Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

Повесть

  • 24.06.2021

1. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн (Басы)

2. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-2

3. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-3

Басы зеңіп, көзі қарауытып, денесі бір жағына алып қашардай қисайып, әлсіреп келе жатты. Таңқурай қосқан бір шыны ыстық қызыл шай ішкісі келді. Сөйтсе барлық қайғысы, мұңы, іштегі шері – бәрі-бәрі тарқап сергитіндей сезілді. Еті үйреніп қалғаннан соң ба, әлгі бөтен иістерді сезбеді. Алма-алмұрт, банан, қияр-қызанақ, өрік-мейіздерге көзінің қырымен кектене қарап өтіп бара жатты. Бір кезде аяғы бәйшешек реңдес, қызғалдақ реңдес қызыл, сары, жасыл жеміс қалдықтарын былшылдатып басып келе жатты. Бұл адам баласы тазалап көрмеген, бұдан кейін де ешкім тазаламайтын таңғы жеміс базарының ойсырап қалған орны болатын. Банан қабықтары, шіріген, шала желінген алма-өрік, бүйірі тесіліп, тесілген жері босап көкпеңбек мүк басып, суы аққан қауын қалдықтарын армансыз басып келе жатты. Бірде аяғының асты қызанақ, құлпынай қалдықтарына боялып, жылқының қанындай қып-қызыл болып езілсе, бірде жүзім қалдықтарын былшылдата таптап, мөп-мөлдір болып сулана жылтырайды. Сақтана басады. Тез өтіп кетуге тырысып, жығыла жаздап асыға адымдайды. Кенет көзі  бір арбакешке түсті. Жыртық, жұпыны киім киген, денесі күс-күс, жағы сорайған арбакеш еш жиіркенбестен арбасының үстіне отырып алып, аяғының тырнағын алып отыр. «Шырт» еткен дыбыс шығып, тұяқтың қиқымы секірген сәтте ірі іс тындырған адамдай әлгі дыбысқа құлақ түре ернін тістеп, бір рақаттанғандай сыңай танытады. Дәулет құлазып кетті. «Шырт-шырт» еткен дыбысты естіген сайын денесі түршігіп, өңі бозарып кетті. Базардың шығаберіс есігіне жеткенде:

– Қайттың ба? – деген дауыс ойын бөліп жіберді. Қараса, бағанағы Жомарттың қасынан көрген бейтаныс. – Темекіге қалайсыз? – деді. Шегір көзінен жылу шашып күлімсіреп тұр. Дәулет үн қатпастан оның қасына барып, сол қолымен мықынын таянып терең тыныс ала, оң қолын оған созды. Ол бұған бір тал темекі ұсынды. Дәулет әлгі темекіні аузына қыстырған кезде анау тұтатып үлгерді. Бағана өзі ұнатпаған шегір көз шикіл сары Дәулетке ұнап қалды.

– Ақша бермеді ме? – деді төбеден ұрғандай етіп. Дәулет селк етіп оның жүзіне таңдана қарады.

– Сыпсыңдап кім жеткізе қойды?

– О не дегенің, түрің айтып тұр.

– «Білмейтінім биттің ішінде» десеңші!

– Одан телефон шалып ақша сұрамаған шығарсың? Өйтуге әсте болмайды.

– Оны маған несіне айтып тұрсың? Маған мұның қатысы қанша?

– Егер де телефон шалып ақша сұрамаған болсаң, онда өте жақсы болған.

– Мен үшін несіне қиналып тұрсың?

– О немеге қарадай ашуым келіп тұрғаны. Телефон шалсаң, әйеліне тыңдататын жаман әдеті бар. Мұны ит біліп пе? Бір жолы телефонда сөйлесіп отырып, «Ей, сен қатыныңның етегіне тығылып алмай, жарық дүниеге қарай шықсаңшы. Мұнда қыз деген өріп жүр» демесім бар ма? Ар жағынан «Ей, сен өйтіп байымды азғырма!» деп шәңк еткен әйелінің даусы шықты. Қорқып кетіп телефонды жаба қойдым. Содан бері бұл маубасқа өкпем қара қазандай. Бәсе, әйелі менің бүкіл құпиямды қайдан біледі деп ойлаушы едім. Мені көрсе болды, қай-қайдағы бірдеңелерді қоқсытып жүретін. Сөйтсем, телефонының даусын сыртына шығарып қояды екен бұл жындың.

Дәулеттің шекесі солқылдап, миы шыңылдап кетті.

 

** *

Мезгіл түс еді. Күн ұяң тартып, селдір бұлттардың арасынан өлімсірей жылтырайды. Дәулеттің мұздаған жауырыны сәл жіпсігендей, денесіне болымсыз қан жүгіргендей болды. Дегенмен әлі де қалтырап тұрған. Аяғы мұздап, ерні кеберсіп, ауадағы дымқыл сыз жанын қарып өзін жайсыз сезінген. Қадамын әр басқан сайын асфальттың беті шылп-шылп етіп денесін түршіктіреді. Ғұмырының қысқа екенін сезгендей әуеден баяу төгілген қар ұшқыны бетіне инедей қадалады. Ол көлігіне отырды. Соңғы кезде бойында болымсыз іске қатты ойланып, қатты қамығатын әдет пайда болыпты. Сол әдетіне басып аса күрделі есептің шешуін таба алмай қиналған студент құсап басын тұқыртып, түнеріп отырды.

– О, Берікке барайын, – деген ой келді. Сөйтті де, сәл жеңілдегендей болып тынысы кеңейіп, ауыр күрсінді. Берік мұның университеттегі курстасы. Екеуі бес жыл бірге оқып, біте қайнасқан. Бір бөлмеде тұрып, бір қазаннан болса ас ішіп, болмаса қара су ішкен қанды көйлек досы-тұғын. Қазір де аралары жаман емес. Арасында кездесіп, қауқылдасып сөйлесіп тұрады. Екеуі оқуын бітірген соң, институтта бес жылдай бірге сабақ берді. Айлықтың аздығынан ауыздары асқа жарымады. Базардағы бір таныстарынан көтерме бағада екі-екіден костюм сатып алып, әлденеше жыл бойы тізелері ағарғанша алмастырып киіп, жаны қап жүрді. Өйткені костюм киген адамды ешкім жұтап жүр деп ойламайды екен. Мұны ойлап тапқан да сол Берік болатын. «Бір костюмді бір джинсидың ақшасына алдық, ә?» деп масайрайтын да, «әй, сенің шалбарыңның тізесі ағарып кетіпті, қой, басқасын алайық» деп қарқ-қарқ күлетін де сол Берік болатын. Екеуі іркес-тіркес үйленді де, үй жалдап тұрды. Бір-бірінен «мың теңге» сұраумен өмірлері өтіп бара жатты. Балалы-шағалы болып, ыңыршақтары шығып, сол балаларына енді-енді битін сығып беруге сәл-ақ қалғанда Дәулет «атаңа нәлет қу өмір» деді де, саудаға шықты. Берік болса біраз ғылым қуып, кітап жазып, тіл үйреніп әлектенді. Қатарынан екі жыл докторантураға тапсырса да, түсе алмады. Алдын қайта-қайта кес-кестеген пысықтар адымын аштырмады. Ары бұлқынды, бері бұлқынды, еш қиюы келмеді. Сосын, Дәулеттің қымбат көлік мініп, шытырлата ақша санағанын көріп содан рухтанды ма, әлде еліктеді ме, ол да базарға кеп топ етті. Тыныш кетпеді. «Көр де тұрыңдар, мол ақша тауып келем де, докторантураңды сатып алам» деп тістеніп кетті. Базар болғанда да, «ақша тапсам болды» деді ме, елеусіздеу кәсіпке ұрынды. Темір-терсек саудасымен айналысты. Ол да жаман болмады. Дәулетті көрген сайын: «Алла-ай, кезінде 19 мың теңге айлықпен қалай өмір сүргенбіз? Қазір бар ғой, 19 мың теңгеңе мен, шындасам, түскі ас іше салам» деп тырқ-тырқ күлетінді шығарды. Темір-терсектің арасында жүріп ғылымнан қарайып қалды ма, әлде қарабайыр өмірге еті үйреніп кетті ме, жүре келе докторантура туралы мүлде ауыз ашпайтын болды. Берікті ойлап еді, жүзіне күлкі үйірілді. Онымен бірге кептер жегені есіне түсті.

** *

Студент кезі болатын. Бір жылы қыста екеуі «оқудың ақшасын шығарамыз» деп ауылдарына қайтпай, жатақханада қалып қойды. Аса жолдары бола қоймады. Көлік тұрағына қарауыл болып істеді. Кейде аш, кейде тоқ жүрді. Бір күні Дәулет шақылдаған аязда жатақханаға үзілейін деп бүрсеңдеп әрең жетсе, Берік буын бұрқыратып сорпа ішіп, сүйек мұжып отыр.

– Әй, қайдан алдың?

– Кел, өзек жалғап ал, сосын айтам.

Ненің еті екенімен, мұнша дәмді екенімен шаруасы жоқ Дәулет шырпыдай жіліктерді мұжып, балдай сорпаны қорқ-қорқ жұтып алсын да, кеудесін жалтыратып ашып тастап ал кеп масайрасын.

– Ал, айта ғой әңгімеңді, қайдан келген ет?

Сөйтсе, Берік қыстың аязында терезенің алдына аяздан паналап, нанның қоқымын іздеп келген кептерлерге тұзақ құрыпты, оған топырлап екі-үшеуі түссе керек. Оны ұстап, бастарын қағып алып, жүнін жұлып, ішін тазалап, көптен бері қайнақ судан басқа дәнеңе көрмей майсыраған қара қазанға атып ұрып, тұз қосып дәмдеп қайнатып, Дәулет келгенше сабыры жетпей жартысын бөлек алып қойып, терлеп-тепшіп жеп отырғаны екен. Екеуі ал кеп тойсын. Артынан кейде картоп қосып, кейде қоспай майға қуырып жеп, ай бойы бір рақаттанды-ау. «Бай баласы мен жарлы баласы» деген әңгімені естеріне алып, көпке дейін бір-бірін «Асан, Үсен» деп шақырып жүрді.

Дәулет Берікке қоңырау шалып, алдымен азды-кем қауқылдасып алды. Сосын, әңгімені ары созбастан бірден ақша сұрады.

– Сөздің төркіні мынау, досым, маған 20 мың теңге бере тұр.

– Берем, тыныштық па?

– Бүгінге тыныш емес, бересің бе, бермейсің бе? Менде көп уақыт жоқ.

– Саған бермей көрейін.

– Уәде бер, берсең қазір-ақ ұшып жетем.

– Иә, кел, сөйлесеміз.

– Сөйлескенді қой да, ақша бер маған.

– Берем.

** *

Ол машинаның тұмсығын «Құт жауғыр» деп аталатын базарға бұрды да, солай қарай зымырады. Базардың алдына келгенде әйелі қоңырау шалды. Бірінші қоңырауды көтермеді, іле-шала безектеген екінші қоңырауды көңілі алабұртып көтерді.

– Келе жатырсың ба?

– Қайда?

– Қайда болушы еді, үйге.

– Келе жатқам жоқ, керісінше, кетіп барамын.

– Қайда кетіп барасың?

– Ақша іздеп... қу құлқын үшін кетіп барам.

– Үйде бір түйір де азық қалған жоқ.

– Білем, шыда, сабыр ет. Сабыр еткен, күте білген адам мұратына жетеді.

– Бізге ақыл айтпа, қып-қызыл ашпыз. Аш адамға ақыл керек емес. Маған қуатты тамақтар жеу керек, білесің бе, тек қана дәрумені мол тамақтар жеу керек, талықсып барам.

– Ақша іздеп барам дедім... бітті. Несіне қадаласың?

– Не жейміз деймін?.. Не жейміз?

– Менің боғымды же! – деді ашуын тежей алмай қалш-қалш етіп.

– Өйтіп қылжақтайтының бар, кезінде мені неге аласың? Неге бала таптырасың? – деп, ар жағынан әйелінің жылаған, тұтыға өксіген даусы талықсып естілді.

– Онда баланы жұт! Қайтадан же! – деді де, Дәулет телефонды жаба салды. Артынша опық жеп, әйеліне жаны ашыды. Көз алдына оның жиырма жастағы тып-тығыз балғын денесі, ұяң да мүләйім дала гүлін елестетін аппақ жүзі, сосын, қазіргі шашы ағарып, алжа-алжасы шығып жалбыраған қайыршы бейнесі, тілініп, қабыршықтана жарылған ерні, беті майдың астынан теңбілдене көгерген қара дақтары, болбырап босаған денесі, өзіне жараспай, әр жері қалталана салбыраған киімдері елестеп өтті де, жылағысы келді.

– Байғұста нем бар еді? – деп ойлады. – Төрт бала тауып беріп, түтінімді өшірмей, үйімді күзетіп отырған жоқ па? Сол төрт баланың қайсысын құлатып, қайсысының тізесін тасқа тілдіріп, маңдайын бетонға жардырып еді?! Менің еріккен опасыз достарым мен мейірімсіз туыссымақтарымды күтем деп, түн баласы қатарынан әлденеше күн ұйқы көрмей, содан ауру тапқан жоқ па? Әй, осы қатын ауру, білем. Әйтпесе қаны неге азаяды, неге талықсиды, жасына жетпей жүзін неге әжім басады? Көзінің нұры неге таяды? Неге баладан тыйылады? Ауру мына қатын. Жүзінде көз тоятын тек мұрны ғана қалған. Бәріне мен кінәлімін. Бекер-ақ тиістім өзіне. Нем бар еді? Сосын, желге ұшқан ақшасы, тектен-текке шашылған дүние-мүлкі, тағы да қай-қайдағы бірдеңелер есіне түсіп, қояншық болған адамдай қалш-қалш етті.

Көз алдына қолына дипломат ұстап, өзінен басқаны місе тұтпайтын, бетінің ұшы шиқандай, сап-сары мысқылшыл жездесі, үйіне барса қонақпен бірге дастарханға отырмайтын, көзіне линза тағып, ауы салбыраған бұл шалбар киіп, төргі үйдің босағасына тұрып алып, аузын жыбырлатып қана амандасып, адамға кекірейе қарайтын үй жануарларын асырағыш, кешкі тоғызда бір кесе айран ішіп, басына томар жастанып ұйықтап (денсаулыққа жақсы деп ойлайды), таңертең алтыда орнынан тұрып, жылы суға бал қосып ішіп, аяғын одеялға орап газет оқитын ақсақ бажасы, жақын туыс боп келетін, қонаққа барсаң аузынан бір ауыз сөз шықпайтын, шашылған дәрілердің арасында отырып алып тізесін құшақтап күрсіне беретін, бетінде әжімнен басқа сау-тамтық жоқ томардай кемпірді, сол томардай кемпірге қорс-қорс етіп ұрыса беретін оның тіркіс ұлын, аузы бір минут сөзден босамайтын дарылдақ келінін, адамға ит пе, кісі ме деп қарамай, бөлмесінде омалып алып, күні-түні компьютер ойнайтын сол үйдің ұлы мен қызы есіне түсіп еді, тіпті қамығып кетті. Сосын, көлігінен екі тал «Персен» алып құрғақтай ішті де, ептеп ашуын басып, базарға кіріп бара жатты.

 

** *

Аты «Құт жауғыр» болғанымен, бұл базар кілең құты кеткендердің мекеніне ұқсайды екен. Қақпадан кіргеннен іші шылқылдаған су, ми батпақ, секірсең де, жүгірсең де, қашсаң да құтылмайтын қаптаған шұқанақ екен. Кілең аяғына пакет киіп, етегін көтеріп алған адамдар шалшықты шалпылдатып ор қоянша орғып жүр. Үсік шалғандай қымтанып, аяғына добалдай бәтіңке киген адамдардың ішінен бұл Берікті тапты.

Киімі жүні шала жұлынған тауықтай өрім-өрім, бет-аузы күйе-күйе, қарақожалақ біреу өзіне жақындап келе жатқанда алғашында танымай қалды. Тек дөп-дөңгелек, қап-қара шүңірейген екі көзі мен сәл-пәл сарғыш, сәл-пәл қисықтау ақсиған күрек тістерді көрген кезде барып ол Берікті әзер таныды. Алғашында сәл тосырқап тұрды да, қасына келгенде қара күйе жасырған қушиған, жүдеу, ат жақты бет пішін бірден өзіне тартып әкетті.

Олар бірден шүйіркелесіп кете алмады. Берік бір қауырт шаруалармен қарбалас боп кетті де, Дәулетке күте тұруға тура келді. Адам жүрер ми батпақ жолдың кей жеріне тақтай, кей жеріне шіріген қара қаңылтыр төселіпті. Дәулет асты лай-батпақтан былқылдаған қаңылтыр мен тақтайдың үстін сүрініп кетпейін дегендей абайлап басып Берікті күтіп тұрды. Ол болса төбесіне сауысқанның ұясы тәріздес шапка киіп алып, «Жақсы болсаң келерсің судан өтіп, сәулем-ай» деп ыңылдап ән айтып қойып, шұқыланып жүрді. Аяғындағы түйенің табанына ұқсайтын бәтіңкеден, үстіндегі қырық шоқпыт мақталы киімнен, оның үстіне қап-қара болып май сіңіп, тіптен зіл-батпан болған киімінен адымы ашылмай, Алтайдың қоңыр аюына ұқсап балпаңдап жүрді. Контейнерінің іші лақы-лұқы темір-терсекке сықай толтырылыпты да, сыртына үйдің, моншаның түрлі пештері тізіліпті. Маңайында толған темірдің қиқымдары мен қаңылтырлар, трубалар шашылып жатыр. Берік өзі сияқты жұлым-жұлым киінген екі-үш жігітке бірдеңе деп бұйрық беріп, олар зыр жүгіріп, біреуі қаңылтырларды өлшеп, біреуі әлде бір түсініксіз темірлерді дәнекерлеп, енді біреуі трубаларды кесіп жатыр. Аузына толтырып насыбай салып ап:

– Менің жігіттедім ғой, бәдін осылал істейт, – деді бірде Берік Дәулеттің қасына келіп. Енді бірде қасына жақындап келіп:

– Мен мыналалға ақша төлеймін, пайыз, – деді. Сосын шұқыланып жүрді де, біраздан кейін қайта айналып келіп: – Мен пешникпін, мыналалды көдің ғой, сатамыз, – деді тізілген пештерді нұсқап, одан қалдық темірлерді нұсқап: – Мыналалды қазіл сатам, килогламы 20 теңге, сен қоқтық деп ойлап қалма. Қатын-баланың біл айлық тамағына молынан жетеді, – деді. Сөйтті де, аузындағы насыбайын Дәулеттің аяғының астына былш еткізіп түкіріп тастап: – Жүр, кафеге барамыз, – деді. Өзі алға түсіп, ойлы-шұңқыр батпақ жолдарды шылпылдата басып, тыздақтап жол бастап отырды. Дәулет оның аузынан жерге бүркіттің саңғырығынша былш-былш етіп жабысқан «іртік-іртік» жап-жасыл насыбайға жиіркене қарап қойып артынан ерді.

(Жалғасы бар)

Байланысты жаналықтар

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

25.06.2021

Ең ақырғы күн -3

23.06.2021

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

21.06.2021
MalimBlocks
Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

Повесть

Ең ақырғы күн -3

Повесть

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

Повесть