Әкім сайлауының түйткілдері

Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру Тәуелсіздік алған тұстан бері айтылып келеді. Бірақ, сеңжүріс биыл басталғандай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселені оқшау атап өтіп, саяси жүйені трансформациялаудағы қадамдарды айқындауы еліміздің барлық саяси инстиуттарына жаңа серпін беріп отыр.
Әкімдердің бұдан былай тағайындалмай, сайлануы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдағы өзгерістерде бекітілді. Түпкі масқат – әкімнің ең алдымен жергілікті халық алдындағы есептілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету. Әкім төрт жыл мезгілге тікелей өзі тұратын елді мекеннің жұртымен сайланатын болады. Биылдан бастап аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жүйесі жүзеге аса бастайды.
Жергілікті атқарушы билікті сайлауға еліміз бірден кірісіп отырған жоқ. 2021 жылы Қазақстанда ауылдық округтер, кенттер менн ауылдардың әкімдерін тұрғындар өзі сайлай бастаған болатын. 2023 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланғанын атап өткен. Ал биыл бұл көрсеткіш 97% жетіп отыр.
Сарапшылар, әкімнің жергілікті тұрғындар алдындағы тікелей жауапты болуының маңызы әсіресе локалды проблемалар кезінде айқын көрінеді дейді. Мысалы, былтыр су тасқыны кезінде жергілікті әкімдердің жауапкершілігі апаттың алдын алудағы маңызын айшықтады. Дегенмен, тағайындау институтының жақсы жақтарын да жоққа шығаруға болмайды. «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботаревтің айтуынша, Астанадан немесе басқа облыстардан келген әкімдер кей жағдайда жергілікті проблемаларды байырғы тұрғындардан шыққан әкімдерге қарағанда жақсы шешкен. Былай қарасаң, туып-өскен жерін, көрші-көлем, дос-жарандарын беске білетін тұрғыннан тағайындалған әкім әлдеқайда мықты болуы тиіс сияқты. Керісінше жағдайлар да кездеседі: қалалық, облыстық деңгейдегі үлкен тәжірибесі бар басқарушылар кішкентай елді мекеннің мәселесін шеше алмай жатады. Сарапшы Андрей Чеботарев мұндай келеңсіздікті «Жергілікті өзін өзі басқару» туралы заң арқылы реттеуге болар еді дейді. Мұндай заңда түрлі деңгейдегі әкімдердің өзара әрекеттерін нақты жазып қойса, әкім шағын елді мекен үшін тіпті төзімсіз бюрократиялық шырғалаңдардан құтылып, уақытын нақты істерге арнайтыны анық. Әйтпесе жергілікті әкімді орталыққа ымырашылдық принципімен таңдау жалғаса беруі мүмкін.
Жергілікті халық сайлаған әкімдердің саяси сауаты да күрделі мәселе болып отыр. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілінің мардымсыздығы немесе тәжірибесінің тіпті болмауы әкімнің меморгандармен қарым-қатынасын қиындатып қана қоймай, өзінің жауапты жұмысын заң шеңберінде жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін. Сарапшы Әмірлан Нұрғазин бұл олқылықты әкімнің өз міндеттерін атқаруға жеткілікті білік беретін арнайы дайындық курстарымен толтыруға болады дейді. Бірақ, мемлекеттік қызмет тәжірибесі әкім лауазымынан үміткердің бәрібір артықшылығы болуы тиіс.
Бұл жерде халықтың да саяси белсендігі артып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. 2023 жылдың 5 қарашасындағы сайлауда аудан және облыстық маңыздағы қалалардың әкімдерін сайлауға дауыс беруге құқы бар азаматтардың 62.8% қатысты. Қазақстандық азаматтардың бейтараптық абсентизмнен азаматтық белсендікке қарай ұмтылысы осы және кейінірек өткізілген референдумнан көрініп тұр.
Жергілікті өзін өзі басқару халқымыздың дәстүрлі жүйесі болғандықтан, елді мекен әкімдерін сайлау электораттың табиғатына жақындығы да айтылып жүр. Ұлы Далада демократиялық жолмен өзін өзі басқару бұрыннан болғандықтан, кейбір деректер бойынша, қауым өкілдері арқылы билікке нұсқау беру жүйесі кейін «Алашорда» құжаттарында да көрініс тапқан екен.
Әкім сайлауын орталықсыздандырудың жалғыз тетігі деп қарастыру дұрыс болмас еді. Қоғамның барлық институттары өз ішінде жекелеген азаматтардың үніне құлақ асатын механизмдерді күшейте беруі тиіс. Мысалы, әлемдегі соңғы оқиғаларға байланысты аймақтық қорғаныс мәселесі алға шығып отыр. Қазақстан жері қандай байтақ болса, оны қорғау да сондай күрделі іс. Қақтығыстардың жаңа парадигмасы енді жергілікті күштердің өз бетінше шешім қабылдауының маңызын арттырды. Осыған орай, президентіміз биыл аймақтық қорғаныс туралы заңға қол қойды. Мұндай айқын заң жергілікті күштердің өз бетінше шешім қабылдай отырып, тап сол уақытта мемлекеттік мүдделердің мансұқталмауын қамтамасыз етеді. Ол үшін заңға жаңа түсініктер де енгізілді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл заң орталыққа жүктемені азайтады.
«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашевтің пайымынша, бұл орайда жергілікті мәслихаттардың да рөлі артады. Себебі, жергілікті атқарушы органдардың кейде асыра сілтеуге, көзбояуға бейімдігін ешқайда ысырып қоя алмаймыз. Сарапшы бұл орайда кезінде арнайы комиссияның, миллиондаған ірі қара мен ұсақ малдың тек қағаз жүзінде болып шыққанын алға тартады. Тексере келгенде, мұндай есеп бөлінетін субсидиялар үшін ойлап табылған. Сондықтан, әкім сайлауына қоса, жергілікті қоғам тарапынан бақылау мәселесі де күн тәртібіне шығып отыр.

Ең көп оқылған
