Рухани жаңғырудың бір жобасы даумен жабылып жатыр

Malim Админ

  • 06.01.2021

2017 жылы 12 сәуір күні экс-президент Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын жариялаған болатын. Онда рухани жаңғыру бойынша негізгі бағыттың бірі болып «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аталған еді.

«...қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.

Оның мәні мынада:

  1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.
  2. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.
  3. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.

Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз? 

Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз.

Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге не­ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз» деген болатын Назарбаев.

Осы жобаны іске асыру «Ұлттық аударма бюросы» тапсырылған еді. 2020 жылдың соңында әлеуметтік желіде осы жобаға байланысты әртүрлі әңгіме тарады. Жабылады деді, жабылмайды деді.

Бүгін бюро басшысы Рауан Кенжеханұлы «Ұлттық аударма бюросының» жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін қысқартып жатқанын айтты. Бюро басшысының сөзіне қарағанда, Білім және ғылым министрлігі бюроның атқарған жұмысын қабылдап алмаған. Нәтижесінде ақша да аударылмаған. Алда сот болады. "Ұлттық аударма бюросы" шетелдік авторлар мен аудармашыларға, редакторларға ақша қарыз болып қалған.

«Құрметті қауым!

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы мазмұндық жағынан аяқталды. Әлемнің ең жақсы деген 100 оқулығы қазақ тіліне аударылды, әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына жеткізілді. Оқулықтардың электронды нұсқаларын OpenU.kz порталынан еркін оқуға болады. Олардың негізінде дайындалған 200 видео курс та аталған порталда ашық тұр.

Бұл жұмыстың қандай жауапкершілікпен, нендей талаппен, қандай зор еңбек арқасында орындалғанын жобаға қатысқан жүздеген әріптесіміз жақсы біледі.

«Ұлттық аударма бюросы» осы жұмысқа жауапты ұйым ретінде мемлекет алдындағы міндетін толық орындады. Аударма мен баспа сапасына, кітаптарды жеткізу мерзіміне қатысты бізге қояр кінә жоқ.

Бұлортақ жұмыстың нәтижесі, осы жобаға атсалысқан аудармашылар, ғалымдар мен редактор мамандар, корректорлар мен беттеушілердің, бізбен бірге еңбек еткен баспаханалар мен студия мамандарының қажырлы еңбегінің жемісі. Ол үшін барлық әріптестерімізге алғыс айтамыз, ризашылық білдіреміз.

Алайда, арадағы шарттың талаптарына сәйкес толық орындалып, тапсырылған жұмысты Білім және ғылым министрлігі қабылдап алмады. Жұмыстың ақысы төленбеді. Осыған орай, «Ұлттық аударма бюросы» шартта көрсетілген заңды талаптарын алға тартып, сотқа жүгінді.

«Ұлттық аударма бюросы» ондаған шетелдік автор мен құқық иеленуші баспалар, бірнеше ірі баспахана және бәрінен бұрын жүздеген аудармашы мен редакторларға қаражат берешек. Алғашқы кезекте жұмысқа атсалысқан мамандар алдындағы қарыз төленеді. Оның негізгі бөлігі өтелді.

Еліміздегі заңның билігі, соттың адалдығы рас болса, сөзіміз расталып, еңбегіміз өтелуі тиіс. Оған кәміл сенеміз.

Бүкіл қоғам көз тіккен үлкен жұмыс о бастан көпшіліктің назарында. Қазір де әлеуметтік желіде түрлі талқы жүріп жатыр. Шын мәнінде анық-қанығын білгісі келетін адамға ұғынықты жауаптар әлдеқашан берілді. Жұмыстың есеп-қисабы талай рет қаралып, тексерілді. Тәртіп пен заңның бұзылмағаны дәлелденген. Бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз. Сондықтан сабыр сақтап, ақ-қарасын ажыратуды сотқа тапсырдық.

Осыған орай, «Ұлттық аударма бюросы» әзірге шығармашылық жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр.

Шығармашылық ұжымға, елдік жобаға жанашыр барша қауымға рахмет айтамыз!» деп жазды фейсбук парақшасын Р. Кенжеханұлы.

Осылайша рухани жаңғырудың  бір жобасы жабылды. Жобаның жабылуына "Ұлттық аударма бюросының" жұмысын қабылдап алмаған Білім және ғылым министрлігі кінәлі болып шықпасын...

Байланысты жаналықтар

Назарбаевтың ұлттық жобасы «Рухани жаңғыру» күшін жойды

31.07.2023

«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз

28.01.2021
MalimBlocks
Назарбаевтың ұлттық жобасы «Рухани жаңғыру» күшін жойды

Үкімет «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының күшін жоюды жоспарлап отыр.

«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз