Ермахан Ыбрайымов: Мен титушка емеспін

  • 11.01.2021
  • Елнұр Бақытқызы

Сайлау күні Алматыдағы Республика алаңында полиция жасағы "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының мүшелері және Жанболат Мамай мен оның жақтастарын қоршауға алып, кеттлинг әдісін қолданды. Осы сәтте алаңда аяқ астынан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов, жазушы Есенғали Раушанов, ақын Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, журналист Қали Сәрсенбай бастаған топ пайда болды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ермахан Ибраимов жастар қоршауына басып кіріп, белсендінің қолындағы плакатты жұлып алып, жыртып тастаған. Malim.kz Е.Ыбрайымов пен алаңда жүрген ақын-жазушыларға хабарласып, олардың алаңға не мақсатпен барғанын сұрап көрді.

Әуелі алаңда белсенділерге тап берген Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымовқа хабарластық. Ермахан Ыбрайымовпен әңгімеміз былай өрбіді:

– Алаңға не үшін бардыңыз?

– Мен сол жерде, орталықта тұрамын. Өтіп бара жатқанмын, сөйтсем, адамдар жиналып тұр екен. Содан не болды екен деп барсам, 5-6 адам жиналып алған. Сөйтіп, "Назарбаев, кет!", "Нұрсұлтанның саясаты дұрыс емес, анау-мынау" деген халыққа іріткі салатын, халықтың бірлігін бұзатын ұрандар айтып тұр. Содан кейін мен Жанболат Мамайды танимын ғой, "Жанболат, сөйлесейік, сендер неге елді арандатып жүрсіңдер? Неге елдің арасына іріткі салып тыныштығымызды бұзғыларың келіп жүрсіңдер?" деп айтайын десем, әйелдер: "Жоқ, кетіңіз! Ермахан "Нұр Отанның" торпедасы" деп қорлайтын сөздер айтты. Содан кейін мен "жарайды, сендер халықты біріктіріп жатқан ешқандай жұмыс істей алмайды екенсіңдер" дедім де, бұрылып кетіп қалдым.

– Алаңға жазушы Есенғали Раушанов,  ақындар Маралтай Райымбек, Бақыт Беделхандар да барыпты. Барлықтарыңыз алаңға бірге бардыңыздар ма, әлде бұл кездейсоқтық па?

– Жоқ, ол кездейсоқ. Мен сол жерде тұрамын. Айқай-шу болып жатқан соң, не айқай болып жатыр деп ойлағанмын ғой. Басу айтуға бардым. Сендер Nur Otan партиясының саясатына, Нұрсұлтан Әбішұлына неге қарсы шығып жатырсыңдар, неге дөңгелек үстелге отырып өз пікірлеріңізді айтпайсыздар?" деп айтайын дегенмін. Сөйтсем "анау-мынау" деп мені, Олимпиада чемпионын қорлады. Олар енді ешқандай сауатсыз  адамдар екенін көрдім де, сонымен бұрылып кетіп қалдым. Сөйтсем, әлеуметтік желіде біраз нәрсені жазып жіберпті. Мен оған оншалықты назар аудармаймын.

– Сіз алаңда белсенді бойжеткеннің плакатын жыртып, соққыға жықты деген рас па?

– Жоқ, оның бәрі өтірік әңгіме. Соны егер ары қарай дамытатын болса, мен оларды психологиялық-моральдық қорлағаны үшін сотқа беріп, 5 миллион айыппұлға көндіртемін.

– Сіз "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының мүшесі Айсана Әшімнің қолынан плакатты жұлып алып, жыртып тастадыңыз ғой?

– Плакатты маған бетіме қаратып "былай-былай" деп жатты, ашуым шыққан соң, плакатын жұлып алдым да, жыртып-жыртып, жерге таптап тастадым.

