Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн-2

Повесть

Malim Админ

  • 22.06.2021

Оқи отырыңыз: Ерболат Әбікенұлы. Ең ақырғы күн (Басы)

Түнімен әрнені ойлаған Дәулеттің ұйқысы шала болды. Ешқандай мақсатсыз, ешқандай ойсыз тысқа беттеді. Сұрықсыздау бұлт бүркеген сұп-сұр аспан түтігіп, қаралтымданып, себезгі жаңбыр бүркіп тұр екен. «Не бүлдірдім? Қай жерден қателік жіберіп қойдым?» деген орны толмас ауыр сұраққа «Енді не істемекпін? Қай жерден, қалай бастаймын? Кімге барам?» деген күңгірт те жұмбақ ой қосылғанда миының мыңғы-дыңғысы шықты. «Дәке, Дәке» деп алды-артын орап елпеңдеп, күлдіруге тырысып анекдот айтып, қытай саудагері құсап шиқылдап, қасынан кетпейтін достарының бүгін біреуі де көлеңкесін көрсеткісі келмейді. Бірдеңе істеу керек екенін ол, әрине, біледі. Әлі де талай тауды қопарып, талай бауды ақтарғысы келеді. Оған сенімі де мол. Қажыды, шаршады. Бәріне төзді. Ту сыртынан келген кедейліктің, аяғын аспаннан келтірген қырсықтың қыспағынан езілді. Өткен өміріндегі өзі түскі ас ішетін ресторандар, кім болса соны күте салатын салтанат сарайлары, ірі әңгімелердің иінін қандырып, терлеп-тепшіп шүйіркелесетін қымбат сауналар, іші пысқанда достарымен қарқ-қарқ күліп, құрыс-тырысын жазып жадырап қайтатын кальян-барлар енді келмеске кеткендей. Осыны ойлап күрсінді. Мұрнына пар бөлмедегі будың, бу сіңген ағаштың, арқа сабалайтын қайыӊ жапырағының, көк шай иісі араласқан кальян түтінінің иісі келгендей болды. «Дәл қазір 20 мың теңге тауып алсам болды. Қалғанын көре жатармын» деген бекімге келді. Өйткені 20 мың теңге, шынымен де, оның біраз жыртығын жамайтын еді. Жиырма мың теңгесіз жұтарға ауа, басарға жер қасқалдақтың қанындай ұстатпай тұрған. Дәл қазіргі халі өте мүшкіл-тұғын.

** *

– Жомартқа барайын, Жомарттан алайын, – деп шешті ақыры.

Жомарт көрші ауылда өскен бала. Ол кенже інісі Болатпен сыныптас. Жеті жас кішілігі тағы бар. Кейін барлығы қалаға беттеп, бір мектепте оқыған. Сондықтан араларында аға-інідей сыйластықтары болушы еді. Тек соңғы кезде сирек кездесетін болып жүр. Ол кәсіпкер дейтіндей, ірі кәсіпкер де емес. Қарапайым ғана малшының баласы. Дегенмен еті тірі, елпектігінің, тәуекелшілдігінің, көпшілдігінің, кішіпейілдігінің арқасында өмірде жолы болған, өз тұстастарының алдында жүрген жігіт. Мұның көз алдында жақсы көтерілді. Осыдан тоғыз жыл бұрын, студент кезінде-ақ саудаға әуестенді. Бір кезіккенінде Алматыдағы ең үлкен жабайы базардың сыртында қашып-пысып ұсақ тауар сатып жүрді.

– Мұның болмайды, – деді Дәулет, – мына түріңмен ұзаққа бармай, діңкелеп бітесің. Бұл деген – складқа басып қойып, жүздеп-мыңдап көтерме сататын тауар. Онда да сырт облыстан кемінде үш-төрт дөкей клиентің болуы керек. Соларға тонналап сатпасаң да, дағарлап сат, болмаса таста. Бұл сенің күнделік кеңірдегіңді жібітетін ғана нәпақа. – Қолымен базарды нұсқап: – Жігіт емессің бе? Қорықпай ішке кір. Кір-дағы, төрге бір-ақ қарғы. Сауда тәуекелшілдікті қажет етеді, – деген. Тағы бір көргенінде осы жабайы базардың ішінде бір қолында сақал қырғыш, бір қолында әтірі бар, айқайлап жүр екен.

– Сен әлі жүрсің бе? – деген Дәулет. – Бұлай мандымайсың.

– Ішіне кірдім ғой, аға!

– Мен саған «төрге шық» дегем.

– Жер бауырлап шығамыз ғой, аға. Бар-жоғы қоржынымда 40 мың теңгем ғана бар. Ініңізді бір демеп жіберсеңіз екен.

