«Рухани жаңғырудың» жобасы емеспіз

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 28.01.2021

Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын фейсбук парақшасында: «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға, нақты міндеттерін шешуге бағытталған өңірлердегі ең үздік жобалар жинағын жасақтады» деп сүйінші сұрап, екі жобаны үздік деп танығандарын жазды.

«Жақсы жаңалық, достар!

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға, нақты міндеттерін шешуге бағытталған өңірлердегі ең үздік жобалар жинағы жасақтады.

Аталған үздік жобалар жинағына Қарағанды облысының «Ұлтқа қызмет» және «Qasym кitaphanasy» үздік деген бағаға ие болып, енгізілді.

...«Qasym кitaphanasy» жобаның мақсаты: балалар мен жасөспірімдерге қазақ авторлары жазған шығармалар мен шетел жазушыларының қазақша аудармаларын түгендеу, бір топтамаға біріктіру.

Бүгінгі таңға дейін 13 кітап басылып шығарылды. Жыл сайын 52 кітап шығару көзделуде. Бүгінгі күнге: «Менің атым Қожа», «Гауһар тас», «Қар қызы», «Теңіз қорқауы», «Қылау», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Қамбар батыр», «Ит жүрегі», «Әке», «Ергежейлер еліне саяхат», «Арпалыс 1,2,3», «Ескек жел», «Кішкентай шахзада», «Үш ноян» кітаптары жарыққа шықты.

Бұл жоба «Natige» ЖШС директоры Ерлан Әшімнің демеушілігімен қаржыландырылғандығын атап айту керек», - деп жазды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Бұл «сүйінші» хабар «Qasym баспа үйінің» ЖШС құрылтайшыларының бірі, шығармашылық директоры Арман Әлменбеттің наразылығын тудырды. Ерлан Құсайынның хабарламасына: «Ерлан Әшім тек қана демеушілік жасағандай жазғансыздар ма, қалай? Оны істеген де өзіміз ғой. "Qasym баспа үйі". "Рухани жаңғырудың" не қатысы бар бұл жерге?» деп пікір қалдырды.

Оған Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын: «Арман бауырым, бұл жоба сіздердің еңбектеріңіздің жемісі екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Жалпы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Аталмыш жоба осы мақсатты көздегендіктен әрі облысымызда жүзеге асырылып жатқандықтан басқа да игі істермен қатар жылдық ақпаратта ұсынылған болатын. Үздіктер қатарына еніпті. Осыған құтты болсын айтып, сүйіншілеп, қуанышымызды бөлісіп жатырмыз)

Бірге болайық» деп жауап берді.

Бірақ хабарламасының мәтінін оқысаңыз, «Біз ұсындық. Жеке жоба» деген сөз жоқ. Құдды өздерінің идеясын Ерлан Әшімнің демеушілігімен өздері іске асырып жатқандай жазған.

[caption id="attachment_11049" align="alignleft" width="300"] Арман Әлменбет[/caption]

«Qasym баспа үйінің» ЖШС құрылтайшыларының бірі, шығармашылық директоры Арман Әлменбетке хабарласып, мән-жәйды сұраған едік.

Ерлан Құсайынның хабарламасына: «Ерлан Әшім тек қана демеушілік жасағандай жазғансыздар ма, қалай? Оны істеген де өзіміз ғой. "Qasym баспа үйі". "Рухани жаңғырудың" не қатысы бар бұл жерге?» деп пікір қалдырыпсыз. Сонда сіздер шығарып жатқан кітаптардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысы жоқ қой?

Күзде ме, "Рухани жаңғырудан" хабарласып, жоба туралы сұраған. Мен айтып бердім. Үздік жоба ретінде ұсынамыз дегенді де айтқан болуы керек. Бірақ мынадай қылып, "Рухани жаңғырудың" таңбасы қойылған, мәтіні екіұштылау жазылған нәрсеге шығып кетеді деп кім ойлаған.