– Бұл жастар сайлау күні өз қарсылықтарын білдірді. Конституция бойынша, азаматтардың наразылық акциясына, бейбіт шеруге шығуға құқығы бар. Конституция сөз бостандығына да кепілдік береді. Неліктен өз құқықтарын, еркін білдіріп, бейбіт шеруге шыққан жастарға барып кедергі келтірдіңіз?

– Олар құқығын білдіргенде, көрдіңіз ғой пікірінің қандай екенін. Елдің арасына іріткі салып, елдің тыныштығын бұзып, Беларусьтегі жағдай бар, Қырғызстандағы айқай-шу бар, тура сондай жасамақ ойлары бар олардың.

– Олардың Ата заң бойынша бейбіт шеруге, митингіге шығуға, пікірін білдіруге құқығы бар. Сонда оған қарсысыз ба?

– Кімдердің? Аналардың ба?

– Иә, "Oyan, Qazaqstan" мен Жанболат Мамай бастаған Демпартия мүшелерінің.

– Nur Otan партиясының мүшесі ретінде оған қарсымын, өзінің пікірін білдіруге.

– Кеше ол жастарды 7-8 сағат бойы аязда арнайы жасақ қоршап тұрды, белсенділер не тамақ іше амады, не дәретханаға бара алмады. Сіздің ойыңызша, бұл дұрыс па?

– Мен кетіп қалдым, ар жағында не болғанын білмеймін.

– Сіздің жеке азамат, мәслихат депутаттығына кандидат ретінде бұл туралы пікіріңіз қандай?

– 6-7 сағат тұрса, олар тұрғысы келді ғой, дайындалып келген шығар сол жерде тұруға.

– Оларды арнайы жасақ қоршап алып, шығармай тұрды ғой. Шығайын десе жасақтан шыға алмай тұрды.

– Кетеміз, тараймыз десе, жібереді ғой, неге жібермейді?! Олар тұрғысы келгеннен тұрған шығар. Оларды кім қинап тұрды?!

– Арнайы жасақ қинап тұрды. Ақыр аяғы жедел жәрдем шақырып, полиция құрсауынан шыға алды.

– Меніңше, ондай әңгіме болған жоқ. Ешкім ешкімді қинаған жоқ. Өздерінің тұрғысы келді.Өздерінің құқығы бар тұруға. Сол құқығын қолданды. Кетемін десе, кім оны жібермей тұрып алады? Жібереді.

Malim.kz алаңда жүрген ақын Маралтай Райымбекұлына телефон шалды. Тұтқаны көтерген Маралтай Райымбекұлы "сәл салқындап, ауырырып қалдым, ем алып жатырмын" деді. "Алаңға барып салқындап қалдыңыз ба?" деген сұрағымыздан соң ақын телефон тұтқасын қоя салды.

Алаңда төбе көрсетіп, сынға қалған жазушы Есенғали Раушановқа 12 рет телефон шалдық. Есенғали Раушановтың телефоны бірнеше рет бос болмады, артынша қоңырау барғанымен, жазушы телефон тұтқасын көтермей қойды. Кейін телефонын тіпті өшіріп тастады.

Алаңда жүрген "Алматы ақшамы" газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай бірден телефон тұтқасын көтеріп, сұрағымызды естіген соң жиналыста екенін айтып, кейінірек хабарласуды сұрады. Алайда журналиске бірнеше сағаттан кейін төрт мәрте хабарлассақ та, ол телефон тұтқасын сол бойы көтермеді.

Материалды көшіріп басуға болмайды!

 

Байланысты жаналықтар

Грузияда дәрі іздеп сабылған жұрт жоқ

06.07.2020

Біз енді орыстар жазған тарихты оқымаймыз

30.12.2020

Екі баласын көлік қағып кеткен ананың зарын Баталов ести ме?

01.06.2020

Батыр Жүкембаев: «Қазақ жанкүйері сүрінсең, таптап өтеді»

29.07.2020

"Қуаттай батырларға Бекболаттай жыраулар аға боп жүретін"

15.09.2020

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021