Аштық туралы деректер 2042 жылға дейін ашылмайды

Журналист, тарихшы Сағат Жүсіп біраз уақыттан бері 1920-33 жылдары қазақты қоғадай жапырған ашаршылық нәубетін зерттеп келеді.

Олжас Қасым

  • 01.06.2024

Қаламгер жуырда «Ашаршылық ақиқаты» сериялы кітабының үшінші томын аяқтағалы отыр. Malim.kz кітап авторымен ұжымдастыру саясатының зардаптары, ақсирақ аштықтың зерттелуі жөнінде сұхбаттасты.   

- Ашаршылық тақырыбын қай уақыттан бері зерттеп жүрсіз?   

- 20 жылдан астам уақыттан бері айналысып келемін. Деректер өте көп. Мен әу баста ашаршылық нәубетін зерттейін деп ойламадым. Әуелі Қызылорда қаласының тарихын, нақтырақ айтсам, бұрынғы Перовск шаһары жөнінде зерттеу жасап жүрдім. Материалдарды қарап отырғанда Қызылордада Совет үкіметі орнағанда, ашаршылық бірге келгенін байқадым. Осылайша зұлмат жылдар туралы деректерді жинастыруға кірістім. Бұған дейін «Ашаршылық ақиқаты» деген атаумен екі кітабым шыққан. Алғашқы еңбегім 2015 жылы, екіншісі 2020 жылы жарық көрген болатын. Енді үшінші кітабымды әзірлеп жатырмын. Компьютердің алдында көз майымды тауысып ұзақ отырғандықтан, көзім де көрмей қалды. Дегенмен, бұл еңбектің соңына таядым, баспаларға бергім келеді.  

-  Бұл еңбекте ашаршылық жылдарындағы қазақтардың тағдыры қалай баяндалады? Архив деректерін сөйлете отырсаңыз... 

- 1932 жылы біздің солтүстік өңірлерде тұратын қазақтардың көпшілігі Ресейге босып кетті. Сол кезде оларды дұрыс қарсы алмаған орыстар болды. Аштықтан арып, ашып барған қазақтардың қырылған жері де Ресей.  Олар барғанда большевиктер жергілікті халыққа үгіт-насихат жүргізіп, «қазақтар адам етін жейді, бұларды кіргізбеу керек» деп үйретеді. Орыстың шаруалары пана таппай келгендерді ішке кіргізбей, аяусыз, ұрып-соғып, айырмен түйреп, құдыққа көміп өлтірген. Мұны мен «Ашаршылықтан қашқандар» атты мұрағаттық құжаттардан оқыдым. 

Аштықтан әбден қажыған қазақтар аш балаларын аман сақтау үшін ұрлық жасауға, қайыр сұрауға барды. Аштықтан, жалаңаш суықтан, індеттен ондаған мың қаңғып келген қазақтар  қырылып мәйіттері әр жерде жатты. Ең жаманы, аман қалған бишара қазақтарға деген орыстың ұлы державалық империялық жек көрініштігі аяусыз болды. Қайда барса да алдарынан қуып шығу, бұларды өлтіру керек деген террорлық ұрандар шығып, ешкімнен аяушылық, жанашырлық көре алмады.

Архив құжаттарында жүздеген ұрып соғу, қорлау, өлтіру, өздері сот жасап өлтіружайлы деректерді оқуға болады. Тас атып, таяқпен, аңшы мылтықтарымен соғу, көлге тұншықтырып мерт қылу, аяқ-қолын тірідей байлап құдыққа тастау оқиғалары жаныңды түршіктіреді.Бүкіл ауыл адамдарын өртеп жібергендер де болғаны рас.

Мысалы Есіл-Көл ауданында Ночки деп аталатын орыс деревнясының тұрғындары өздерінің сот шешімімен екі қазақты өлтірген, біреуін отқа жаққан. Миронов сельсоветінің 20 адамнан тұратын бір бригадасы Юдин совхозының жұмысшысы БайжанТөлепбергеновті   аяусыз азаптап өлтірген. Үні шықпасын деп аузына шүберек тығып, мойнына арқан салып сүйреткен, таяқпен, мылтықтың дүмімен ұрған жағдайлар аз емес.  Волчихин ауданында бір қазақ азаматы мен әйелді ұстап байлап, тірідей бос құқыққа тастаған. Олардың мәйіттері бір жыл бойы шыңырауда жатқан. Әйелдер мен балаларды жаппай сабап азаптау жағдайлары барлық жерлерде көп болған және қалыпты саналған.  