Кітабы шыққанда, біз көруін көрдік. Бірақ бірнәрсе деуге ұялдық.

Енді фейсбукқа шығып отыр. Оның астында Қарағандының "Рухани жаңғыру" мекемесін құттықтаған пікірлер жүр.

Біз – мақсаты бар, жоспары бар, кішігірім бюджеті бар командамыз ғой. Позиция иемдену деген нәрсе бар. Әрбір компания, мекеме туралы адамдардың түсінігі қалыптасады. Түсінік неғұрлым дұрыс қалыптасса, соғұрлым жақсы.

Біз "Рухани жаңғырудың" жобасы ретінде адамдардың санасында орнағымыз келмейді. Өйткені, "Рухани жаңғыру" бізге хабарласып, жоба туралы сұрағаннан басқа зәредей қатысы болған жоқ.

Ерлан Құсайын 13 кітап шығардық депті. Сіздердің тұрақты клиентеріңіз ретінде одан да көп кітап шығарғандарыңызды білемін. Бүгінге дейін неше кітап шықты? Және Ерлан Әшім тек қана демеуші ме?

Осы уақытқа дейін 24 кітап шығардық. О бастағы қаржыландыру және әлі күнге дейін жаңа кітаптарды қаржыландыру тек қана Ерлан Әшім тарапынан болып келе жатыр. Ол кісі де, мен де – "Qasym баспа үйінде" құрылтайшымыз. Мен бір жағы шығармашылық директормын. Ол кісі екеуімізден басқа 20 шақты адам қаламақыға, кейбірі айлыққа еңбек етіп жатыр. Ара-тұра араласатын адамдарды қоссақ, одан да көп.

Басқасын былай қойғанда, сол командадан да ұят. Үндемей қояйын десең.

Қысқартып айтқанда, "Рухани жаңғырудың" бұл жердегі еңбегі – жобалар туралы буклет дайындап, соған бізді қосқаны ғана. Айыбы – жобаны Ерлан Әшім тек қана қаржыландырғандай ғып көрсеткені. Кім істегені айтылмаған. Ал кітаптың сыртында Рухани жаңғырудың жобалары деп тұр. Не деуге болады?

– Ерлан Құсайын: "Қасым кітапханасы" жобасы бойынша жарық көретін кітаптар тізіміне ұсыныстарыңыз болса айта отырыңыздар» деп пікір қалдырыпты. Жалпы сіздер авторларды қалай таңдайсыздар? Және оған облыстық ішкі саясаттың қатысы бар ма?

– Жаңа айттым ғой, басында бұл кісілердің кітапшасы шыққанда қайран қалдық деп. Сөйтсем, ол әлі "кәнсерттің" басы екен ғой. Одан бағана фейсбуктағы постты көріп, таңғалып едім. Сөйтсем, ол да жай екен. Мына сіз айтып отырған коментті тіпті кейін көрдім. Бұл енді...

Айналайын-ау, басшылықта отырған адам біреудің жобасына араласуға хақысы жоқ екенін түсінетіндей сауаты болмаса да, аздаған ұяты болуы керек емес пе? Бұрын ұят-ау, аят-ау демейді деп бір кісілерге әжелеріміз таңғалып отыратынын көруші едік. Осындай адамдарды көріп айтады екен ғой.

Ал, автор таңдау – біздің құрылтайшылар арасында шешілетін мәселе. Оған сырттан ешкім араласқан емес, араласпайды да.

 

***

Жобалар туралы буклет шығарып, үздіктерді анықтауға тырысқан Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұловқа да хабарласып, «Qasym баспа үйінің» жобасы қалайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобасы боп кеткенін сұрадық.

[caption id="attachment_12011" align="alignleft" width="300"] Айтбай Жұмағұлов[/caption]

– Өткенде «Рухани жаңғыру» институтының басшылары келген. Сол кезде Ерлан Әшім де болды. Сонда өзі сол жерде айтқан.

Мен біреудің ақысын жемеймін. Өзі де солай айтып жүр.

– Ерлан Әшім өзі: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында істеп жатырмыз» деді ме?

– Жоқ, «Рухани жаңғыру» аясында емес.

Ол өзі бағдарлама ғой. Шындап келген кезде, бар дүниені заманға сай, қоғамға сай жаңартып жатыр ғой. Біздің мақсатымыз да осы деп айтқан. Оны Арман Әлменбетке де айтқам...

«Нәтиже» фабрикасына барғанда, Ерлан өзі шығарған кітаптарды көрсетіп, бағдарламаның аясында дегенді өзі айтты. Басшыларға кітаптарын сыйлады.

– Қай басшыға?

– Букенова деген әйел кісі бар. Соған 15 кітап сыйлады. Ол кісі: «Мынаны министр Балаева айтамын» деді. Олар барды да, соны айтты. Министрлік «Қасым сериясы» руханиятқа үлес қосып жатыр деп сол кезде жазған. Жазда.

– Иә, руханиятқа үлес қосып жатыр ғой. Бірақ «Рухани жаңғыру» деген арнайы мекемесі бар, мемлекеттен қаржыландыратын жоба. Ал бұл жобаның (Қасым сериясының) оған түк қатысы жоқ қой?

– Енді ғана ақша бөлініп жатыр. Бұған дейін бір тиын ақша бөлінген жоқ. Өзіміздің азаматтығымызбен істедік. Мекеме боп енді ғана құрылып жатырмыз.

***

Екі тараптан алған жауабымыз осылай. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел игіліне жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік. Бірақ оны біздің шенеуніктер дұрыс пайдалана алмай жатқандай. Әлемнің үздік кітаптары мен оқулықтарын қазақ тіліне аударып жатқан «Ұлттық аударма бюросының» да жұмысын тоқтатты. Енді өзгелердің жұмысын иемденіп отыр.

Гофманның құртақандай Цахесі еске түседі. Естеріңізде болса, Цахестің басынан фея сипап кетеді. Сол үшін өзгелердің жақсы әрекеттерінің бәрі Цахестің әрекеті боп көрінеді. Ал «Qasym баспа үйінің» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобасы боп көрінетіндей олардың басынан кім сипап кетті екен?..

Оқи отырыңыз: Рухани жаңғырудың бір жобасы даумен жабылып жатыр

Байланысты жаналықтар

Ақмарал Науатбекке үш бөлмелі пәтер сыйға берілді

19.09.2024

Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам – журналист

10.09.2024

Астанада қарбалас уақытта жүк көліктерінің жүрісі шектеледі

28.08.2024

Нұрбек Оралбай да әкімнен сыйлыққа көлік алды

21.08.2024

Астанада Euronews Орталық Азия хабы ашылады

15.08.2024

Ферроқорытпа зауытында күйіп қалған тағы бір қызметкер қайтыс болды

24.07.2024
MalimBlocks
Ақмарал Науатбекке үш бөлмелі пәтер сыйға берілді

Қаржылай сыйлық та берілген.

Мақпал – ішкі еркіндік пен сана бостандығына шын көтерілген адам – журналист

Әншіні сөккендер де, оған қолдау көрсетіп жатқандар да жетерлік

Астанада қарбалас уақытта жүк көліктерінің жүрісі шектеледі

Шектен асқан көлік жүргізушілері айыппұл төлейді

Нұрбек Оралбай да әкімнен сыйлыққа көлік алды

Жеңіс Қасымбек Land Rover Defender автокөлігінің кілтін табыстады

Астанада Euronews Орталық Азия хабы ашылады

Қажетті құжатқа қол қойылды

Ферроқорытпа зауытында күйіп қалған тағы бір қызметкер қайтыс болды

25 жастағы Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы ферроқорытпа зауытында технолог болып жұмыс істеген