Саясатқа баға бермей, ашаршылықты қалай зерттейсің?
Бүгін - Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1931-33-жылдардағы Ашаршылыққа 90, ал 1921-22-жылдардағы Ашаршылыққа 100 жыл толды. Осы орайда тарихшы, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Алмас Жүнісбаев саясатқа баға бермей, ашаршылықты зерттеу қиын дейді. Ашаршылықтың тарихын зерттеу түбі бәрібір саяси баға беруге алып келеді. Маманның айтуынша, тарихи шындыққа жету үшін архивтердегі жабық құжаттарды кәсіби тарихшылар үшін ашып, бұл тақырыпты зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталық құру керек.
– Алмас мырза, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бірнеше ай бұрын "ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, оған ғылыми тұрғыдан қарау керек" деді. Жалпы, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай зерттеу қаншалықты мүмкін нәрсе?
– Бұл сұрақтың жауабы елімізде ашаршылықтың зерттелу тарихында жатыр. Кеңес дәуірінде ашаршылық сталинизмнің қылмыстарын жасыратын жабық және қатаң тыйым салынған басты тақырыптардың қатарына кірді. Егемендікке қол жеткізген соң Қазақстан да өзге бұрынғы кеңестік республикалар сияқты сталинизм дәуірінде бастан өткен қасіретті оқиғаларға өз пікірі мен көзқарасын ашық білдіруге ұмтылды. 1992 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі президиумы комиссиясының қорытындысы байлардың мүлкін тәркілеу және күштеп ұжымдастыру науқандарын, солардың салдарынан туындаған ашаршылықты қолдан жасалған қасірет пен геноцид саясатының көрінісі деп таныды. Соның нәтижесі ретінде 1990-жылдары ашаршылық тарихын қалпына келтіру мен зерделеу бағытындағы бірқатар іргелі зерттеу жүргізіліп, осы сипатта бірқатар ғылыми еңбек те жарық көрді. Ашаршылықтың тарихын тануда отандық ғалым-тарихшылардың қол жеткізген табыстары, осы мәселеге қатысты олардың жасаған ғылыми тұжырымдамалары мен білдірген көзқарастары, жарыққа шыққан тарихи деректер мен құжаттар ашаршылықтың тарихи ақиқатын аша бастады. Қазақ халқы мен қоғамы тарапынан бұл мәселеге сұраныс та, оның сипаты да өзгеріп, арта түсті. Біртіндеп ашаршылық тақырыбының саяси реңкке бояла бастауы бұл мәселеге қатысты қайшылықты жағдайдың туындауына алып келді. Ашаршылық геноцид деп танылғанымен, сыртқы және ішкі саяси себептердің салдарынан бұл тақырыпты одан ары қозғамау, қоғамның назарын басқа тарихи мәселеге ауыстыру, архив қорлары мен істерін бұрынғы құпия мен жабық күйде қалдыру үрдісі байқалды. Сондықтан кейінгі жылдары ашаршылықтың тарихын кешенді түрде зерттеу ісі тоқырап, өз жалғасын таппады. Мемлекеттік комиссияның қорытындысы болса, ескерілмей назардан тыс қалып қойды.
Ашаршылық тақырыбына тыйым салынбағанымен, оны тереңдетіп және кеңейтіп зерттеу ісіне отандық тарихшыларға тиісті мүмкіндік пен жағдай жасалмады. Есесіне, Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына шетелдік тарихшылар қызығушылық таныта бастап, бұл бағытта бірқатар іргелі зерттеу еңбектерін жариялады. Олардың зерттеулері, соңғы жылдары ашаршылық туралы бірнеше деректі фильмнің жарық көруі, Ресейдің жекелеген зерттеушілерінің Қазақстандағы ашаршылықты жасанды сипатын жоққа шығаруы қазіргі қазақ қоғамының осы нәубетке қызығушылығын қайтадан оятты.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінен түсінгенім, ашаршылық тарихын саясиландырмай, кешенді әрі ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның 1930-жылдардың басында Кеңес Одағында болған Үлкен ашаршылықтың құрамдас бөлігі және алапат гуманитарлық апат ретінде қарастыру керек деп ұсыныс білдірді. Орынды әрі жөн сөз. Бұл ретте саясиландырмау – ашаршылықты ұлттандырмау (қазақтандырмау) қажет деп түсіну керек. Бірақ шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу маңыздылығын айтқан Сенат спикері сол ашаршылық тарихын зерттеп жүрген шетел мамандары ғылыми қолданысқа «қазақ ашаршылығы» және «қазақ қасіреті» деген терминдер мен ұғымдарды енгізгенін, Қазақ даласындағы ашаршылықтың Кеңес Одағының басқа аймақтарында болған ашаршылықтардан ерекшеліктерін анықтауға күш салғандығын да ескерген жөн. Неміс тарихшысы Р. Киндлер "Қазақстан ашаршылық тарихын зерттеп білемін десе, ең алдымен тарихи шындықты қабылдауға дайын болуы керек, өйткені қазақтар үшін тарихи шындық ауыр болуы мүмкін" деген пікірін де естен шығармаған абзал.
