Ең ақырғы күн -3

Повесть

  • 23.06.2021

1. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн (Басы)

2. Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-2

...Жомарт кіріп келді. Дәулетті көріп қауғалақтап, құрақ ұшып амандасып жатты. Бірақ жүзінен онша қуанбағандай, жасанды бейне байқалып тұрды. Дәулетті бейтаныс жігітке де, ағасына да таныстырған жоқ.

– Жұмыстарыңыз қалай? – деді бірден. Осыны айтқанда көзінен мысқыл шашырап тұрды. Қызыл бетіндегі өрмекшінің торындай ұсақ тамырлары көгеріп, білеуленіп шыға келген. Сосын, Дәулеттің жауабын күтпестен ағасына бұрылып, түсініксіздеу тілмен бірдеңе дегендей болды. Сөйтті де, орындыққа шалқая түсіп, төбеге қарап күрсініп қойып, терең ойланған адамның кейпіне еніп, екі жаққа кезек ырғалып отырды. Кенет көзін төбеден алмаған күйі «республикаға қан керек» деп айқайлап қойды. Ағасы орындыққа атып шығып, сөренің үстіндегі аузы-мұрнынан шыға сірескен, өзінен екі есе үлкен дорбаны жерге құлатып түсіріп, төгіп жіберді. Ішінен ақ, сары, қызылды-жасылды әртүрлі реңдегі аяқкиімдер сау етіп төгілді. Мұның ішінде ер-әйел, үлкен-кіші, тіпті кішкентай балалардың аяқкиімдеріне шейін бар болатын. Ағайынды екеу тоңқаңдап соны реттестіре бастады. Бұл үрдіс көпке созылды. Дәулет көз қырымен әлгі бейтаныс жігітке анықтап қарады. Бойы ұзын, тыртиған, бұйра бас, шегір көз, сары жігіт екен. Жүзінен «еңкейгеннің құйрығын жұлып алатын» орайшыл, пысықайлығын аңғарды.

– Паһ, жаңағы кафенің тамағының жаманы-ай... Асқазанды ауыртты-ей, ит жегірдің тамағы... Жомарт, сенің де таппайтының жоқ, – деді. Сөйтті де, Дәулетке қарап кекіріп қойды. Дәулеттің бетін бір жылы леп желп еткізгендей болды да, артынша жұмыртқа сарысының иісі мүңк етті. Ол Дәулетке бұрылып:

– Сен қайдан шыға келдің? Не істейсің? – деді. «Не істейсің?» деген осы бір ауыз сөз Дәулеттің өзі елге қоймайтын, сондай-ақ ел қойса жүйкесіне тиетін, өміріндегі ең жек көретін сұрағы еді. Оқыс қойылған сұраққа не дерін білмей, біраз тұрып қалды. «Мен жұмыс істемеймін, мен тек жұмыс істетем» деп жауап бергісі келіп оқтала бергенде, бейтаныс Жомартқа қарап:

– Ей, мен кеттім. Сен де бір көжеқырт екенсің. Барып ұйықтайын, – деді де, сыртқа атып шығып, көптің арасына сіңіп жоқ болды.

** *

Дүкен ішінде мағынасыз тыныштық орнады. Дәулет енді байқаса, дүкен едәуір кең, тынысты екен. «Дүкендерің кең екен» дегісі келді де, өзін тежеп қалды. Кенет ішке бір адам, сәлден соң екі адам кірді. Одан кейін шұбырып біраз адам кірді. Көбі әйелдер болатын. Бір кезде топырлап кетті. Ағайынды екеу олардың алдында іші ауырған адамдай зыр жүгіріп жүр. Інісі «жоқ, біздікі турецкий» десе, ағасы «барлығы бізден алып сатады» деп өтірікті сылқитып бәйек боп жатты. Бұл кезде дүкен іші бүк болып, қапырықтанып жайсыздық орнады. Дәулет тысқа шықты. Есіктің көзінде, босағадан ұзай алмай құлазып тұрған. Көзі сырттағы жаймаларға, ондағы сатушыларға түсті. Қаз-қатар жаймалар тізіліпті де, оған сан түрлі көкөністер ретті қойылыпты. Еден лас. Әр жерде банан мен шекілдеуіктің қабығы, жәшіктің қағазы, ішіне жел тола қобыраған пакеттер, шашыраған түкірік және түкірік сіңіп жап-жасыл болып езіле былжыраған насыбай көзге шалынады. Жайманың арғы жағында бір емес, бірнеше дәретхананың иісі мүңкіп тұратын асхана бой көтеріпті. Оның алдында темекісін бұрқыратып, былш-былш түкіріп, бір-екі адам қарқылдай күліп кеңес құрып тұр. Дәулеттің көзі базардың қараңғылау, күңгірттеу жарығына әбден үйренгендей болды. Оның көзі тағы да жаймаға түсті. Көбісі өзбектер екен. Көзі өрік-мейізді, жаңғақты, басқа да дәндерді жағалай бастады. Жомарттан 20 мың алам деп ойлады. Сол 20 мыңды ойша есептеді. Он мыңына азық-түлік алмақшы, алғанда да, оларды қуантатын тәтті-дәмділер алмақшы. Өйткені, өзінің ойынша, олар әбден қиналды.  Ашықты, тарықты. Бес мыңына көлігіне бензин құймақшы. Қалған бес мыңының 1500 теңгесіне телефонына ақша салса, қалған 3500 теңгесі қалтасында қалады. Осының бәрін іштей елестетіп еді, көңілі марқайып, еңсесі едәуір көтеріліп қалды. Әрине, қалтасында 3500 теңгесі бар адам еңсесін тік ұстайды деп ойлады. «Осы өрік-мейіз, жаңғақ, дәндерің Совет өкіметінің кезінде еттен қымбат болатын» деп әкесі жиі айтатын. Әлі де еттен қымбат. Қой, бұлардан азырақ қана алармын. Жүз-жүз грамнан ғана алармын. Қыздарым жаңғақты қатты ұнатады. Содан жүз грамм ғана алсам жетер. «Бұл өте майлы, өттерің толады» деп ұрсып тастармын. Ол өзбектер сатып тұрған өрік-мейіз, жаңғақ және басқа да дәндерді жағалап келе жатты. «Шіркін, қалтамда 500 теңгем болса ғой, 300 теңгесіне темекі, 200 теңгесіне жаңғақтан бір стақан сатып алар едім. Сөйтіп, бұрышқа барып құшырлана темекі шегіп, артынан жаңғақты қытырлата жер едім. Сонда қарным тоймаса да, ашқаны білінбей қалар еді. Өйткені ол майлы ғой» деп ойлады. «Осындайларды тек өзбектердің сататыны несі, сонда қазақтар жұмыс істемей ме?» деп тағы ойлады. Көзі енді жемістерге түсті. Мұнда ептеп қазақтар бар екен. Көзі ең алдымен түйебүлдіргенге түсті. «Қой, қазір қыс қой. Бұл дәмсіз» деп ойлады. Жүзімді, ананасты, құрманы аттап өтті. Анарға қарап, «әйелім «қаным аз» деп жүруші еді, апарсам ба екен?» деп бір ойлады да, бағасын көрді. Дереу «бір-екі жегенге қаны қанша толар дейсің» деп өз-өзін жұбатты да, бұдан бас тартты. Көздің жауын алып жып-жылтыр болып тұрған алмаларға қарады. Алманың неше атасы бар екен. «Ақ, қызыл түсті алмадан біраз алсам, бұған алмұрт қоссам» деді іштей. Езуі көпіршігендей болып жұтынып қойды. Жемісті қыдырып өткен көзі енді балықтарға түсті. «Тұздаған балықтардың керегі жоқ. Шортан мен сазан да керек емес, олар қымбат. Кішкентай балықтардан алайын. Ол арзан. Егер әйелім бірдеңе деп шәңк етер болса, «кішкентай балық тәтті болады, өзім осыны қатты ұнатам» дермін. Қыздарым үлкейіп қалды ғой, қылтанағы нетер дейсің».

Көзі базарды түгел тінтіп шықты. Соңында бұлдырап-шаршап үлгере алмай қалды. «Адамның құлқыны мұнша кең болар ма? Өмір мағынасыз екен-ау. Мен сонда өле-өлгенше тер төккенде құлқынымды да бітей алмағаным ба? Сонда біз, адамдар, тамақ табу үшін ғана өмір сүреміз бе? Неткен азап, неткен қайғы?» деп ойлады. Он мың теңгенің бұйым құрлы болмайтынын ойлап, өрекпіген көңілі су сепкендей басылды. Сосын, қолдың майынан, сүтінен, айранынан, құртынан біраз алғысы келіп есептеп көріп еді, миы шатасып, шекесі шыңылдап кетті. Өйткені өз өмірінде асүйдің шаруасына мүлде араласып көрмеген екен. Ылғи да әйеліне қосып, шоферін жіберетін. Содан оларды, өзін жұбатқаны болар, біраз арзандау есептей салды. Одан соң қиялында біраз картоп, сәбіз, күріш сатып алды. Сұйық майға келгенде қиялы біраз кідірді. Өйткені оның қымбат екенін жобалап білетін. Жарты литрлігі бар дегенді бірнеше рет естіген, оны бір қорап темекінің бағасына шаға салды. Оның көзі әлі де өзбектер сатып тұрған өрік-мейіздер мен жеміс-жидектерді қыдырғыштап шыға алмай жүрген. Шай, тұз, иіссабын есіне түсті де, біраз тыпырлады. Әйеліне қоңырау шалып бар-жоғын сұрағысы келіп еді, ол ойынан дереу бас тартты. Өйткені телефонында көп ақша жоқ. «Мұны әйелім түсінер деймісің, көп сөйлеп тұрып алуы кәдік емес». Сосын, ұнды ойлады. Сөйтті де, ақырын жақындап дүкеннің әйнек қабырғасынан қағаз қалтадағы ұнның бар екенін көзі шалып, көңілі орнықты. Есіктен сығалап бағасын білді. Одан кейін ойына ет түсті. Еттің оңайға түспейтінін есіне алды да, көңілі құлазыды. Қанша ойламайын-ақ десе де, бір кездегі жеген тамақтары көз алдында тізіліп тұрып алды. Ол кезде не жемеді дейсің. Ірімшік, шұбат-қымыз, айран, қазы-қарта, жал-жая бұлардың үстелінен қуаласаң да кетпейтін, сатып алмай қойсаң, біреулер әкеліп тастайтын меншікті тамақтары еді. Он мың теңгені қиялында ары тартты, бері тартты – жеткізе алмады. Содан миы шыңылдап, екі шекесі солқылдап, көзі қарауытып кетті. Әлгі дәретхананың иісі мүңкитін асхананың біреуіне барып, Жомартпен бірге ащы шай ішкісі, бірдеңе жегісі келді. Ал, шынтуайтында, үйіне қайтқысы келді.

** *

Құжынаған базар оның ызасын келтірді. Бұрын да ұнатпайтын. Табанынан шым-шым сыз өтіп барады. Бойы қалтырап, жоны мұздай бастады. Базарға күмбез етіп жапқан қаңылтыр шатыр жаңбырға қамсау болады дегені болмаса, әсіресе көктемде пайдасынан зияны көп сыңайлы. Көктемнің жылымық шуағын тосып, базар ішіне ызғарын шашып тұр. Оның үстіне сол күмбез кішкене реңдірек, тартымды болса бір сәрі. Тоттанып кей тұсы қарайып, май төгілгендей айғызданып кеткен. Дәулет бұрыштан екі аттап айналды да, Жомарттың дүкенінің алдына қайтып оралды. Жомарт туфлидің ішіне қолын тығып, кергілеп табанын майыстырып, шақпағымен астарының жүнін азырақ тұтатып, сол тұтанған жүнді иіскеп қойып бір сарыбас әйелге бірдеңе түсіндіріп жатыр. Сарыбас әйел тұтанған жүнді өзі де иіскеп, басын шұлғып қойып, әмиянынан ақша алып Жомартқа ұсынды. Туфлиін салған пакетін көтеріп, кеудесін тік ұстап тысқа беттеді. Жомарт «сау болыңыз, келіп тұрыңыз» дегені болар, оның артынан аузын жыбырлатты. Дәулетті көріп, туфли керген талқы аяғын сүйрете басып тысқа шықты.

Дәулет әрі таңданып, әрі қиналып, бойын кернеген намыс отына өртеніп,  оны азаптана күтіп тұр. Тұла бойын ғаламат бір ағыс билеп, денесі сәл қозғалса құлайтындай ауырлап, ерні тыртысып, көз алды қарауытып, алдында  адам емес, соншалықты бір кішкентай бейнеге енген, былайша айтқанда, қожайынының қас-қабағына қараған малай сияқты оны жабырқай, күйзеле күтіп тұр. Денесі дірілдеп, тамағы құрғады. Ерні икемге келмейтіндей кеберси тыртысады. Ол болса сүйретіліп, ышқынып, кердеңдеп, ұзақ бір марафоннан ең алдымен келіп, шаршап қалған адамдай жыбырлап келе жатыр. Бір кездегі «ініңізді демеп жіберсеңіз екен» дейтін, Дәулетті көрсе өтірік ыржалақтап жөтелетін, қолын бір-біріне ысқылайтын, іші-бауырына кіріп елжірейтін, «сіздің ақылыңыз керек, көмек қолыңызды аямаңыз, болмаса мына боқмұрын ініңіздің халі мүшкіл» дейтін Жомартқа ұқсамайды. Бейне ірі адам. Алдындағының бәрін жайпайтын алып піл іспетті.

Ол Дәулеттің қасына таяп келді, бетіне бетін тақап тоқтады. Дәл бір сүйісе кеткісі келген адамдай қойдың құйрық майы аралас жып-жылы дем бүріккен ерні Дәулеттің бетіне екі елі жетпей тұрды.

Не істеп жүрсіз, келмей кеттіңіз ғой, – деді. Дәулет бейне бір осында қайта-қайта келіп тұруы керектей, осында келіп тұру оның мызғымас міндетіндей-ақ осылай былш еткізді. Дәулет дәнеңе деген жоқ. Бірдеңе деу қажет емес деп түйді. Өйткені көкейін тесіп бара жатқан тек 20 мың теңге ғана еді. «Дүние күйіп кетсе де, ол маған 20 мың теңге береді» деп ойлап тұрды.

– Әкелші, сенікі қымбат шығар? Сенікінен біреу шегіп жіберейік, – деді Жомартқа. Бір кездегі Жомарт айтатын сөзді осылай өзіне қайталады. Қалай аузына түскенін білмей де қалды. Қалай айтса да, өзімсініп айтты.

– Менде темекі жоқ. Мен қойғам, аға.

– Мықты екенсің. Мен де қойғам. Бірақ әлі ұрланып, сұранып дегендей шегіп жүрмін. Қорабымен сатып алсам, көп шегіп қоям. Сондықтан таныстардан сұрап шегемін. Дегенмен қойып қалдым. Тым аз, бұрынғыдан аз. Шекпегеніме бүгін үшінші күн. Сені көрдім де, шеккім келді. Несі бар? Інісін көрген көңіл елжірейді де. Оның үстіне дәл қазір қолым бос. Қолым бос болса, осылай темекі құмарлығым ұстап кетеді, – деді Дәулет өп-өтірік. – Бір тал темекі тапшы. Тек бір тал ғана, екі тал тапсаң шекпей қоямын. Сені көрген соң шеккім кеп тұрғаны. Қорабымен алсам, тағы да шегіп алам ба деп қорқып тұрғаным. Біреуден, ана көрші әйелден сұрай сал, – деді.

Бұл қалтасында көк тиыны жоқ, тамақтың орнына көк түтінді ермек етіп, анығында, іштегі шерін басқысы келген. Бұрын да темекіге онша зауқы жоқ, ендігі жерде темекімен достасуға бел байлаған адамның мақсатсыз айтылған сандырағы болатын.

          Жомарт сылбыр қимылдап, аюша борбаңдап, желкесі күжірейіп бұрышта, қоқыс шелегінің қасында, түрін өтірік быржитып, өтірік кәйіп болғансып, көк түтінді мағынасыз сорғыштап тұрған, жас қыздарша киініп, боянса да, кәрілігін жасыра алмаған кексе әйелден темекі сұрады. Именгенде жасанды қылық көрсеткен де жоқ.

– Ей, қатын, бір тал берші, – деді. Анау болса:

Ей, жүгермек, бұзылайын дегенсің бе? Мә, бір тал, – деді.

Аға, келіңіз, – деді Жомарт, – мұнда шегіңіз.

Дәулет барды. Темекіні алып, әлгі әйелге тұтатқызды. Сосын, лезде шегіп тауысты. Асқазанына шөкімдей майлы ас барғандай әсерде болды. Алайда Жомартпен ашылып сөйлесіп кете алмады. Ендігі жерде де, бұдан кейін де онымен көңілді әңгімелесе алмайтынына көзі анық жетті. «Тек қана 20 мың теңгені алып, тезірек тайып тұруым керек» деп түйді. Тұқылы қалғанша сорғылап тұрған жалғыз тал темекіні соңғы рет, өңі бұзыла лоқсығандай бір сорды да, шелекке селқос лақтырды.

– Жомарт, – деді. Осыны айтқанда өңі құбылып, бетінен қып-қызыл рең жүгіріп өтті. Даусында да діріл бар-тұғын. Өңінен ұзақ сонар әңгіме айтатын, көжеқырт адамның бейнесі шығып тұрған. Қолы да бөтен адамның бөтен қимылын көрсетіп ербеңдеп кетті.

