Боранбаев "Мәлім" көтерген мәселеге жауап берді
Қайрат Боранбаев "Азаттық" тілшісіне хабарласып, "Спутник V" вакцинасын өндіруден өзі иелік ететін Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен ешқандай пайда көрмейтінін мәлімдеді. Боранбаевтың айтуынша, бұл "коммерциялық емес, әлеуметтік жоба".
Malim.kz 27 қаңтар күні елімізде Ресейдің "Спутник V" вакцинасын шығаратын Қарағандыдағы фармацевтикалық кешеннің иелері қазақстандық бизнесмен Қайрат Боранбаев, Ресей олигархы Виктор Харитонин мен Ресейдің бұрынғы вице-министрлері Андрей Реус және Андрей Дементьев екенін жазған. Сондай-ақ "НеоТекФарм" компаниясына иелік ететін Боранбаев, Харитонин, Реус пен Дементьевке Алматыдағы "Нұр-Май фармация" ЖШС тиесілі екеніне назар аударған. Бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып, оқырмандар реакциясын тудырды.
"Азаттықтағы" әріптестеріміз бұл тақырыпты дамытып, Боранбаев пен Ресей бизнесмендері иелік ететін фармацевтикалық кешен "Спутник" вакцинасын өндіруден қанша пайда табады деген мәселені көтерген.
Мақала шыққаннан кейін бірнеше күннен соң бизнесмен Қайрат Боранбаев "Азаттық" тілшісіне өзі хабарласып, вакцина шығарудан ешқандай пайда көрмейтінін мәлімдепті. Тілшіге жағдайын түсіндіріп, ағынан жарылған Қайрат Боранбаевтың сөзінен ұққанымыз, пайданы былай қойғанда, көп шығынды фармацевтикалық кешеннің өзі мойнына алыпты.
"Бізде маржа жоқ. Қаншаға сатып алсақ, соншаға сатамыз. Бұл баға ведомствоаралық комиссияда үкіметаралық келісіммен бекітілді, тасымалдау мен қайта ораудың шығыны ескерілмеді. Ал вакцина міндетті түрде қайта оралуы керек, өйткені ол Қазақстандағы бүкіл қалаға тасымалданады. Қаптама қазақ және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. Бұл шығынды өзіміз көтердік. Біздікі әлеуметтік жоба. Денсаулық сақтау министрлігіне ең болмаса өндіріс шығынын өтеп беріңдер деп сұрадық. Болды. Ешкім тасымалдау шығынын ескермеді", - дейді Боранбаев.
Боранбаевтың айтуынша, "СҚ-Фармацияның" Ресейдің тікелей инвестициялар қорымен келісімі жоқ, ал "НеоТекФармның" келісімі бар. Сондықтан Боранбаевтар иелік ететін компания бүкіл шығынды көтеріп алуға мәжбүр болыпты.
Боранбаевпен бірге "НеоТекФармға" иелік ететін Ресей олигархы Виктор Харитониннің Ресейдегі "Генериум" компаниясы "Спутник V" вакцинасын шығарады. Бірақ Боранбаев "Азаттыққа" бұл жерде ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ екенін айтыпты.
– Егер онымен серіктестік болмаса, вакцинаны әкелмес те едік. Түсінесің бе? Оны неге серіктес еттім? Өйткені ол Ресейдегі ең мықты серіктес. Оның Петербургте дәл сондай зауыты бар, тура сондай вакцина шығарады. Ол менің серіктесім, Мен медик емес, жобаның инвесторымын. "Біз Қазақстанда да осыны өндіре аламыз ба?" деп сұрағанда ол: "Біз Петербургте шығарып жатырмыз" деді. Бірақ біздің зауыт үлкенірек. Біз шығарып көрдік, бізде бәрі жұмыс істейтініне көз жеткізгеннен кейін өзімізде шығара бастадық. Ол Қазақстанда вакцина шығару үшін суспензияны алып келді. Ол үшін алғыс айтамын. Вакцинаны алу оңай емес. Бұл вакцинаны алып келіп, 1 ақпаннан бастап вакцинанацияны бастау үшін президент пен премьер-министр араласты", - депті Боранбаев "Азаттыққа".
Бірінші президент отбасымен туыстығының бизнеске қатысы жоқтығын айтқан Боранбаев "бизнеспен басқаша айналысатынын, тендерге қатыспайтынын" айтып, "Азаттықтағы" әріптестерді Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенді көруге шақырыпты.