Біздің ғалымдар да, шетелдің ғалымдары да, Қазақстанда сталиндік бірінші бесжылдық (1928-1932 жж.) кезінде жүзеге асырылған байлардың мүлкін кәмпескелеу, күштеп ұжымдастыру мен көшпелі қазақты жаппай отырықшыландыру, ет және астық дайындау науқандары, Қазақстанды Кеңес Одағының басты ет базасына айналдыру жоспарлары халықты үлкен апатқа апаратынын білмеді емес, білді. Бірақ өз саясатынан бас тартпады. Қазақтар баудай түсіп, жүз мыңдап қырыла бастағанда да, жүз мыңдап Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткенде де, қазақ босқындары және оларды елге қайтару үлкен мәселеге айналған кезде де, бұл саясатты іске асыру тоқтаған емес. Бұл кеңес өкіметінің және Сталиннің, оның жақтастарының, Голощекиннің Қазақстанға жүргізген саясаты. Ол саясатқа және оның алып келген салдарына баға бермей, біз оны қалай зерттейміз?
Ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш. Фото: Серікжан Ковланбаев, forbes.kz
– 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа 90 жыл толды. Президент Тоқаев "Егемен Қазақстан" басылымына шыққан мақаласында 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа жүз жыл толатынын, оны зерттеу керектігін жазды, бірақ 30-жылдардағы ашаршылық жайлы ештеңе айтпады. Неліктен?
– Расында да, президент өз мақаласында 1921-1922 жылдардағы ашаршылықты жеке атап өтті де, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты назарсыз қалдырды. Биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100, ал 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа 90 жыл толады. ХХ ғасырда қазақ халқы басынан өткерген ашаршылықтарды осылай жасанды бөліп-жарып қарастырудың кесірінен ашаршылық тарихының мәселесі осы күнге дейін жүйелі әрі кешенді, тұтас түрде зерттелмей жатыр. Осы күнгі қоғам да, ғылыми қауым да, тіпті тарихшылардың өздері де (өзге тарихи кезеңдерді зерттеумен айналысатын мамандар) ашаршылықтың тарихы мен ақиқатын білгісі келеді. Өйткені, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы сұрапыл ашаршылықтардың нәубеті әр қазақтың отбасын жалмап өтіп, халықтың тарихи-психологиялық санасында терең із қалдырды. Өкінішке қарай, біздің елде архивтердегі құпия құжаттар мен істерді, тұтас қорларды құпиясыздандыру ісінің өте баяу жүруі, кеңес заманында жазалаушы-қуғындаушы орындардың міндетін атқарған құқық қорғау органдарының архивтерінде (ВЧК-НКВД-ГПУ-ОГПУ-КГБ) кәсіби тарихшыларға жүйелі ғылыми-зерттеу және ізденіс жүргізуге шек қойылуының нәтижесінде, тәуелсіздікке дейінгі бізге ең жақын әрі соңғы ірі тарихи кезең – кеңес дәуіріндегі Қазақстан мен қазақ халқының тарихын жеткілікті дәрежеде зерттеп тани алмай отырмыз.
Жоғарыда айтылған себептерге байланысы, тарихшы-ғалымдар үш үлкен ашаршылықтың (1917-1919 жж. Түркістан өлкесіндегі, 1921-1922 жж. Қазақ даласындағы, әсіресе 1931-1933 жж. Қазақстандағы) салдарынан қанша адамның қайтыс болғанын зерттеп, есептеп шығара алмай отыр. Себебі, кез келген архивке барсаңыз, ашаршылық туралы түрлі құжаттар мен материалдарды, түрлі мәліметтер пен хаттарды кездестіруге болады. Дегенмен, ашаршылық пен оның ауқымын зерттеу үшін керек ең басты нәрсе – өлім-жітім статистикасын таба алмайсыз. Бұл статистикалық және есеп материалдары жабық күйде тұрған арнайы архивтерде сақталынып тұрған болу керек. Олардың өздерін қолға түсірген жағдайда, мұқият отырып зерттеп, салыстырып, мүмкін болса нақты есебін шығару қажет. Бұл ауқымды әрі күрделі іс, біраз уақытты талап етеді. Қорыта айтқанда, бұл мәліметтер осы күнге дейін әлі құпия болғандықтан, қолында нақты дерегі жоқ тарихшылар ашаршылық жылдары өлген, Қазақстаннан тыс жерге ауып кеткен, түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардан көз жұмған адамдардың саны, ашаршылықтың ұлттық немесе этникалық көрінісі туралы кесімді нәрсе айтуға бара бермей, тек жуықтап әрі шамалап айтуға ғана мәжбүр.
Ғылыми айналымда бар тарихи деректерде 1921-1922 жылғы ашаршылық кезде 1921 жылдың 1 қарашасына қарай Қазақ республикасында аштыққа ұшыраған адамдардың саны 1,5 миллионнан асқаны туралы мәліметтер бар. Ал Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Меңдешевтің мәлімдеуінше, 1922 жылы жазда ашыққандардың саны 2,8 миллионнан асып кеткен. Кейбір деректерде қарағанда, республикада аштықтан және оның салдары ретінде туындағы індет ауруларынан 500 мыңға жуық адам қайтыс болған.
Бізде ашаршылық дегенде, көбіне адамдар азық-түліктің жоқтығынан ашығып өлді деген көзқарас басым. Алайда, қайтыс болған адамдардың біраз бөлігі ашаршылық туындатқан аса қатерлі де жұқпалы індеттердің құрбанына айналды. Ол кезде кең таралған аурулардың қатарына іш, бөртпе және қайталама сүзегі, тырысқақ, безгек, шешек, сібір жарасы және т.б. Мұның себебі ретінде санитарлық бақылаудың әлсіз болуы, су көздерінің ластануы, залалсыздандыру жұмыстарының жолға қойылмауы, дәрі-дәрмек пен залалсыздандыру заттардың тапшылығы, өліктерді уақытында жинап көмудің жасалмауы, азық ретінде үй жануарларын (ит пен мысық) жабайы жануарларды, соның ішінде жұқпалы ауруларды тарататын тышқандары аулап жеуі, көмілген өліктерді қазып алып жеуі де өз ықпалын тигізген.
Тағы бір ескеретін нәрсе, ашаршылық дегенде Түркістан автономиясындағы нәубетті ұмытпаған жөн. Ұзаққа созылып кеткен соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, егістік алқаптарының және мал санының қысқаруы, қуаңшылық, халық шаруашылығының күйреуі, сырттан келетін көмектің күрт азаюы сұрапыл ашаршылыққа алып келді. Бұл ашаршылық 1917 жылдан бастап 1919 жылдың жазына дейін жалғасты. Түркістан республикасы Орталық Атқару Комитетінің жанындағы Аштыққа қарсы күресетін Орталық Комиссияның төрағасы Тұрар Рысқұловтың мәлімдеуінше, өлкеде 1,5 миллионға дейін адам ашыққан. Бұлардың басым бөлігін Түркістанның түп ұлт өкілдері (қазақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер), соның ішінде көшпелілер құрады. Ашаршылықтың құрбанына 500 мыңға жуық адам айналды, тек Әулиеата уезінде (қазіргі Жамбыл облысы) ғана 200 мыңнан астам адам мерт болған. Негізінен зардап шеккен де осы ұлттар. Тарихи деректерге сүйенсек, 1915 жылы Түркістан генерал-губернаторлығында 7,3 миллионнан астам адам өмір сүрсе, 1920 жылғы санақ бойынша Түркістан республикасы халқының саны 5,3 миллионды ғана құрады, яғни 2 миллионға кеміген. Тек 1916 жылы Жетісуда бас көтерген қазақ-қырғыздарға қарсы бағытталған патша үкіметінің жазалау акцияларынан Қытайға ауып кеткендердің саны 250 мыңға жетті. Кейін олардың шамамен 150 мыңдайы кері қайтты.
Ашаршылық кезіндегі ана мен бала. Фото: Орталық мемлекеттік мұрағат
– Түркістандағы ашаршылыққа қарсы күрес қалай жүрді?
– Түркістандағы ашаршылыққа қарсы күресті негізінен қазақтың арасынан шыққан жас қайраткерлер басқарды. Алдымен Тұрар Рысқұлов, артынан Қабылбек Сарымолдаев басқарып, құрамында Санжар Асфендияров, Мақсұт Жылысбаев сынды қазақ жастары бар Аштыққа қарсы күресетін комиссия алты айға жуық жұмыс істеп, оның қажырлы еңбегінің арқасында 1,2 мыңнан аса тамақтандыру орны құрылып, бұл жұмысқа 12 мыңнан аса отаншыл ниеттегі жастар қатысты. 1919 жылдың бес айында тамақтандыру пунктерінде тамақтанған адамдар саны (қайтара есептегенде) 32 миллионға жетті. Түркістандағы ашаршылықты зерттеумен айналысқан тарихшы Ордалы Қоңыратбаевтың мәліметтері бойынша, осы комиссия 1 миллионға жуық адамның өмірін ажал тырнағынан құтқарып қалды. Комиссия өз қызметінде ашыққандарға көмек берумен қатар, қамқорсыз қалған панасыз балаларды құтқаруға үлкен күш салып, Түркістан республикасының ірі қалалары – Қоқанда, Ташкентте, Шымкентте, Перовскіде жетімдер үйін ашып, ұлттың тек қорын сақтауға барынша күресті. Ал осы Түркістан өлкесіндегі ашаршылық біздің ғалымдар тарапынан аз зерттелген. Оның басты себептерінің бірі – Түркістан өлкесінің тарихын Қазақстаннан бөліп қаралуы, сондай-ақ осы өлкенің тарихына қатысты негізгі тарихи құжаттардың Өзбекстан архивтерінде сақталуы.
1924 жылы күзде қазақ жерінің тұтастануына дейін Қазақстанның оңтүстік өңірлері: Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары Түркістан Республикасының құрамында болды. Революцияға дейін Түркістан өлкесінде 1 миллионнан астам қазақ өмір сүрді. Сонда олар басқа қазақ па? Оларды біз зерттемеуіміз керек пе? Осылай жасанды түрде тарихи-географиялық көзқарастар мен ұстанымдардың салдарынан, қазақ халқының тарихы кешенді әрі тұтас түрінде зерттелмей келе жатыр. 1920 жылы құрылған Қазақ республикасы Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарынан, Бөкей ордасынан, Адай болыстығынан ғана тұрды. Ал Түркістандағы қазақты неге ескермейміз? Егер біз Қазақстанның және қазақ халқының тарихын кешенді түрде зерттейміз десек, онда тұтас қазақ халқын зерттеп, аналар Дала қазақтары, мыналар Түркістан қазақтары деп бөліп жармауымыз қажет.
Дәл сол сияқты ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ашаршылықты тізетін болсақ, ашаршылық тарихын 1916 жылғы үлкен әлеуметтік дағдарыс, одан туындаған азық-түлік тапшылығы, қуаңшылықтан бастап тарқатып, осы себептер ашаршылыққа әкелгенін баса айтқан жөн. Одан 1917-1919 жылдардағы ашаршылық, одан кейін 1921-1922-жылдардағы ашаршылық, артынша 1931-1933 жылдардағы ашаршылық және соғыстан кейінгі ашаршылықты айтуымыз керек. Онымен қоса, соғыс жылдарындағы және одан кейінгі ашаршылық 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан кем болмады. Ол туралы көп айтылмайды, зерттеушісін әлі күтіп жүрген тың тақырып және күрделі мәселе.
– Оны зерттеу үшін не істеу керек?
– Тәуелсіздік жылдарындағы практика көрсеткендей, ең бастысы – науқаншылыққа ұрынбауымыз шарт. Егер қазақ шын мәнінде өзінің ХХ ғасырдағы тарихын білгісі келсе, нәубет және қызыл қырғын жылдары қанша адам қайтыс болғанын анықтағысы келсе, осы бағытта зерттеу жүргізетін мамандардың басын біріктіру, арнайы зерттеу бағдарламасы жасап шығару керек, сол кәсіби тарихшыларға жағдай жасалған зерттеу орталығы керек.
Біздегі басты мәселелердің бірі – ашаршылық тарихын зерттейтін ғалымдар аз. Жасыратыны жоқ, осы мәселелердің зерттелуіне үлкен үлес қосып, негізін қалап кеткен аға буын өкілдерінің жасы келді. Ал ғылым орнында тұрған жоқ, жыл өткен сайын күрделеніп бара жатыр. Бұл тарихты түгендеп, жүйелеп құру үшін бұл тақырыптарға дарынды әрі қабілетті жастарды тарту керек, оларға осы мәселелер бойынша мамандануына уақыт пен мүмкіндік беру керек. Қазіргі жас тарихшылар мұндай ауыр тақырыптардан аулақ жүріп, жоламайды, өйткені тарихшының қара жұмысына – архивте жүйелі ізденіс атқаруға тісі бата бермейді, шыдамы мен төзімі жетпейді. Оның үстіне, Алматыда Тарих институтында небәрі 60-тай адам ғана істейді. Олардың ішінде 15-20 шақтысы ғана кеңес дәуірі бойынша ғана маманданған, ал солардың ішінде ашаршылықтың тарихын үзбей зерттеп келе жатқан ғалымдар бір қолдың саусағымен санарлықтай. Түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін, сол ғылыми мекемеде «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» деген бөлім бар, онда бар-жоғы 5-6 маман ғана істейді, осы санаулы ғалым тұтас бір ғасырдың іргелі ғылыми мәселелерімен қалай айналысып, қоғамдық сұранысқа жауап бере алады?
Екіншіден, ашаршылықтың тарихын ашып беретін архив құжаттары құпия түрінде тұр, зерттеушілер үшін жабық.
Үшіншіден, ақша мен уақыт жетпейді, жүйелі зерттеу бағдарламасы мен тұжырымдамасы жоқ. Мысалы, бүгін президент ашаршылықты зерттеу қажет деп міндет қойды, конъюнктураға ұрынған тарихшылар былтыр зерттеп жүрген Алтын Орда тарихын немесе Екінші дүние жүзілік соғыс тарихын тастап, ашаршылық тарихына кірісіп кетеді. Мұндайлар ғылыми айналымда бар нәрседен 1-2 жыл ішінде кітап та, құжаттар жинағын да шығарып үлгереді. Алайда қысқа мерзімде, кәсіби мамандардың қатысуынсыз дайындалған мұндай дүниенің шала және сапасының төмен болуы айтпаса да түсінікті. Осы себептен, ашаршылық тарихының деректер базасын құруға, яғни архив құжаттарын іздестіріп табуға, қолға түсіруге, оларды зерттеу мен талдауға уақыт пен мүмкіндік берілуі тиіс. Алдымен ғылыми талаптарға сай дайындалған құжаттар жинақтары жарыққа шығуы шарт, содан кейін ғана барып, ашаршылық тарихының көптеген аспектілеріне байланысты зерттеу еңбектері – монографиялар шығарсын. Іргелі зерттеу еңбегін жазып шығу үшін кемінде 3 жыл қажет. Өйткені, 1917-1933 жылдардағы ашаршылық тарихына қатысты жазылған ғылыми еңбектер тым аз. Ал халық тарапынан бұл тарихқа сұраныс үлкен. Оның бір нақты мысалын келтіруге болады. 2018 жылы америкалық зерттеуші Сара Кэмеронның жарық көрген «Аштық жайлаған дала» атты кітабы соңғы екі жылда ағылшын тілінен орыс және қазақ тілдеріне аударылып, қалың оқырманға жол тартты. Бірақ қазақ зерттеушілерінің ашаршылық тарихы туралы жазған еңбектері өзге тілдерге, ең алдымен ағылшынға аударылмайды. Мысалы, Тұрар Рысқұловтың "Революция и коренное население Туркестана" деген кітапта Түркістан өлкесіндегі сұрапыл ашаршылық туралы құнды мәліметтер аз емес. Оны ағылшын тіліне аударып шығарып, ұсынуға болады.
Бізде ашаршылық тарихы іргелі зерттеу деңгейінде жазылмай жатыр. Президент бұл тақырыпты зерттеңдер дегенімен, оның арты науқаншылыққа ұласуы мүмкін. Былтыр Алтын Орданың 750 жылдығын тойлағанымызбен, бұл тарихта көптеген конференциялар өткізгенімізбен, санаулы сапалы ғылыми еңбек қана жарық көрді. Жеңістің 75 жылдығын да тойладық, тарихшы Лейла Ахметованың әйгілі Панфилов дивизиясы туралы, зерттеуші Дина Игсатованың «Женщины Казахстана на войне» кітаптары, Ж. Доспановтың көптомды екі жинағы ғана жарық көрді. Басқа еңбек жоқ. Сонда жаңа еңбек қайда? Неге жаңа іргелі зерттеу еңбектері, жаңадан шығып жатқан ғалымдар жоқ, жастар қайда? Бұл ғылым саласына жауапты органдарды ойландыруы тиіс жағдай, бірақ біз гранттық жүйеде өмір сүріп жатқандықтан, бұл мәселеге ешкім басын қатырғысы да келмейді. Мысалы, 2019 жылы Тарих институтының бір тобы Ресейдің Подольск қаласында орналасқан Ресей Федерациясы Қорғаныс министрілігің Орталық архивінде жұмыс істеп, 1941-1945 жылдары соғыс уақытында Қазақстанда құрылған әскери құрамалардың тарихына қатысты бұрын жарияланбаған құжаттардың көшірмесін алып келді. Олар неге сол жарияланбаған күйде Тарих институтының архивінде жатқандығы туралы сауалды сол ғылыми мекеменің басшылығына жолдау керек.
– Енді ашаршылықты зерттеу кезекті науқаншылыққа айналып кетпес үшін не істеу керек?
Тарихшы Алмас Жүнісбаев. Фото Алмас Жүнісбаевтың Facebook парақшасынан алынды
– Жоғарыда айтқанымдай, ғылыми орталық құрып, сол тақырыпты зерттейтін мамандардың басын біріктіру керек. Өйткені ашаршылық – өте ауқымды әрі күрделі тақырып. Мысалы, біз қазір гранттық жоба аясында 1920-1936 жылдардағы Қазақстандағы жұқпалы індеттерге қарсы күрес тарихын зерттеумен айналысып жатырмыз. Бұл тақырыпты 80 жылда ешкім зерттемеген. Ал бірақ архивтерде құнды әрі мол мәлімет беретін құжаттар бар. Оларды іздестіріп тауып, қолға түсіріп, талдап отырмыз.
Қарап тұрсаңыз бір қызық қайшылыққа кез болдық, ашаршылық ең көп айтылып, қоғамда үлкен резонанс тудыратын тақырып бола тұра, ол бойынша жүйелі жұмыс жоқ, ғылыми орталықтар тарапынан да, архивтердің тарапынан да. Қазір президент архиві «Golodomor» деген сайт және ашаршылықтан құрбан болғандардың базасын жасап жатыр. Бұл өте күрделі және үлкен уақытты талап ететін жұмыс, бірақ қажет бастама. Жалпы, ашаршылықтың тарихын зерттеу ісін бізде тек тарих саласының мамандарына ғана артып қойған. Ал енді медицина тарихының, биология тарихының, ветеринария саласының мамандары қайда? Мысалы, Қазақстан кең таралған жұқпалы аурулардың көпшілігі мал мен жануардан тараған, одан бөлек өкпе және жыныс аурулары, нәрестелердің өлімі сияқты әлеуметтік аурулар да бар. Оның үстіне нәубет жылдары қазақтар өз қолындағы 90 пайызға жуық малынан айырылған. Бұл тақырыптар да өз зерттеушісін күтіп жүр. Ашаршылықтың ұлттың санасы мен менталитетіне, жадысына, психологиясына, дүниетанымына тигізген әсері де өте үлкен. Бұл неден көрініс тауып жатқандығын да зерттеп жатқан маман жоқ. Түптеп келгенде, осы ауыр қасіреттен қазақтан артық зардап шеккен халық жоқ. Украинада сан жағынан бізден көп адам қайтыс болғаны рас, бірақ пропорционалды түрде алғанда, қазақ ашаршылықтан көбірек қырылғаны – тарихи факт.
