Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

Повесть

Malim Админ

  • 21.06.2021

Дәулеттің бүгін тіпті де жолы болмады. Дым нәр сызған жоқ. Адам таңертең түлкі құрсақ кетіп, түскі ас ішпей, күні бойы жүре алатынына ол таңғалды. «Үйреніп кетеді екен-ау» деп ойлады. Өткен өміріндегі кекіріп қойып, дәмін сезбестен еш түйсінбей күйсейтін, үстелдің белін қайыстыра тізілген мол дастархандар бейне түсі сияқты, мәңгілікке келмеске кеткендей.

Аспан бейне бір кір сіңген дымқыл мақтаны түтіп, шашып жібергендей сұп-сұр. Күн жарықтық бірде сол кір сіңген дымқыл мақтаның ар жағынан майлаған шырақтай өлімсірей жылтыраса, енді бірде долы қатындай түнеріп тұр. Алматының жайма-шуақ, шаңқиған аспанын соңғы рет қашан көргені есінде қалмапты. Тек жер беті қарауытып алакөлеңкелене бастағанда, екінті ауып бара жатқанын сезді. Тұраққа ақша төлемеу үшін тым алысқа, зәр иісінен көзің ашитын, сор кемірген кірпіштері үгіліп, етек жағын зәр ізі айғыздаған, әр жерінде «мен сені сүйем» деген жазуы бар үш қабырғасы бітеу, ауыз жағы көшеге қарап, екі мысық пен бір иттің өлексесі жатқан тар қуыстағы су жаңа, қап-қара жардай көлігіне жаяу жетіп, есігін әзер ашып (қуыс тар болғандықтан, есік кең ашылмайтын) отырды. Сазда жүргендей басқан ізі былқылдап, көпіршіген сары су қалып жатты. Кептелістен сытылып шығып, үйіне қарай заулады. Кенет телефоны шырылдап қоя берді. Көптен бері ешкім қоңырау шалмай, қадірі кете бастаған құрғырға өзінің әлдебір күні түскен ескі достары хабарласып тұр ма деп дәмелене қарады. Әйелінің нөмірі көзіне оттай басылды. Құлағына селқос тосты. Әйелі қоңырау шалса, көңілі кірбің тартатын болып жүр. Он жасар қызы Айша екен.

– Әке, үйде айран, сүт, сосын, нан жоқ! Ала келесіз бе?

– Жаным, барғанда көрейікші, қазір асығыс едім.

– Жарайды, – деді қызы.

«Қара шай ішкенге өлмеспіз, ал нанды үйде пісірер. Айранды қоя тұрайық» деп ойлады іштей. «Осылардың қалтаңда ақшаң жоқ екенін біле тұра, «ананы әкел, мынаны әкел» деп қоқаңдайтыны несі екен? Әдейі қинап ләззат алатын сыңайлы» деп кейіді.

Қалтасында 200 теңгесі қалғаны есіне түсті. Бір кездері қалтасында тырсиып жүрген ақшасының есебіне жете алмай, қаншасы кетіп, қаншасы қалғанын ойлауға мұршасы болмайтын мықтың қазір жанында қалған ұсақ бақырдың әрбір тиынына дейін қалт жібермейді. Сонымен де қоймай, бір жерде түсіп қалмады ма екен деп алаңдап сыртынан басып-басып қоятыны бар. Ұсақ бақырдың санын қалт жібермегенімен, қайда жұмсау, қалай жеткізу керектігі есіне түскенде қатты қиналып жүр. Енді 200 теңгені қалай жұмсарына басы қатып отыр. Әлгінде оған бес тал шылым алып (бір қорапқа жетпейді), құшырлана тартып шерін тарқатқысы келген. Бірақ ертеңгі күні үшін ол ойынан дереу бас тартты. Әр күні түсте нәр сызбай аш жүру оған ауыр тие бастаған. Көктемнің алғашқы күні жақындап қалғандықтан ба, соңғы кезде көзі қарауытып, қол-аяғы ауырлай бастады. 200 теңге оған үлкен қазынадай-ақ көңіліне сәуле шашып тұр. «Өмірдің мәні, шынымен де, ақша болғаны ма?» деп ойлады. Ақшасы барда әрқандай қиындықты, әрқандай ауыр міндетті қайыспай арқалап алып шығушы еді. Қолында ақша толы барсеткасы жүргенде тым көңілді болатын. Иығы тік, бойы қунақы, жүрісі алшаң, жүзі жылмаң-тұғын. Қалтасының тесігі көрініп, қолынан қызыл барсеткасы кеткелі жыртылған доптай болбырап, иіні түсіп салбырап, елге имене қарайтын боп жүр. Ол кірген әрбір мекеменің есігін қарайтындар онымен тең сөйлесетін болды.

– Ертең түсте екі бәліш алып жермін, мүмкін, жемеспін. Көлік қойған кезде тұраққа төлермін. Әйтеуір, қалтаңда ақша жүру керек. Маған не болған? – деп, өз ойынан өзі шоши бастады. – Тамақ деген не, тәйірі. Тамақ деген мен ойлайтын тірлік пе еді?! Қалай ұсақталып барам...

Шынымен де, ол өткен өмірінде тамақ туралы ойлаған емес. Ойлауға уақыты да болмайтын. Ол жортқан жолдың, кірген тесіктің бәрінде неше түрлі тамақты көтере алмай, белі қайысқан үстел дайын тұратын. Қонақ күту, бос уақытындағы достармен  болған мақсатты түрдегі басқосулар болмаса, ол тамақ ішуге арнайы уақыт бөліп, арнайы жоспар құрған емес. Тіпті қарны да ашпайтын. Өйткені кешегі жеген күшті де ауыр астарды асқазаны қорытып үлгере алмай жайсызданып тұратындықтан, асқа тәбеті болмайтын. Сөйте тұра, жортқан жолынан қазы-қарта, жал-жая, тым болмағанда сары палау немесе мәнті көлденеңдей беретін. Дастарханның елеусіздеу жерінен қызара жылтыраған уылдырық пен қызыл балықтарға селқос қол созатын. Онда да дастархан иесі «Дәке, қойсаңызшы, бұл сіз жейтін ас па еді?! Еттен алыңыз» деп, тәрелкесіне майлы қазылар мен жаяларды толтырып тастайтын. Алдына келіп тұрған соң, тыжырына отырып пейілсіздеу жейтін. Сосын, біразға дейін кекіріп жүретін. Жеп отырып лоқсыған кездері де болатын.

 

***

Бір жолы өзіне іні боп жүрген Жомарт деген жігіт: «Аға, демеуші болыңызшы! Мүшәйраға әділқазы болған ақын-жазушыларға дастархан жайып жіберіңізші» деп қиылып тұрып алған соң, үйіне ақыны, жазушысы, журналисі бар – бір топ қаламгерді қонаққа шақырды. Сонда олардың тамақ жесін көріп қатты қорыққан. Олар тамақты өші бардай асайды екен. Салат жеп жатып көздері алыста тұрған өрік немесе бүлдіргенге, яки шие мен бананға қадалады. Салатыңды сыпырып болып, жеміске шүйлігеді. Екі жерден ағаш астауға салынған ет келген кезде ауыздарындағы тамақты тез-тез шайнап қылғытып жіберіп, орындарынан қипақтап қозғалып, бір-біріне қарап жымыңдағандай болады (әлде оған солай көрінді ме?). Сөйтіп, енді аналар етті жей алмай қалады-ау, «Жаман інілеріңіз сіздерге арнап байталдың сүрін асып еді. Кешігіп жатқаны... Дайын боп қалды» деп, ептеп ескертіп қоймағанымды қарашы деп уайымдап отырғанда, олай болмады. Етіңді де қылғытып салды. Сонда Дәулет «Ой еңбегінің арқасы ғой, миды көп жұмсаған адамның асқазаны да мықты жұмыс істейтін болар. Бізді бұлармен салыстыру қайда, біздікі қатып қалған, әлде тот басқан ми. Сондықтан асқазанымыз жеген тамақты дұрыс иірмейді. Денедегі ағзаның бәрі бір-бірімен тығыз байланыста болады деген рас екен» деп ойлаған. Бұл ақын-жазушыларың жарайды-ақ екен. Ысырапшылдық деген бұлардың өмірінде атымен жоқ. «Ыдыстар да, дастархан да тап-таза, жуғанға оңай болды» деп әйелі де разы. «Қонақ деген осылай болса, қойған тамақты қалдырмай жесе» деп айтып жүрді. Мұны өсек ретінде емес (ол өсек тасымайтын), разылықпен, жақсы ниетімен айтып жүрді.

Ол бұл оқиғаның байыбына енді барды. Ойласа, ол да бір заман екен. Анау-мынаудың қолы жете бермейтін, қарапайым адамдар өмірінде көрмейтін сол күшті дастархан екен. «Қазір сол дастарханда ақын-жазушылармен қатар отырсам, әй, жеуден оларды шаң қаптырармын» деп ойлады. «Әуел десең, мешкейлерді де...» Енді ойласа, үйінен тамақ ішкен кезі есінде қалмапты. Қалса да, тым аз. Елес сияқты. Енді келіп «әйелім не тамақ істеп қойды екен?» деп ойлап келеді. «Тамақты ойлай беретінім қалай?» деп ойлады тағы да, «адам мұншалықты төмендейді екен-ау...»

***

Ол көлігін қойып, сырғымамен үстіңгі қабатқа көтерілді. Есіктен кірген бойда еліктің лағындай жәудіреген төрт қызы алдынан тізіліп қарсы алды. Олардан лақтың иісіне ұқсас әдемі иіс бұрқырап тұрды. Бұрындары қыздарын кезек-кезек құшақтап сүйіп, жағалай сыйлық ұстатушы еді. Жақсы сөздер айтып еркелетуші еді. Бұл жолы өйтпеді. Көңілсіз жымиды.

– Әке, айран?

– Әке, сүт әкелмепсіз ғой!

– Әке, нан.

Біреуіне сөмкесін, біреуіне шәпкісін ұстатып, аяғын шешіп жатты:

– Ұмыттым.

Асүйден әйелі шықты.

– Болмағанда айран ала келмедің бе? Қарақұмық пісіріп жатырмын. Қыздар қып-қызыл аш. Тым болмаса қарақұмық жесін. Үйде нанның қоқымы да қалмады.

– Нанды пісірсеңші.

– Пісіргені қалай? Ұн жоқ.

– Мә, кілт, көлікте 200 теңге ақша бар, соған тигенін ал. Мен қатты шаршап тұрмын.

Бөлмесіне кіріп, киімшең сұлай кетті. Әйелінің кілтті қолынан селқос қана іліп алғанын, қыздарының есіктен кірген жерден бұрынғыдай мойнына асыла кетпегенін, әлі де бұған жаутаңдай қарап босағадан аттай алмай жүргендерін, төрт жасар қызының бөлменің есігінен жасқана ыржиып, сығалап тұрғанын есіне алды. Бөлмені қараңғылық торлап, тынысыңды тарылтатын қапырық бүркеп алды. Тамағын, мойнын тер басып, жабысқақтанып мазасы кетті. Өстіп жатып әйелінің дәлізде сырт киімін, сосын, аяқкиімін кигенін, аяғына оратылмаса да, жолында жатқан кебістерді, ұсақ заттарды, щеткаларды шкафқа дүрсілдетіп лақтырғанын, ұсақ теңгелерін қолына сығымдай ұстап шығып бара жатқанын, үйден шығып, сырғымаға мінгендегі аяқ дыбысына дейін – бәрі-бәрін естіп, сезіп жатты. Көліктен ақша алғанын, дүкенге барғанын ойша елестетті. Дүкенге кіріп, сатушы апамен қалай амандасатынын, шерменде боп жүрсе де, өтірік жымиып, өтірік күлімсірей түсіп майысып, самай шашын құлағынан асыра қайырып қойып, аз-маз қауқылдасып сөйлесетінін, сөйте тұрып дүкен ішін құныққан, зәбір көрген обыр көзімен, кеберсіген ернін жалап қойып, қызыға бір рет шолып шығатынын ойша елестетті. Бірақ қанша ойланса да, әйелінің не сатып алатынына ақылы жетпей-ақ қойды. Есіктің көзінде сұқ саусағын сорып, қап-қара шашы желкесін жауып, мөлиіп тұрған әлгі төрт жасар қызын ымдап шақырып еді, бүлдіршін соны күтіп әрең тұр екен, тез-ақ жүгіріп келіп, шалқалап жатқан әкесінің кеудесіне етпеттей кетіп, жып-жылы, жұп-жұмсақ алақанымен бетін, сосын, білектерін сипалай бастады. Бұл оның әкесінің бұлшық етін іздегендегі әдеті еді. Әкесі дереу білектерін қатайта түсіп, бұлшық еттерін бұлтита қойды. Бүлдіршін оның бұлшық еттерін қысып, мәз-мейрам болып сықылықтап күлді. Әке қызының лақтың иісі аңқыған тамағынан, ірімшік иісі шыққан шашынан құшырлана иіскеді.

– Сен білесің бе? – деді қызына, – ақша табу қиын екен. Бек қиын екен. Әкең қиналып жүр, қатты қиналып жүр. ­– Осыны айтқанда көзі дымданып, көкірек тұсы шым ете түскендей болды. Белін ештеңе қайыстыра алмаған нардай жігіт осыны айтқанда сынған жіліктей күйреп, көкірегін ащы өксік меңдеп алды. Әкең сендерді бағам деп, қатты азаптанды. Тақырға отырды. Әкелерің ез болды, – деді. Бұл сөз бүлдіршіннің құлағына кіріп те шыққан жоқ. Әлсіз де кішкентай қолдарымен әкесінің бұлшық еттерін мытып әлектеніп жатты. 

– Әкелерің сендерді оқытады. Шетелде оқытады, – деді даусы дірілдеп.

Арада бес минуттан соң қыздары асыр салып әкесімен ойнап жатты. Біреуі білегінің бұлшық еттерін қысып, біреуі бетін сипалап, біреуі кеудесінде секіріп жүрді. Тек үлкені Айша ғана әкесінің тізесін уқалап жатты.

Жарты сағат өткенде барлығы асүйге жиналып, үн-түнсіз ас ішіп отырды. Дастарханда тек қара суға қайнап пісіп буы бұрқыраған, түрі сөлекеттеу етсіз қарақұмық, жасанды сары май, нан, айран, шай толы кеселер ғана тұрды. Әйелі ештеңе жемей, қара шайды сораптап қойып, екі көзі шатынап үнсіз отыр. Оның «қарақұмық біз ішетін ас па еді?» деп ойлап отырғанын күйеуі сезді. Қазір сұп-сұр болып түнеріп отырған осы бір әйеліне алғаш танысқанда не дегені, не деп сөз салғаны есінде жоқ. Оның нені жақсы көретіні, қандай асқа тәбетінің тартатыны да бұған беймәлім. Өйткені көзді арбаған құрғыр дүниенің шектен тыс молдығы мұны айырып жатуға еш мұрса бермеді. Әуелі әйелінің өзін сүйетін-сүймейтінін де бұл нақты ажыратып білмейді. Тек жаратылыс заңдылығы бойынша өзіне әйел боп бұйырған ұрғашы ретінде мойындайды. Себебі дәурендеп тұрғанда адам біткен мұның алдында құрдай жорғалайтын. Әкесі де күлімсіреп қойып «барлығын ұл біледі, содан сұраңдар» дейтін. Ал әйелі болса қашан көрсең бұраңдап, еркелеп «отағасы айтқасын» деп сызылып отыратын. Бастан дәурен тайғалы әлгі құрдай жорғалайтындар сыртын беріп суып кетті де, әйелі одан бетер уын шашып, жолына тұрып алып, қақшаң-қақшаң ететінді шығарды. Сондықтан кімнің кім екенін есіне алғанда миы қатып жүр. Әдетте дастархан үстінде ұлардай шулап отыратын қыздары осыны сезгендей бұйығып, жасқанып дыбыстарын шығармай отыр. Қарақұмықтан олар ауыз тиген де жоқ. Тек сары май жаққан нанды обырлана асауда. «Қатын деген ақша тапсаң, балағыңа оратылатын күшік, ақша таппасаң, ысылдап кеп шағатын жылан екен-ау» деген ойға келді.

(Жалғасы бар)

Байланысты жаналықтар

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

25.06.2021

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

24.06.2021

Ең ақырғы күн -3

23.06.2021
MalimBlocks
Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

Повесть

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

Повесть

Ең ақырғы күн -3

Повесть