлінеді. Садақ атуға қатты қызыққан адамдарға арнайы кесте шығады. Оның барлығын өзіміздің әлеуметтік желілерімізде жария етеміз. Әзірше тек жазғы уақытта істейді. Бірақ біздің атқораның ішінде манеж бар. Қыста манеждің ішіне нысаналар қойылып, үлкен қашықтықта садақ атамыз. 

Астанада ашылған садақ ату орталығы 

САДАҚ АТУ СПОРТЫН МЕКТЕПТЕРГЕ ЕНГІЗГІМІЗ КЕЛЕДІ

Дәл қазір қанша шәкіртіңіз бар?

- Нақты айтсам, 100-ге жуық шәкіртім бар. Тек Астананы айтқанда жақында ғана өткен садақшылар лигасына 72 адам қатысты. Соның барлығы менен осы спорттың қыр-сырын үйреніп жүргендер. Сонымен қатар, бірнеше өңірде садақ ату үйірмелері ашылып жатыр. Мысалы, Өскеменде Ажар Төлеуқанова,  Қостанайда Аяулым Аппазова деген  өзімнің шәкірттерім жүр. Бірқатар сайыстардан жүлде алған арулар. Маңғыстауда тағы бір ізбасарым Сәнім Мұрат спорт мектебін ашты.  Қолына адырнасын алған кішкентай балалар да сол мұнайлы өлкеде тәлім алып жатыр. Ересектер ол жақта аз. Менің шәкірттерім енді өз ізбасарларын мергендікке баули бастады. Алты аймақта біздің деңгейге жетіп қалатын 50-60 спортшысы бар мектеп қалыптасып қалды. Өңірлерде жұмыс бастаған 10-13 федерация белгілі. Қазір өзге де облыстарға Үкімет тарапынан хат жолдануда. Міндетті түрде әр аймақта садақ ату үйірмелері ашылады.  Биыл садақ ату спортын мектептерге енгізу жоспарымыз бар. Осылайша білім беру мекемелерінде бұқаралық спортты дәріптейміз. Бұл қуанарлық жағдай. Көкжиегіміз кеңейіп келеді деуге болады.

- Садақ ату спортындағы басты жетістік деп IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын айтуға әбден болады.  Аз уақыт ішінде топ жаруға болатынын көрсеттіңіздер. Көршілес елдердің де оң көзқарасы мен қолдауын сезіндіңіздер ме? 

- Қазір қырғыз елінің садақшыларымен қоян-қолтық араласамыз. Олар 5 жылдан бері  садақ атумен жүйелі түрде айналысуды бастаған екен. Айыр қалпақты ағайындарымызда мергендікке баулитын өнер дамып жатқан уақытта бізде өкінішке қарай садақ ұстаған адам жоқтың қасы еді. Соңғы уақытта қазақстандық спортшылар нәтижелі орындардан көрінгенде қырғыздар ұлттық өнеріміздің беталысына қуанып, әсіресе жас буынның көбейгеніне таңданыс білдіруде.  «Біз шамамен 5 жыл бұрын садақ атуды қолға алғанда 20-30 адам бастасақ, саны жағынан айтарлық өзгеріс болмады. Сол құраммен келе жатырмыз»,- дейді.   Келесі жылдары халықаралық дүбірлі бәсекелерде қазақтар алдыңғы саптан көрінетініне   сенімдіміз деп көңілімізді желпіндіріп қойды.

Қазақстанның дәстүрлі садақ ату құрамасының мүшесі Айым Тілепберген

Түркияда өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында біздің мергендер үздіктер қатарынан көрінгенін білесіздер. Атап айтқанда, жерлесіміз, менің шәкіртім Қанат Қасымхан күміс жүлде алды.  Ол садақ атумен бір жылға жуық уақыт қана айналысты.  Алғашқы жаттығуында – ақ жебесін ондыққа тигізген азамат. Ұмтылысын көріп бірден ересектер тобына енгіздім. Содан бастап ол алыс қашықтықты бағындыра бастады. Садақ ату спортында 1/16 деген бар. Яғни, жарысқа 100 адам қатысса, соның ішінде 16-сы ғана келесі кезеңге өтеді. Мысалы, Фетих  кубогы осымен оныншы мәрте өткізілген. Көшпенділер ойындары төртінші рет жалауын көтерген.  Осы ойындарда еліміздің тарихында 1/16-ға өткен адам жоқ. Біздің Қанат Қасымхан әлемнің үздік деген 105 спортшысының арасынан шығып, 1-орын алғаны белгілі. Осылайша мақтанышымыз тарихты жаңғыртты деуге болады.  Одан бөлек, бүкіл елдің назарын Қазақстанға аударды. Ең тұңғыш күміс медалімізді алып келгенде, көпшілік «қандай спорт түрі, көкпар ма,  теңге ілу ме, жоқ басқасы ма?» деп сұрасып жатты.  Біз дәстүрлі садақ атудан алдыңғы орыннан көріндік дегенде, «ондай спорт бар ма?» деп таңырқағаны рас.  Осыдан соң барып қана мемлекеттік органдар, мекемелер назарын аударып, хат жазып, телефонға тыным бермеді.  Қайда дайындалды, қай қаладан шықты деген сияқты  ақпараттар жиналды. Биыл, Қанат Қасымхан Ұлттық спорттың үздіктерін марапаттайтын «Алтын тұғыр» жүлдесін алып, жеңіс биігінен көрінді.