– Украина ашаршылықты геноцид деп таныды, Қазақстан мұны жасамады. Қазақстанның бұл тақырыпты толыққанды зерттеуге, ашуға, геноцид екенін тануға саяси ерік-жігері жете ме?
– Неге танылмады? 1991-1992 жылы жұмыс істеген арнайы Мемлекеттік комиссия бұл нәубетті геноцидтің барлық көріністері бар қолдан жасалған қасірет пен саясат деп танып, оның қорытындысын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бекітіп қана қоймай, тиісті шаралар кешенін белгіледі. Одан кейін біраз маңызды істер атқарылғанымен, қазіргі уақытта тіпті арнайы архивтерге кәсіби тарихшыларды кіргізу тоқтады. Ашаршылық тарихына қатысты маңызды құжаттардың бір бөлігі Мәскеуде. Украина тарихшылары ашаршылықты геноцид деп танығанымен, әлі де оны дәлелдей алмай жатыр. Мұның себебі – басты құжаттардың бәрі Мәскеуде. Оны Ресей бермейді, беретін ойы да жоқ. Украина жүз жерден ашаршылықты геноцид деп айтса да, Сталин кезінде украиндықтарды ұлт ретінде қыру мен жою туралы құжаттар табылып, жарияланбайынша оны дәлелдеу қиын. Ал олар бар ма, жоқ па, мұны тек архивтегі ізденіс жұмыстары ғана көрсете алады.
Бізде де жергілікті деңгейдегі құжаттар демесеңіз, қалған негізгі құжаттар әлі де жабық. Соғыс жылдарында соғыс мәселелері туралы құжаттардың біраз бөлігі құпиясыздандырылды, бірақ біраз бөлігі әлі де жабық. Денсаулық сақтау халық комиссариатының төрт тізбесі бар. Соның үшіншісі әлі де жабық, зерттеушілердің қолына берілмейді. Ал дәл сол тізбеде қайтыс болған адамдардың статистикасы мен өлім себептері туралы ақпарат болуы мүмкін. Халық-шаруашылық есеп басқармасының материалдары да жабық, бүкіл статистикалық мәліметтер сонда. Ал бұл деректерсіз бірде-бір ғылыми зерттеу толыққанды болмайды. Бірақ архив өздігінен бұл мәселені шеше алмайды. Бұған жоғары билік тарапынан рұқсат берілуі тиіс. Сондықтан бұл тақырыпты шын мәнінде зерттейміз, тарихи шындықты қалпына келтіреміз, ашаршылықтың тарихын өз қазағымызға да, өзгелерге де танытамыз десек, жабық архивтердің есігін кәсіби тарихшылар үшін ашу керек. Алдымен бар архив құжаттардың кешенімен, арнайы дайындығы мен білімі бар мамандар танысуы шарт. Өйткені, ашаршылық та, қуғын-сүргін де өте ауыр, барша қазақтың жанына бататын тақырыптар. Арнайы ғылыми түсініктеме мен тарихи анықтама берілмеген жалаң құжаттар көпшілік қауым тарапынан әр қалайша қабылдануы мүмкін. Кейбір адамдар «жүгі ауыр шындықтың» бетін ашатын құжаттарды өз мүддесіне орай пайдалануы мүмкін. Қасірет және нәубет жылдары адам етін жеу, балаларды сату, ұрлық, бір үзім нан немесе бір уыс бидай үшін адам өлтіру сынды сұмдық жағдайлар кездескені түсінікті. Сондықтан ұзақ жылдары жабық болған тақырыптың бар шындығын жайып салу қандай салдарға алып келетінін түсіне білуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыс сатылап, жүйелі түрде, қазіргі ғылымның озық жетістіктерін пайдалана отырып атқарылған жөн.
