Отандық футболдағы ықпалды тұлғалар кімдер?
Футбол сарапшыларының бәрі спорттағы негізгі мәселелерді бұрынғы саясаткер Әділбек Жақсыбековпен келіспей шеше алмайды дейді.
Жыл соңында бір жылдың қорытындысын жасап, үздіктерді анықтау дәстүрі бар. «Дядя Ваня» телеграм каналы биылғы жылдың ең ықпалды бес футбол функционерін анықтаған. Рейтингі www.malim.kz сайты назарларыңызға ұсынады.
Әрбір кандидат Қазақстан футболында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сарапшылармен келісіліп таңдалды. Олардың қолдауымен осы жылдың ең ықпалды бес көшбасшысы белгіленді, олар шын мәнінде өздерінің көшбасшылығын дәлелдеді.
Белгілі болғандай, отандық футболда «сұр кардинал» да бар. Ол өте сирек араласады, бірақ кез келген маңызды мәселе оның келісімінсіз шешілмейді.
1. Қайрат Боранбаев – өткен жылдың ең жарқын тұлғаларының бірі. Биылғы жылы «Қайрат» футбол клубының иесі өз клубының чемпиондық амбициясын қорғап қалды. Маусым ойындарында «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы», «Елім-ай» сынды командалар футбол лидерлігіне таласты, олардың артында ықпалды адамдар тұрды.
Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің бірі болған Қайрат Боранбаев әртүрлі бағыттардан келген соққыларға төтеп беруге мәжбүр болды. Пленарлық отырыста депутат Мұрат Әбенов паралимпиада комитетін басқаруға бюджет қаражатын ұрлағаны үшін сотталған олигарх Қайрат Боранбаевты тағайындаудың жөнсіздігін көтерді. Бұл мәселеде Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бизнесменді қорғап, «паралимпиада комитетінің жетекшісін тағайындау арнайы атқарушы органмен шешіледі және қазіргі уақытта комитетпен, оның ішінде халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасқа ешқандай шағым жоқ» деп түсіндірді.
Биыл маусым айында отандық футболда төңкеріс жасау әрекеті болды. Сол кездегі ҚФФ президенті Аділет Барменқұлов атқарушы комитет құрамынан 8 маңызды тұлғаны шығарды! Олардың арасында Қайрат Боранбаев та бар еді. Бірақ, олигарх ҚФФ жұмыс органы құрамына қайта оралды. Футбол әлемінде айтылып жүрген әңгімелерге сүйенсек, дәл осы әркеті үшін Әділет Барменқұлов отставкаға кетті.
2. Саян Хамитжанов – «Астана» футбол командасының директорлар кеңесінің төрағасы. Футбол мамандарының айтуынша, ол отандық футболда көп жылдан бері бейресми түрде негізгі тұлға болып саналады. Ол агенттермен жұмыс, ойыншыларды сатып алу мен сату, төрешілер корпусына әсер ету сияқты процестерге үлкен ықпал етеді.
3. Ғани Кайназаров – Qazaqstan football league президенті. Ол Қазақстан футбол лигасын басқарады, отандық спортты дамытуға бөлінген ең үлкен қаражатты осы ұйым игереді. QFL басшысы болып тағайындалмай тұрып, Қазақстан футбол федерациясының ұлттық құрамалар департаментінің директоры қызметін атқарған. Сондықтан ол ел командаларының құрамаларын жас ерекшеліктеріне қарай іріктеуде негізгі тұлғалардың бірі. Ол клубтарға, төрешілер, инспекторлар мен делегаттар корпусына өз адамдарын кіргізеді және оларды көтермелейді.
4. Асқар Ұранхаев – SILA Central Asia филиалының директоры, Абай облысы футбол федерациясы президентінің кеңесшісі. Оның қолдауымен «Елім-ай» (Семей) клубы қайта құрылды. Миллиардер Тимур Турловпен бірге өңірде футбол инфрақұрылымын дамытуды қолға алды. Ол Super Bol жастар спорттық реалити-шоуының авторының бірі.
5. Рохус Шох – QJ League жастар футбол лигасының президенті. Ол отандық футболға көп инвестиция тартты. Спорт саласында Тимур Турловтың сенімді адамы және кеңесшісі ретінде танылған.
Тағы бір маңызды тұлғаны атап өткен жөн. Футбол сарапшыларының бәрі спорттағы негізгі мәселелерді бұрынғы саясаткер Әділбек Жақсыбековпен келіспей шеше алмайды дейді. Сарапшылардың айтуынша, ол бірнеше жыл бойы бұл қақтығыстардан тыс болғанымен, отандық футболға ықпалын сақтап қалған. Ғани Кайназаров пен Саян Хамитжанов оның сенімді адамдары деген сөз бар.