– Менде біраз ақша барын білесің, – деді. – Мүлік күйінде де едәуір ақша бар. Осыны айтып Жомарттың бетіне үңіліп қойды. Оның жүзі күлімсіреп, мұқият тыңдап тұрған адамның бейнесі байқалып тұр. – Елдің қолында жүрген қаншама ақша бар. Олар тек алғанды біледі, бергісі келмейді, – деді. – Саған жолай соға салып едім. Шотыма қомақты ақша түспекші бүгін. Соны күтіп жүргенім. Өте қомақты ақша еді... – Осыны айтып жүзіне тағы бір қарап еді, күлімсіреуден гөрі ол мысқылдап тұрғандай, сайқымазақ қылып тұрғандай бейне байқалды. Иегі алға шығып, тісі ақсиып, беті құбылып сақылдап күліп тұр. Бірақ дыбыс шықпайды. Тек беті ғана күледі. Мұның бұйымтайын алдын ала біліп, дайындалып алған адам сияқты. Осыны аңғарды да, Дәулет сөзден тосылып, сәл кібіртіктеп тұрып сөзін жалғады.

– Жиырма мың теңге берші, бір жаққа жол жүріп барамын. Бір апта ішінде өз қолыммен әкеп тастаймын, – деді. Сөйтті де, бетін бояуға малып алған адамдай мойнына дейін қызылкүрең болып шыға келді. Анау болса еш дыбыссыз, сойған түлкідей ыржиып тұрған жүзін еш өзгертпестен сақылдап қоя берді. Тұп-тура жарты минут сақылдап күлді. Жарты минуттан кейін күлкіден сап тыйылды да, Дәулеттің жауырынынан сипай қағып қалды.

– Ағам-ай, ә!.. Менің алтын ағам-ай, ә!.. Сіздер менде ақша бар деп ойлайсыздар ғой. Шынында, менде дым жоқ. Ештеңе жоқ. Осы бүгін таңертең ғана базардың, орынның ақысын төледім. Әрең төлеп тұрған бетім. Көтерме аяқкиім және сумка сататын нүктемді білмейсіз ғой. Ол жақта сауда бұрынғыдай болмай қалды. Өз-өзін әрең бағып тұр. Оның үстіне қанша адамға айлық төлеймін. Ренжімеңізші, түсініңізші мені, – деді.

Дәулеттің жүрегі атқақтап, денесі дірілдеп кетті. «Мына бәлеге қайдан келдім» деп ойлады. Өмірінде қаншама қиындыққа төзсе де, дәл мынадай күйзеліп, дәл осындай торығып, қорланып, өкініп көрмеген екен. Шыңылдаған басының ішінде бір жіңішке жіп тырс етіп үзілгендей болды да, теңселіп кетті. Бірақ есін жиып алды. «Сенен 20 мың теңге шықпаса, теңізден тұз шықпай қалар» дегісі келді. Айтты ма, айтпады ма, ол жағын өзі де анық білмеді. Ес-ақылы кіресілі-шығасылы болатын. Көз алдында белбеуін омыраудың астынан байлап, сол белбеуіне телефонын таққан, иегін сақал басқан, бірақ мұрты жоқ, төбесі шошақ, түте-түте тоқыма бөркін бір жақ шекесіне мықита киген, ашық қалған өңірінен бу бұрқыраған, қызыл шырайлы жүзінің әр жерінен өрмекшінің торындай көк тамырлар шыпырлаған беті торсықтай біреуді көрді. «Ышқырына телефон тағатын адамдар мына заманда әлі бар екен-ау» деп ойлады. Оны таныды. Оның осыдан тоғыз жыл бұрын: «Өзімде бары сол баяғы 40 мың теңге, 250 мың теңге берсеңіз жетеді», «Үш айда қайтарам», «Ініңізді бір демеп жіберсеңіз екен», «Мына боқмұрын ініңіздің халы мүшкіл», – деп ыржиған бейнесі – бәрі-бәрі көз алдынан елестеп өтті. Намыстан өртеніп, қалжырап тұрған денесін, бар күшін жинап тік ұстады да:

– Жақсы, аман бол! Мен кетейін, – деді. Өзінің ренжігенін білдірмеуге тырысып, еңсесін тік ұстады. «Жаңа байығаннан ақша сұрама» дегенді есіне алып, бойын ыза кернеді.

– Аға, келіп тұрыңыз, – деді ол добалдай қолын ұсынып, сілкілеп.

– Жарайды, тырысам, – деді. Бірақ «осы қараңғы қапасқа енді бас сұқсам мұрнымды кесіп берейін» деп іштей ант ішті. Маңғаз басып тысқа беттеді. Жуанды-жіңішкелі ағайынды екеудің арт жағынан ұзақ қарап, сөз қылып тұрғанын сезіп, еңсесін түсірмеуге тырысты.

(Жалғасы бар)

Байланысты жаналықтар

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

25.06.2021

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

24.06.2021

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

21.06.2021
MalimBlocks
Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-5

Повесть

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-4

Повесть

Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн

Повесть