Ашаршылықтың өзге мәселелерден гөрі, саяси аспектісі басым. Бұл ретте ашаршылық Кремльдің кінәсі деп танимыз. Шындығы да солай. Бірақ бұл шындықтың бір жағы ғана. Ал, екінші жағы, 1931-1933 жылдары ашаршылықтың бүкіл республика аумағына таралуы, оның ұзаққа созылып кетуі, оған қарсы жүргізілген күрестің әлсіз ұйымдастырылуы, сол кездегі асыра саясаттың жүргізілуі, ашаршылықтың фактілерін мойындамауы және жасыруы, астық және ет науқандарын тоқтатпауы, миллионнан аса қазақтың босқынның күнін кешуі, соның нәтижесі ретінде үлкен зұлматқа айналуы – бұл сол кезде республиканың, облыстардың, аудан мен колхоздардың басшылық құрамына кірген басқарып қазақ басшыларының қателігі деп те түсінуіміз керек. Бұл да өз алдына жеке зерттеуді талап етіп отырған тақырып.
Президенттің ашаршылықтың тарихы мен қасіретін көрсететін деректі фильмдер түсіру қажет деген пікірмен келісемін. Бізде соңғы уақытта осы тақырыпта бірнеше деректі фильм түсіріліп, жарыққа шықты. Қоғам оларды қызу талқыға салып жатыр. Батыс елдерінде мұндай фильмдерге көбіне қоғам талқысынан өткен, өз аудиториясын тапқан, мамандар мойындаған тарихи романдар арқау болады. Өкінішке қарай, бізде мұндай романдар өте аз. Шерхан Мұртазаның "Қызыл жебесі", Болат Жандарбековтің "Сақтары", Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділері" деңгейінде жазылған тарихи романдар бар ма? Біз, тарихшылар осы бағытта жұмыс істейтін жазушыларға драматургтерге, сценарийшілерге, режиссерлерге азық бере білуіміз керек. Бұл ретте, ғылыми құжаттар мен жинақтардың атқаратын маңызы үлкен. Ашаршылық тақырыбына қызығушы тараптар тек монография түрінде емес, бұл тарихпен дерек күйінде танысуға мүмкіндік алу керек.
Бізде тәуелсіздіктен бері дамып жатқан тарихтың тек бір түрін – позитивті тарихты ғана білеміз. Кеңес дәуірінде де солай болды. Ащы шындық немесе шынайы тарих жасырылып, тарихтың жағымсыз тұстары көбіне айтылмайтын. Тарихтың ауыр жүгін көтеруге қоғамды да дайындау керек. Өйткені, тарих тек позитивті болған жоқ, тарих тек ақ пен қара тұстардан ғана құралмайды. Тарих дегеніміз өткен күндер туралы әмбебап білім мен ғылым. Тарих бұл өткен күндер туралы шытырманға толы әңгіме емес. Тарих бұл ең алдымен нақты факт пен дерекке сүйенетін, өзінің ішкі және жалпы ғылымның әдіс-тәсілдердің жиынтығын пайдаланатын жеке ғылым саласы. Егер, біз өткен тарихымыздан тағылым алғымыз келсе, мүмкіндігімізше тарих ғылымының басты ұстанымдары – тарихилық пен объективтілікке ұмтылуымыз қажет, сонда ғана тарих қазақ ұлтының болашағына қызмет ете алады. Біржақты позитивті тарихты бойына сіңіріп келген ұлтқа, басқа ұлттың өкілі ащы шындықты жайып берсе, бұл оның тарихи танымына да, отандық тарихшылар қауымына сенімділік деңгейіне де, тарихи білімді қабылдау түрлеріне де тікелей ықпал етеді. Себебі, соңғы уақытта, Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның, осы аймақта өмір сүретін халықтардың өткені мен бүгіні туралы көпшілікке таралған, ғылыми қауым тарапынан мойындалған, ең көп оқылатын және сілтеме жасалатын ғылыми зерттеулерді шетел тарихшы-ғалымдары іске асырып жүр. Отандық тарихшылар, әсіресе жас буын әлі де оларға бәсекелестік таныта алмай келе жатыр.