Боди-массаж дауы: полицей жеңіліп қалды

Руслан ЕРБОТА

  • 21.01.2021

Алматы қаласы Медеу ауданы №2 соты экс-полицейдің боди-массаж салоны қызметкерлерін қылмыстық жазаға тарту ісіне қатысты шешім шығарды.  Естеріңізде болса, былтыр боди-массаж салонындағы қызметкерлермен жағаласып жатқан видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен соң, алматылық полиция қызметкері басы дауға қалып, мемлекеттік қызметкердің этика кодексін бұзғаны үшін жұмыстан қуылған еді.

Алайда, экс-полицей  К.Анашов бұл істі орта жолда қалдырмайтынын мәлімдеп, сотқа жүгінген еді. Оның айтуынша, интернеттегі телефон нөмірі арқылы байланысқан салонға арқасына массаж жасатуға барған және ақшасын салонға кіре берісте төлеген. Бірақ, массаж жасайтын жерде одан тір жалаңаш шешінуді сұраған, боди-массаж жасалатынын айтқан. Бұндай жағдайға дайын болмаған полицей ақшасын қайтарып беруді өтінген. Алайда, салон қызметкерлері ақшасын қайтарып бермеу үшін шу көтеріп, видеоға түсіріп, қоқан-лоқы көрсетіп, оны әлеуметтік желіде таратып жіберген.

Сонымен, жер үйді жалдап алып салонға айналдырған, карантин режимін бұзғаны үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған Пулатова мен Китабалиев айыпталушыға айналып, 2020 жылдың 14 шілдесінен тергеуге қамалған. Алматы қаласының адвокаттары М.Ысқақов мен С.Баймолдаевтар айыпталушыға қорғаушы болған. Судья Ұ.Кішібай төрағалығымен өткен сот істі мұқият қарап, экс-полицейдің арызын қанағаттандырмай тастаған. Бір айта кетерлігі, сотта айыпталушының олжасына шешілетін мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.

Дегенмен, Пулатова мен Китабалиев бәрібір жазасыз қалмады. Олардың үстінен бұдан да басқа екі шағым түскен. Олардың бәрі бір сотта қаралған. Қысқа қайырып айтсақ, Пулатова 2019 жылдың соңында бір салонға  жаңадан жұмысқа тұрады. Сосын, бір күні сейфтегі  970 мың теңгені алып кеткен. Осы ақшаға ол әлгі полицей арандаған боди-массаж салонын жалдап алған. Сот Пулатоваға ұрлап алған ақшасын иесіне қайтарып беруге міндетті.

Екінші іс бойынша, Пулатова мен Китабалиев түннің ортасында Төле би мен Достық даңғылының қиылысындағы қонақ үйде екі жігітті ұрып, телефондары мен ақшаларын бопсалап кеткен. Себебі, әлгі екі жігіттің бірі интернеттегі телефон арқылы шақырған жезөкшенің бір сағаттық қызметі -25 мың теңгені төлемеген. Ал жыныстық қызмет көрсетуші көмекке таныстары  Пулатова мен Китабалиевты шақырған екен. Оның соңы ырың-жырыңмен аяқталған. Осындай шатпақ істі жан-жақты қарап шыққан сот Китабалиевтің бас бостандығын  1,6 жылға шектеген. Ал Пулатованы 2 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда, оның 4 жасар қызды жалғыз бағып отырғаны және аяғының ауыр екені ескеріліп, жаза өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Сондай-ақ, 2020 жылдың 14 шілдесінен 2021 жылдың 13 қаңтарына дейінгі тергеуде отырған әр күні екі күн боп есептелетінін жария етті.

MalimBlocks