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНА ДАЙЫНДЫҚТЫ БАСТАЙМЫЗ 

- 2024 жылы Көшпенділер ойындары Қазақстанда өтеді. Дайындық қалай? 

- Ендігі үлкен мақсат – көшпенділер ойындарына тас-түйін дайындалу. Бұл ретте мемлекет тарапынан да қолдау бар. Садақ атудан Ұлттық құрама команда құрдық. Соңғы чемпионаттардағы ең үздік спортшылар іріктелді. Сол Ұлттық құраманы оқу-жаттығу жиынына жібереді. Мергендер Алматы облысында жаттығады. Алаң иелерімен келісімшарт жүргіздік. Ол жақта олимпиадашыларға, классикалық садақ атуға арналған ипподромдар  бар. Бірақ, Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату ипподромы, алаңы  немесе  залы жоқ.

Садақ атудан оқу-жаттығу сәтінен 

Биыл Қазақстанда тұңғыш рет Азия чемпионаты өтеді. Жарыс Астана қаласында шілде айында болады.  Осы сайыста Көшпенділер ойынына қатысып, бақ сынайтын көзге түскен  мықтылар қайта іріктеліп алынады. Сол спортшылармен тығыз жұмыс істеп, Көшпенділер ойындарына дайындаймыз. Мен биылдан бастап федерацияның аға жаттықтырушысы болып тағайындалдым.  Мемлекет тарапынан айлық төленетін болды. Бұл жағдай садақшыларды көптеп дайындауға септігін тигізіп отыр. Қаншама еңбектің арқасында осындай мүмкіндікке жеттік. Көшпенділер ойындарында, Азия чемпионатында, Әлем кубогінде жүлделі болуға үміттіміз.

- Ұлттық спортқа Үкімет қолдау көрсете ме? Шешімін таппай тұрған қандай мәселелер бар?

- Садақ ату федерациясы өз күшімен ұлттық спортымызды осындай деңгейге шығарды. Оны жүйелей түсу үшін қолымыздағы барымызды Үкіметке тапсырып жатырмыз. Ары қарай Үкімет тарапынан ауқымды жұмыстар іске асуға тиіс.  Өйткені, бұл федерацияның ғана аясында жүзеге асатын жұмыс емес, мемлекет айналысатын шаруа.  Өткен жылдары Ұлттық спорт федерациясының тарапынан жағдай жасалып, чемпионаттарымызға қомақты сыйлықтар тағайындалды. Олар да біздің атқарған жұмыстарымызды көріп, бағалап, барынша қолдау жасап отыр.  Қандай да бір мәселе туындаса бір тараптан ғана болмайды. Мен ол үшін  мемлекетті, немесе федерацияны жазғырмаймын. Түйткілдердің түбін өзімізден іздеуіміз керек. Жеңіске жету жолында аянып қалмауға тиіспіз.

Дәстүрлі садақ ату спортын бір жүйеге келтіруіміз керек. Әр аймақтағы жұмыс істеймін деген федерацияларға еркіндік берілуге тиіс. Себебі, олар үкімет аясына кірген кезде тәуелді болып қалады. Есеп беру, басқа да шектеулер көп болады. Садақ ату еліміздегі жас спорттың бірі. Осы салаға зор көңіл бөлінуі қажет.

Екінші мәселе – инфрақұрылым. Алаңдар, ипподромдар салу қажеттігі айқын. Бірінші кезекте еуропалық емес, ұлттық спортқа назар аударылуы қажет. Садақ атуды да футболдың деңгейіне шығара алатындай мүмкіндік бар. Күш салар болсақ, мергендікке баулитын спортты әлемге жаюға болады. Оның арғы жағында тарихқа, өркениетімізге көңіл аудару деген мәселе тұр. Ұлттық киімге деген сұраныс пайда болады.  

Біздің азаматтар  Тәуелсіздік рухын енді ғана сезіне бастады деуге болады.  Соңғы екі-үш жылда жастарымыз еңсесін көтеріп, ұлттық құндылықтарға терең бойлай бастады.  Әсіресе, 1991 жылғы және одан  кейін дүниеге келген қыз-жігіттердің ынта-жігері ерекше.  Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетіп келеміз. Содан да болар, ұлттық спортымыз алға басты десек қателеспейміз. Осы қарқынымыздан таймауымыз керек.  

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

07.11.2024

Протезді көрсетпеу үшін ұзын белдемше киіп шықтым – Тамара Асар

29.10.2024

Қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасады. Көкпар федерациясы

13.09.2024

Жеңімпаз болған қазақ көкпаршылары қанша сыйақы алады?

12.09.2024

Көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанды

12.09.2024
MalimBlocks
Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Жақып Омаров: Қазақ театр өнерінің қаһарман ұлы

Биыл көрнекті режиссердің туғанына 85 жыл

Протезді көрсетпеу үшін ұзын белдемше киіп шықтым – Тамара Асар

Өнер иесі аяғына киген протездердің ауыр болғанын атап өтті

Қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасады. Көкпар федерациясы

Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес

Жеңімпаз болған қазақ көкпаршылары қанша сыйақы алады?

Бүгін жерлестеріміз көкпар сайысында қырғыздардан басым түсті

Көкпардан Қазақстан құрамасы чемпион атанды

Ойын өте тартысты өтті