Тағы бір мысал, Купин ВКП(б) аудандық комитетінің хатшысы Помогаевтың  ВКП(б)  Батыс Сібір крайкомына бір қазақтың отбасы мүшелерін аяусыз айуандықпен өлтірілгені жайлы баяндау хаты бар. Хат 1932 жылдың 28 қыркүйегінде жазылған. Крайкомның хатшысы  Лаврентий Берияға жіберілген баяндау жазбасында Бугрим сельсоветінен 7-8 шақырым жерде, совхоз аймағында 9 адамнан тұратын қазақтың отбасы айуандықпен кескілеп өлтірілгені айтылады. «Өлтірудің қалай жасалғандығын былайша сипаттауға болады: Бугрим сельсоветінен 7-8 шақырым жерде 9 адамнан тұратын қазақтың отбасы тұрған. Күркенің бір жағы арбамен, екінші жағы бұталармен, сырты шөппен қоршалған. Арбадан 10 сажын жерде шөп төсеніштің үстінде кескіленген екі әйелдің өлігі жатыр, бірі жас, екіншісі қартамыс, астында тазаланған бидай жатыр, жанында бұтаның түбінде қауыздары босаған масақ салынған бос қап қалған. Осы бағытта артынан кескіленіп өлтірілген бұтаға құлаған, басы балтамен шабылған алты-жеті жас шамасындағы қазақтың қызын көреміз. Сірә қыз қашып бара жатып бұтаның үстіне құлағанда артынан балтамен шабылған болса керек. Күркенің келесі тұсында екі жас баланың мәйіті (төрт-бес және он бір-он екі жас шамаларында), сірә күректің қырымен ұрып өлтірілген болса керек. Осы жерде, күркеден алыс емес, қасқырдың апанында өлтіріліп көмілген 11-12 жастағы баланың мәйіті, басы мен аяғы жерге бөлек-бөлек тасталған.Үйілген шөмеленің қасында үш еркектің, бірі 16-17 жас шамасында мәйітібар. Баланың мұрны, құлағы, мойны кесілген, қалғандарының бет-ауызы адам танымастай етіп бүлдірілген. Бұл қазақтардың кім екендігін білу мүмкін болмады. Денесінен табылған талондарға қарағанда совхоздың рабкоопында жұмыс істеген болса керек. Бұл оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын, тексерілмеген деректер бойынша Бугрим сельсоветінің  колхозшылары олардан екі қойдың еті мен 8 күміс рублін тартып алған көрінеді»,-дейді. Хатты Купин ВКП(б) райкомының секретары Помогаев жіберген. 

   Қазақстанда ашаршылық жабық тақырып

- Шаң басқан архивтерді қолданып, ұлт тарихының аңтаңдақ беттерін аршуға күш салдыңыз? Ашаршылық туралы деректерді  жинастыру кезінде қиындықтар болды ма? 

- Тәуелсіздік алып, тарихымызды шынайы зерттеп өз еркімізбен жинақтауға қолымыздың жеткеніне отыз жылдай болды. Бірақ уақытымыз бекер кетті. Қазақ үкіметі бұл орайлы сәтті дұрыс пайдаланбады. Осы кезеңде ашаршылық жайлы көптеген жаңа деректер, құпиялар ашылды. Біраз сұмдық құжатты Ресей үкіметі 2000 жылдардың басында қарауға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, көп уақыт өтпей қаншама сұмдық құпияның шет жағасын ашып қойғанын дереу түсінді. Сөйтіп, Путин бұл деректерді 2042 жылға дейін қарауға болмайды деген бұйрық шығарды. Бірақ сол аз да болса құпия құжаттарды қазақ үкіметі жұртшылыққа тарата алды ма? Жоқ. Ештеңені көрмеген болды. Өздері үшін бұл тақырыптың қаншалықты сұмдық, қорқынышты екенін қазақ басшылығы сонау 1992 жылы байқатқан еді...

Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1991 жылы арнайы комиссия құрды. Бір жылдан соң осы комиссия «30-жылдардағы Қазақстандағы ашаршылықтың себептері» жайлы қорытынды жасады.

Комиссия ұжымдастыру кезінде ашаршылыққа алып келген нормативтік құқықтық актілерді зерттеген. Құжат 1992 жылдың 22 желтоқсанында «Советы Казахстана» және «Казахстанская правда» газеттерінде орысша жарияланды.

Онымен танысып шыққан сол кездегі президент Н.Назарбаев комиссияның жасаған қорытындысынан шошып кетті деуге болады. Себебі, комиссия қазақ халқына қарсы Геноцид саясаты жүргізілгенін дәлелдеген. Бұдан кейін дереу түрде бұл мәселе қозғалмасын деген пәрмен берілді. Міне, сол кезден бері Ашаршылық тақырыбы елімізде терең зерттелуге жатпайтын тақырыпқа айналды. Жабық мәселе ретінде жылына бір рет атап өтілетін 1937 жылғы зобалаңмен бірге атап өтіледі, сылап-сипап айтылады...

- Ашаршылық тақырыбын зерттеу барысында қандай тұжырым жасадыңыз? 

- Біріншіден, біз жадынан айрылған халыққа айналып бара жатқандаймыз.

Қазіргі жастарымыз, әсіресе, орыстілділер еліміздің басынан өткен трагедияларды – төңкеріс, еріксіз отырықшылдандыру, кәмпеске, Ашаршылық, соғыс, 70 жылдық кеңестік езгіні білмейді.   

Керісінше, тәуелсіздік үшін күрескендерді қорлау дәстүрі бел алып барады. Халқы үшін, отбасы мен ұрпағын сақтап қалу үшін зорлықшылармен күрескен ата-бабаларды аяусыздықпен қырған жендеттерді мадақтап «батыр» атап жатырмыз. Оның мысалы ретінде Қызылорда қаласындағы аттарына көшелер берілген Гержодтың қазақ көмекшілерін айтуға болады. Бұл жағдай тәуелсіздігіміз үшін қырылған, жазықсыз құрбан болғандарды мазақ ету емес пе!? Еврейлер Холокосты ұмытпайды, армяндар да өздеріне геноцид жасалды дегенді әшкереледі. Арнайы заңдар шығарды. Егер осы екі ұлт өкілдеріне геноцид болмады делінсе, ондай адамды дереу арада жауапқа тартады. Себебі арнайы шығарған заңдары бар.   

Біз, қазақтар, өз тарихымызды өзіміз зерттеуден, білуден қашып одан бас тартып жүрген халықпыз. Олай дейтін бір себебім: "Ашаршылық ақиқаты" кітабымды оқығандар «өте ауыр кітап екен, жүрегім ауырды, аяғына дейін әрең оқыдым» дейді де, балаларына оқуға бермегенін, ондай сұмдықты оқымағаны жөн екенін айтады. Сонда қазақ үшін ашаршылық ұмытуға тиіс, жас ұрпақ білмеуі керек тақырып болғаны ғой?! Беті аулақ, ондай тарихты еске түсіріп қажеті жоқ дегені ғой?! «Басынан кешкен зұлматын ұмытқан халық оны қайтадан кешеді» деген шешен президенті Дудаевтың сөзі бар. Ашаршылық мәселесі сөз болса, қазақ үкіметі, тарихшылары, мамандары мен ғалымдары тартыншақтап, бүгежектеп қала береді. Айтар сөздерін түгел айтпай, жартысын жұтып қалады. Бұл не деген қорқыныш? 

- Кітапты шығару жағы қалай болып жатыр? Жәрдемдесеміз деген азаматтар болды ма? 

- Жоқ, екі еңбегімді меценаттардың көмегімен шығарғанмын. Мына кітапты  шығаруға ешқайдан көмек ала алмай отырмын. Көзім көрмеген соң тиісті жерлерге хат та жаза алмаймын. Сондай қиындық бар. 

- Сұқбат үшін рақмет. 

Фото: интернеттен

Байланысты жаналықтар

«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

06.11.2024

Матаев мектебі

01.11.2024

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

31.10.2024

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

14.10.2024

Түрмеден шыққан журналист Алсу Құрмашева – халықаралық сыйлықтың лауреаты

20.09.2024

Үкімет су тасқынын болжау үшін батиметриялық зерттеулерге қаражат бөлді

13.09.2024
MalimBlocks
«Табаннан өткен суық жаман болады». Ләйлә Сұлтанқызы жасөспірімдерге кеңес айтты

Тележүргізуші денсаулыққа мән беру керектігін еске салды.

Матаев мектебі

«Сүйінші сұраймын»: Танымал тележүргізуші кітабын жарыққа шығарады

Дина Төлепберген кітабына күйеуі туралы тың ақпарат жазған

Бас бапкер Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні мазақ қылды

Түрмеден шыққан журналист Алсу Құрмашева – халықаралық сыйлықтың лауреаты

Марапаттау Рәсімі Нью-Йоркте 21 қарашада өтеді

Үкімет су тасқынын болжау үшін батиметриялық зерттеулерге қаражат бөлді

Қаржы жабдықтар мен техникалық жарақтарды сатып алуға, зерттеулер жүргізуге бағытталады