Халық саны бір жылда 235 мың адамға өсті

  • 12.02.2020
  • Malim Админ

Халық санының өсіп жатқанын көргенде, басқаны қайдам, қазақстандықтар қатты қуанатыны сөзсіз. Өйткені, «қазақпыз – азақпыз» деп сөйлейтін ел үшін әр туған сәби – үлкен қуаныш. Әрине, көрсеткіштер әртүрлі, бірақ, аз болса да халық санының тұрақты өсімі бар екенін көргенде еңсең көтеріліп қалады. ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейханов 6 миллион болдық деп қуанып еді. Демографтар табиғи өсім бұзылмағанда, қазақтар ашаршылыққа, қуғын-сүргінге ұшырап, 1941-1945 жылдар аралығындағы соғыс болмай, табиғи өсім сақталғанда қазір 60 миллионның үстінде отырар едік дейді. Жаны бар сөз. Әйтсе де, жоққа кім жеткен, Тәуелсізджік алған жылдары керісінше, азайып кеткен халық саны әупірімдеп тұрақтады, енді міне, соңғы жылдары өсіп жатыр. Айталық, 2013 жылы халық саны 17 миллион болса, араға төрт жыл салып 2017 жылы 18 миллионыншы қазақстандық өмірге келді.

Халық санының өсіміне ерекше мән беріп отырған жұрт 2013-те туған Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Сайрам ауданында өмірге келген 17 миллионыншы қазақстандық Алтынбек Есқараны да, 2017 жылы дүние есігін ашқан Муслима Саматқызы атты бүлдіршінді де жақсы таниды. Бір бірінен сүйінші сұрасып, ерекше қуанған. Және, 4 жылда бір миллионға өскен қазақстандықтар 2020 жылы 19 миллион боламыз деп те желпінген. Сонымен, жаңа жыл өтті, қаңтардың өзі орталады, қанша болдық? Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті не дейді? Қарап көрейік.

Статистика комитетінің мағлұматы бойынша 2019 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш 18 611,1 мың қазақстандық азаматты құрайды. Бұл 2018-дің 1 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 234,9 мың адамға артқанын байқатады. Бір жылда 1,3 пайызға өсіппіз. Бұл аз ба, көп пе деген мәселеге кейінірек тоқталармыз, әзірге анығы – қалалықтар санының артуы. Соңғы жылдардағы жұрттың жаппай қалаға көшіп, урбанизацияның көп жүргенін ескерсек, бұл заңды да. Сөйтіп, жыл қорытындысы бойынша қала халқының көрсеткіші – 58,4 пайыз, ауыл халқы 41,6 пайызға сәйкес келеді. Демек, қала халқының саны өсіп келеді. Әрине, халық санының негізгі бөлігін қамтып отырған  – Алматы облысы, Түркістан облысы және Алматы қаласы. Биыл миллион тұрғыны бар қалалар қатарына қосылған Шымкент қаласы мен Елорданы да есепке алу керек. Бір айта кетерлігі, биылғы ең көп өсім ел астанасында байқалған. Бұған дейін астанада «адамнан үй көп деген» көзқарасты жоққа шығаратын бұл көрсеткіш елдің орталыққа қарай көптеп ойыса бастағанын көрсетеді. Өйткені, адам саны тек туу көрсеткіші бойынша емес, көші-қон арқылы да артып отыратыны түсінікті. Астаналықтар саны ­­­– 61,7 мың адамға артса, екінші орында оңтүстік астана Алматы қаласы тұр – 57,8 мың адамға көбейген. Үшінші орында, әрине, Түркістан облысы. Бұрынғы облыс орталығы шымкентті бөлек есептегеннің өзінде бұл облыс үштіктен түспепті – 38,4 мың адамға көбейген. Ал, өсім аз өңірлерге, әрине, солтүстік жақтағы облыстар жатады. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары жаппай тарихи отандарына көшкен өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі осы солтүстік өңірлерге тиесілі екенін ескерсек, қазіргі таңда бұл өңірлердің өсу көрсеткішінің төмен болуын түсінуге де болады. Дегенмен, соңғы жылдары (2013 жылдан бастап) «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғындарды оңтүстіктен солтүсікке көшіру жұмыстары басталғаны белгілі. Бұл белгілі бір деңгейде өзінің жемісін де берді деуге болады. Дегенмен, әлі де болса ерікті түрде көшіп барушылар қарасы аса көп деп айтуға келмейді. Дегенмен, үй мәселесі, тұрақты жұмыс мәселесі н шешіп беруді тездетсе, бұл тараптағы жұмыстар әлі-ақ қыз-қыз қайнайды деп болжауға болады. Әйтпесе, 1989 жылғы көрсеткішіне 2009 жылы ғана қайта жақындаған Қазақстанның халқы солтүстік өңірлерді жек көргенінен бос қалдырды дейсіз бе...

