Шекара сыртында жүріп, қазақтарды аштықтан арашалаған арыс

Әскерилерге арналған асхананың сыртында күні бойы нәр татпаған адамдар сарылып күтіп тұратын.

Олжас Қасым

  • 03.06.2024

6 миллион қазақтың өміріне балта шапқан аштық нәубеті - халқымыздың тарихындағы аса қаралы кезеңдердің бірі. Бұл зобалаң жылдарда бай мен кедей арасына сына қағылуына әсер еткен өз қандастарымыз да аз болған жоқ.  Алайда, тақсіретке толы алақұйын заманның өзінде өз мүддесінен гөрі халқының қамын ойлап, мыңдаған адамның жанын ажал құрсауынан құтқарған қайраткер тұлғалар жөнінде жиі айтыла бермейді. Олар туралы өскелең ұрпақтың аз білетіні өкінішті. Сол бір сұрапыл тағдырдың сұрқай суретін сезіну үшін бүгінгі буын Алаштың алғадай арыстарының өмірінен үлгі алып өсуі тиіс. Сондай ғазиз жанның бірі – Тәшпық Құтжанов болатын.

Ел басына қара бұлт үйірілген заман еді ол. Семейдегі орыс-қазақ, кейін оқытушылар семинариясын, одан соң Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген  27 жастағы Тәшпық сол уақытта Фрунзе қаласындағы Қырғыз атты әскер полкінде батальон командирі болатын. Бұл – шамамен 1930 жылдар. Тәшпық ауылдағы әкесін өзімен бірге алып кетеді.  Зерделі жігіт заманның қалай құбыларын алдын ала сезді ме екен деп ойлаймыз.  Бұл уақыт кенеттен дүниенің тыныштығы бұзылып, арпалысты-алақұйын нәубеттер  басталып жатқан кез-ді. Алдымен Кеңес одағы байлардың мал-мүлкін тартып алып, кәмпеске жасап, Итжеккенге айдады. Одан көп ұзамай Атырау мен Арқаға дейінгі ұланғайыр даланы ақсирақ аштық жайлай бастаған болатын.

Азығы таусылып, арып-ашқан қазақтар «қалалы жерге жетсек, жан сақтармыз» деген өлмелі үмітпен жақын маңдағы қалаларға, көрші мемлекеттердегі отырықшы мекендерге қарай шұбырғаны мәлім. Көбісі  діттеген жерге жете алмай, үлкен жолдың бойында жан тәсілім етіп жатты. Сол бір саяси нәубеттің кесірінен  қазақтың даласын аштық жайлаған 1932-1933 жылдары 10 мыңнан астам қазақ қырғыздың Фрунзе қаласына да ағылып келіп жатты. Шаһарға жетті  деген аты болмаса, ол жақта оларды жарылқағалы тұрған кім бар?!

Дәл осы сұрапыл күндерде батальон командирі Тәшпық Құтжанов бірнеше мың адамды аранын ашқан аштықтан аман алып қалды.  Қайраткер тұлғаның қиналған жандарға қалай жәрдем бергенін бауыры Медет Құлжанов былай баяндайды.  

«Ұлтын сүйгені үшін, қаракөз қазақтарға қарасқаны үшін соңына түсіп, тұтқанға алып, тіпті оққа байлап жіберетін кез еді ол. Сондай қиын заманның өзінде басын қатерге тігіп, полк асханасынан жауынгерлерден артылып қалған тамақты ашыққан қазақтардың ауызына тосты. Сөйтіп, ол шыбын жаны үзілейін деп тұрған талай адамның өмірін сақтап қалуға бар күшін салды. Әскерилерге арналған асхананың сыртында күні бойы нәр татпаған адамдар сарылып күтіп жүретін. Осылайша ол 1934 жылға дейін, үш жылға жуық елден келген мұқтаждарға көмектесумен болды».

Алайда, батальон командирі Тәшпықтың бұл қайырымды ісі, ұлтжандылығы әлдекімдерге жақпай қалса керек-ті. Жарамсақтар оның жерлестеріне жасаған жәрдемін  жоғары жақтағы шенділерге арызбен жеткізіп, ақыры Құтжанов орын ауыстыруға мәжбүр болады.  Тиісті бұйрық негізінде ол Түрікменстанның Қарақұм деген  жерінен бірақ шығады. Оның бір себебі, Ауғанстанмен шектесіп жатқан Түрікменстан шекарасына қарулы қарақшылар өтіп кетіп, қарашаларды тонап, белсенділерді мерт қылып отырған. 

Қарақұмда жаз мезгілінде аптап ыстық 50 градустан асып кететіні белгілі. Тәшпықты аса жауапты жұмысқа жіберген секілді көрінгенімен, шын мәнінде кезінде саяси тұтқындарды Сібірге, «итжеккенге» айдағаны тәрізді, ашыққан қазақтардың ұлтжанды қамқоршысын қапырыққа қамап, жазаға тартудың бір түрі еді.  Тумысынан табанды Құтанов бұл сынаққа да шыдас береді. Тек оның жүрегінде өмір бойы ұмытылмас қасірет жарасын қалдырған – 84 жастағы қарт әкесі Құтжанға туған жер топырағының бұйырмағаны. Шыңғыстауда түлеген қария  жазмыштың жазуымен атамекенінен 2000 шақырым жерде көз жұмды. Тәшпықтың өзі де құрт ауруына шалдығып, әскери комиссия оны одан әрі әскер қатарында қызмет етуге жарамсыз деп табады.

Алайда, елін жан-жүрегімен сүйген азаматтың ел, Отан үшін атқарған қызметі мұнымен шектелмейді. 1938 жылы Алматыға қоныс аударған Т.Құтжановты Қазақ КСР халық комиссарының төрағасы Ораз Исаев жаңа қызметке тағайындайды. Ол Қазақ КСР Осоавиахим төрағасының орынбасары болды. Бұл кезеңде аталған құрылым ұшқыштар мен танкистер сынды әскери-техникалық мамандарды, сонымен қатар атты  әскерді, атқыш мергендерді, автомобиль мен мотоцикл жүргізушілерін дайындаумен айналысқан. От пен суға  түсіп, мол тәжірибе жинақтаған Тәшпық Құтжановтың үйретері де көп болды. Қайраткер тұлға басқарған  Осоавиахим екінші дүниеүзілік соғыста шешуші рөл атқарған 753 мың 998 әскери маман даярлады. Оның сыртында бұл құрылым үлесімен майданға көмек ретінде әскери техникалар жасау үшін  15226320 сом қаражат жинап, қомақты ақшаны қорғаныс қорына жіберген. Осылайша Алаштың арда азаматы зобалаң жылдары елді азаптан құтқара жүріп,  сұрапыл соғыста біздің жауынгерлердің жеңіске жетуіне зор үлес қосты.

Фото: Gov.kz 

Байланысты жаналықтар

Қоғам белсендісі Серікжан Біләш саясаттан кететінін айтты

08.11.2024

Президент бірнеше мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

01.11.2024

Тоқаев Макронның шақыруымен Францияға барады

31.10.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасының президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

28.10.2024

Грузияда парламент сайлауы басталды

26.10.2024

Президент Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді

24.10.2024
MalimBlocks
Қоғам белсендісі Серікжан Біләш саясаттан кететінін айтты

Ол әлеуметтік желіде бейнежазба жариялады

Президент бірнеше мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Тоқаев Макронның шақыруымен Францияға барады

Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Республикасының президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Құттықтау жеделхатында Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас дамып келе жатқаны айтылды

Грузияда парламент сайлауы басталды

Елде 3044 сайлау учаскесі ашылған

Президент Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді