Мамин тартпаған миллиард долларды Мұтанов қайдан тартсын?..
Күні кеше Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесте экономикалық қауіпсіздікті, киберқауіпсіздікті, ақпараттық қауіпсіздік пен адами капиталдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылды. «Нағыз қауіп – минералды-шикізат ресурстары бағасының құлдырауы емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің төмендеу қаупі. Бұл, бірінші кезекте, білім беруге қатысты. Біз осы сала бойынша дамыған елдерден әлі артта келеміз. Білім мен ілім таяу онжылдықта біздің ұлттық идеямыз болуы керек», – деді тұңғыш президент Н.Назарбаев осы отырыста.
Шынында да бүгінде білім-ғылым саласында қордаланған мәселелердің шаш-етектен екені бесіктегі балаға дейін мәлім болғаны рас. Әсіресе, жоғары оқу орындарындағы былықтар мен өзімбілермендік өркеуде әрекеттер жоғары білім саласын орға жығуға таяп қалғандай. Бұған бір ғана мысал – соңғы кездегі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің төңірегіндегі дау-дамайлар.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші әңгіменің төркіні университет ректорлығын мызғымас тақ санаған Ғ.Мұтановтан басталғаны белгілі. ҚазҰУ-дың ұстаздары бұл ректор университет тізгінін ұстағалы бергі он жылдан астам уақыт ішінде қызметкерлер айлығының инфляцияға байланысты бір де бір рет өсірілмегенін, сыйақы, жәрдемақы т.б. қосымша материалдық ынталандыру дегендердің мүлде ұмытылғанын, осының кесірінен білікті профессорлық-докторлық оқытушылар құрамының жаппай басқа оқу орындарына ауысу үрдісінің әдетке айналғанын айтудай-ақ айтып жүр. Бұрын ғалымдардың ең мықтылары ҚазҰУ-де лекция оқуды абырой санаса, қазір қолдан жасалған сан алуан халықаралық рейтингтердің жетегіне кеткен университеттің маңайына жоламайтындығын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Қараусыз қалған факультет ғимараттары, тозуға айналған оқу корпустары мен жатақханалар да бір кездері азуын айға білеген оқу орнының бүгінгі бейшара хал-ахуалынан хабар беріп тұрғандай үнсіз күрсінеді. Баяғы еденге төселген сұр тас, көк бояу қабырғалар, ескірген жиһаздар құдды бір мұражайды еске салғандай. Осыған қарап бүгінгі университет ректораты соңғы ондаған жылдар ішінде тек ҚазҰУ қалашығына тиесілі жерлерді гектарлап сатып-саудалаумен ғана айналысқан ба деген ойға қаласың. Бұған да себеп жоқ емес. Соңғы кездері университет қалашығына тиесілі жерлерге заңсыз салынған құрылыстар мен қолды болып кеткен ондаған гектар жер учаскелері туралы нақты құжаттарға негізделген ақпараттар легі әлеуметтік желілерде желдей есіп тұр.
Әлдебір орасан дауыл алдында алып кемелердегі егеуқұйрықтардың жанталас қимылға көшетіні тәрізді бүгін ҚазҰУ басшылығы да қауырт іс-әрекеттер атқарып жатқан сыңай танытуда. Естеріңізге сала кетейік, ректор ауысады деген сыбыс шыққанда он жыл бойы креслосын тоздырған Ғ.Мұтанов асығыс әрекет жасап, Елбасы Н.Назарбаевқа арнап орталық ашқан-мыс. «Орталық» деуге ауыз бармайды. Бір ғана дөңгелек үстел мен бірнеше кітап тізе салу орталық құрған болып саналса, әлемдік тұлғаға айналған Елбасының абыройына нұқсан келтірмей ме деп қаласың. Әлде ректор әдейі Елбасының беделін түсіруді мақсат етіп отыр ма? Өйткені келіп-кеткен шетелдіктер аз емес қой.
Шетелдіктер демекші, қайсыбір түрік кәсіпкері Ғ.Мұтановтың өтінішімен ҚазҰУ-ге болашақта 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақшы-мыс деген хабар тарады жақында. Ректордың «болашақта» дегені – «Мені қазір ауыстыруға, не алып тастауға болмайды!» дегеніне саяды. Апыр-ай, «бұл не деген батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық» дейсің еріксіз. Мұндай ғаламат инвестиция ит басына іркіт төгілген кешегі кеңшілік замандарда неге келмеген? Әлде ол кездері Ғ.Мұтанов бастаған университет басшылары оқу орнына тиесілі жерлерді талан-таражға салып, қалтасы тоқ, кеңірдегі майлы болды ма? Бұл да мүмкін-ау. «Суға кеткен тал қармайды» демекші әбден тығырыққа тірелгенде Ғ.Мұтанов шетелден инвестиция тартуға икемділігін көрсетуге осылайша ұмтылып жатқан сыңайлы.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 5 миллиард АҚШ доллар көлемінде екен. Бұл 30 жылдың қарым-қатынастың нәтижесі. Сонда түрік инвесторы қазіргі пандемия кезеңіне қарамай, Түркиядағы экономикалық дағдарыстық жағдайға мән бермей, 1 миллиард доллар көлеміндегі қаржыны ҚазҰУ-ге сала салады ғой дейсіз бе? Әлде өзінің саласымен айналыспай, ылғи да басқа салаларға араласып жүретін ТҮРКСОЙ басшылығы кепілдік берді ме? Онысы бізге беймәлім.
Икемділіктің алуан түрлі тәсілін шебер меңгергендігін Ғ.Мұтанов бұған дейін де талай мәрте танытқан. Айға шапқан арыстандай құдай бермеген қасиетті ақындық өнерге құлаш ұрғаны да бүгін мысқылмен еске алынатын ескі, күлкілі естелікке айналды. Ал ғылым саласындағы қойыртпақтары өз алдына бөлек әңгіменің тақырыбы.
Қалай болғанда да жоғары оқу орындарындағы ректорлық лауазымға кандидаттарды анықтайтын Республикалық комиссияның отырысы өтетін күн жақындаған сайын ҚазҰУ ректораты басшылығында қым-қуыт алашапқын тірліктер көбейіп жатыр. Себебі – бесенеден белгілі. Мансаптан, мансаптан, мансап үйіп-төгіп беріп жатқан майлы мансаптан қалайда айырылып қалмау!
Редакциядан: Қара шаңырақ ҚазҰУ-ге қатысты қазір түрлі сөз тарап жатыр. Редакция ашық пікір алаңы ретінде пікір білдіремін деуші тараптардың бәріне теңдей мінбер ұсынады. Поштамызға келіп түскен бұл хатты жариялауымыздың бар себебі де осы.