1989 демекші, Совет одағы құрамындағы Қазақстан халқының саны 16 миллион 232 мың 324 адам болса, 1999 жылғы халық санағында 14 миллион 981 мың 281 адамға түсіп кеткен. Мұның себебін басында айттық – көші-қон мәселесі. 1979 бен 1989 жылдың аралығында 2 миллионға жуық өскен халық саны 1999 жылы екі миллионға жуық түсіп кеткен. Демек, Қазақстан хылқының саны 20 жыл бойы бір деңгейде тұрып қалғандай әсер қалдырады. Қараңыз, 1979 жылғы халық саны – 14 709 508 болса, 1999 жылғы халық саны – 14 981 281 адам. Тура есебін шығарсақ, 20 жылда бар болғаны 271 773 адамға өскен болып шығады. Міне, осы 1999-дан бастап қайтадан өсе бастаған халық саны араға 10 жыл салып 1989 жылғы көрсеткішке жақындайды – 16 009 597. Енді, тағы бір 20 жылдықты есептесек, 1989-дан 2009-ға дейінгі аралықта халқымыздың саны 222 727 адамға азайып кеткен. Азайған! Демек, 2013 жылғы көрсеткіш ұзақ күткен ең үлкен жаңа меже. 1989 жылы 16 миллионнан еркін асып кеткен Қазақстанның халқы араға 24 жыл салып барып 17 миллионға жетіпті. 2009-дан 2013-ке дейін 4 жыл ішінде 1 миллионға көбейген еліміз келесі миллионды да төрт жылда игеріпті. Ендігі мәселе 2020-дағы санақтан соң белгілі болады. Дегенмен, қазіргі өсу көрсеткішін ескерсек, 2021 жылы төрт жылдық көрсеткішті қайталауға болатын секілді. Демек, ендігі есеп әр төрт жыл сайын миллионға өсіп отырады деп болжауға болады. Бірақ, осы тұста айта кетер тағы бір мәселе бар: халық саны негізінен туу көрсеткіші мен сырттан келген ағайынның есебінен артатынын ескерсек, соңғы 4-5 жылдағы Қытай саясатының өзгеруі салдарынан тоқтап қалған атажұртқа оралғандар санының азайып кетуі халық санының өсімін әжептәуір тежегенін байқауға болады. Әйтсе де, сырттағы қазақтарды елге көшіру саясатын күшейтіп жатқан Қазақстан азаматтық беруді жеңілдетіп, оралмандарға берілетін жеңілдіктер қатарын арттырып жатыр. Демек, сырттағы саясат кедергі болмаса атажұртқа оралатындар саны арта түседі деп үміт етуге болады.

2020 жылы ресми халық санағы жүретіні белгілі. Бұл науқан да біз күтпеген жаңа көрсеткіштер тіркеуі мүмкін. Күтпеген жаңалықтар тек жақсы жағынан болады деп үміттенейік. Әзірге белгілісі, 10 875,7 мың қалалық, 7735,4 мың ауылдық азаматы бар Қазақстан халқының саны өсу үстінде. 20 жылда 223 мың адамға азайған ел үшін бір жылда 235 мың адамға көбею де әжептәуір жұбаныш. Соңғы жылдары қолға алынып жатқан әлеуметтік көмектер мен жұмыспен қамту сияқты мемлекеттік бағдарламалардың көбейіп  келе жатқанын ескерсек, өсу тұрақтылығы өсе түседі деп сенуге болады.

Байланысты жаналықтар

ASSYLTAS қоры жүздеген отбасыға көмек көрсетті

29.04.2020

Аналар босану үшін 500 шақырым жол жүреді

26.02.2020

Президент Алғыс айту күнімен құттықтады

01.03.2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау және қаржылық тәртіп мәселелері

06.02.2020

Әкім "Каспий голд" нөмір жазып, ақша жинап жатыр

07.09.2020

Әкім Сқақов: Павлодар аты өзгермейді

06.02.2020