Осыны айтқанда қолын ысқылап, мұрнын сипалап, құнысып, бүкірейіңкіреп ыржалақтай берген. Мұнысы «сіздің алдыңызда біз кімбіз?» дегендегісі еді.

– Алдымен төрге шық! Сосын, көреміз, – деген Дәулет. – Сені демемей, кімді демейміз? Жаман ағаң аман тұрса, сенің басыңа да құс саңғырар.

Сөйткен Жомарт ерледі. Көп өтпей төрге шықты. Төр болғанда да, базардың төрге бергісіз босаға жағынан тура кіреберістегі адамдар көп жүретін орыннан бір суық контейнерді жалға алды. Әуелі Дәулетті іздеп келді. Қасына Дәулеттің кенже інісі Болатты ерте келді. Есіктен имене аттады. «Сен отыр, сен отыр» деп, бір-біріне орындық ұсынып жік-жапар болды. Алдымен Жомарт отырды. Жалтақтап, көзі жыпылықтап кабинетті тінте, таңдана қарады. Күркілдеп жөтеліп қойды. Бұған ілесіп Болат та жөткірінді. Шай, кофе құйып жүрген хатшы қызға әлденеше рет көз сүзгендей болды. Ептеп бойын үйретті. Сосын, орындықты алға сүйрелеп, Дәулетке жақындады. Іші-бауырына кіріп кететіндей елжіреп, одан сайын таяп сөйледі.

– Аға, базардан орын алдым. Іс бастадым. Уақыт бөліп ініңіздің тірлігін көрсеңізші. Сіздің ақылыңыз керек. Көмек қолыңызды аямаңыз. Болмаса мына боқмұрын ініңіздің халі мүшкіл, – деді. Қолын бір-біріне ысқылап сөйлейді екен. Мұнысы өзін төменшіктетіп көрсеткендегісі еді. Осыны айтты да, Болаттың аяғынан теуіп қалды.

– Иә, сөйтіңіз. Көмектесіңіз. Мен кепіл боламын, – деп Болат құрақ ұшты.

– Менде не ақыл қалды дейсің? Ақыл жаста емес пе? Көрмей-ақ қояйын, – деді, – саған сенем. Көзіңнен сенім мен тәуекелдің отын көрдім. Сәті келгенде арнайы барып, орныңды өз көзіммен көрем. Бірақ бүгін емес. Тоқетерін айтшы. Қанша керек? – деді.

– Өзімде бары сол баяғы 40 мың теңге. 250 мың теңге берсеңіз жетеді. Ары қарай басқа да ойлағандарым бар. Үш айда қайтарамын.

– Шатақ жоқ, – деді Дәулет. Осыны айтты да, сейфін ашып, ішінен бір бума ақша алып шығып, санап, біразын бөлектеп Жомарттың алдына тастады да:

– 250 мың теңгені үнемдеп жүресің бе? 300 мың теңге берейін. Сен де бір атаның баласысың ғой. Кеңінен жұмса. Мықты жұмыс істеу үшін мықтылармен кезігуің керек. Ал мықтылармен кезігу үшін мықты жүруің керек. Қазірше қайтармай-ақ қой. Кезі келгенде мына Болатқа бере сал, – деді.

 

** *

Өмір осылай өз арнасымен жөңкіліп өтіп жатты. «Әлгі ақша қайда?» деп Дәулет те сұраған жоқ. «Бердім» деп Жомарт та тіс жармады. «Алдым» деп Болат та үндемеді. Сөйтіп, 300 мың теңге жұмбақ күйінде қала берді.

Артынша Дәулет айтқан уәдесінде тұрып, Жомарттың саудасын көрді. Көрді де, көңілі толды. Контейнерді базарға адам аттап кіретін үлкен есіктің көзінен алған екен де, ішін адам өміріне ауадай қажет ұсақ-түйек тұрмыстық заттармен аузы-мұрнынан шығара сықап толтырыпты. Айталық, айна-тарақ, тіс шөткі, аяқ шөткі, ине-тебен, тырнақ алғыш, түбек, шүмек, сібірткі, кәкпір, ыдыс жуғыш, қазан жуғыш, құлақ және мұрын шұқығыш дейсің бе, қойшы әйтеуір, қасынан өткен адам сатып алмай өтпейтіндей керектінің бәрі бар екен.

– Мынауың жүреді, – деген Дәулет. – Мықты-ақ бастапсың. Тек қажыр-қайратың жетсе болды. Бес жыл шыда, сосын, жылы жерге көш. Жылы жер болғанда да, көтерме саудаға шық. Қашанғы бір талдан сатып жүресің?

Арада біраз жыл өтті. Жомарттың ісі, шынымен де, өрге басты. Бұл кезде ол жоны күжірейіп, денесі толысып, жүрісі баяулап, баяулағанымен қоймай, сүрініп-қабынып жүретінді шығарды. Шалбары тыртысып, тыртысқан жерінің тігісі сөгіліп, аяғы туфлиін керіп, керілген жерінің езуі бұлтиып, ырсылдап, алшаң басып, көзі күлімдеп, ерні майлана жылтырап, қасына біреулерді шұбыртып ертіп жүретін болды. Оларға қатты-қатты сөйлеп, отыра қалып жерді сызғылап, жоспарын айтып, олар қоралана отырып, бұл болса ортасында шоқиып алып, «мені тыңдаңдар» деп бастап, ұзын сонар ақыл айтатынды шығарды.

– Әй, надансыңдар ғой! Надансыңдар! Сендер түкті білмейсіңдер ғой, – деп аналарға бой бермей, өзеуреп жатқан кездері де жиі ұшырап қалып жүрді. Дәулет оны тек қана салтанатты дастархандарда көретін болды: айталық, ұлт мәселесі, ұлт мәселесіне байланысты құрылған қор немесе ұйым, белгілі бір адамның (ақын не жазушы) елу жылдық мерейтойы, бір ғалымның диссертация қорғауына байланысты жайылған қонақасы, элитаның өліміне жайылған ас, тағы осы сияқтылар. Онда да тыныш отыра алмай, зыр жүгіріп даяшыларды қойша шықпыртып жүргенін көреді. Ана жер, мына жерден «мені тыңдаңдар» деп шәңк-шәңк етіп тұншығып шыққан даусын естиді. Ол бұрынғы ақша сұрап алдына келетін алба-жұлба Жомарт емес. Әдемілеп сақал-мұрт қойған, оны сәндеп күзеген, парламенттегідей су жаңа кәстөм киіп, беті толыса жылтыраған, жүрісі салмақты, көңілі көтеріңкі Жомарт еді. Дәулеттің алдында бұрынғыдай қолын ысқылап, мұрнын сипалап, өтірік жөтеліп, алақ-жұлақ етіп, бүкірейіп ыржалақтаған жоқ. Жасқаншақтай жақындап, іші-бауырына кіре елжіреген де жоқ. Ашық, жездесімен  сөйлескендей тік тұрып сөйлесіп жүрді. Ақыл сұраудың орнына «ініңізді тыңдаңызшы» деп бастап, ұзақ сонар әңгіме айтып, арасында: «Әкеліңізші, сіздікі қымбат шығар? Сіздікінен біреу шегіп жіберейік», – деп темекі сұрап, онысымен қоймай, тырсиған жалпақ бетінен, қып-қызыл көзінен мысқылдың ізі байқалып қап жүрді. Бұл жайтты көріп Дәулет кейде қуанса, кейде іштей «осы жастар қалай өзгеріп барады?» деп налыған кезі болды.

 

** *

Осындай кездесулерден, сондай-ақ елден естігені арқылы ол Жомарт жайлы толық хабардар еді. Сонда есінде қалғаны, Жомарт әлгі саудасын жақсы дөңгелетіпті. Бес жыл қызығын көріпті. Көлік мініп, үй салыпты. Дәулеттің айтқаны айдай келіп, бес жылдан кейін бұл сауданың қызығы қалмапты. Кім көрінген істейтін болыпты. Бұл кезде ол едәуір қорланып алған екен. Әрі жалығып та жүрсе керек, бірден киім саудасына көшіпті. Онда да Дәулеттің көрегендігінен аса алмапты. Көтерме сауда істеп, одан да жолы болыпты.

– Астанаға көштім, аға, – деді бір кезіккенде жуан қарнын сипап қойып.

– Ал, ендеше, не боп қалды?

– Сөйттім. Аяқкиім саудасын істеймін. Онда да көтерме сатамын. Бір-бірден сату дегеніңіз нағыз итәурешілік екен. Жай кеңірдек жібіту ғана. Оның үстіне ұсақтап сатқаннан жалықтым. Сонда орнығып қалдым. Коттедж салдырдым. Өндіріске көшу ойымда бар.

– Алматыға қайта көшіп келдім, – деді тағы бір кезіккенінде.

– Жол болсын! Суық қысты ма?

– Суығы түк емес-ау! Табыс Алматыдағыдай болмады. Астана сауданың жері емес екен. Алматы дегеніңіз ақшаның ортасы ғой.

– Үй-күйді не істедің?

– Үй тұр. Сауда нүктем де тұр. Тек сатушы қойдым. Былайша айтқанда, бір бұтым Астанада демекшімін. Келдім де, Алматыдан қайта бір үй сатып алдым. Жаңа үй. Ішін безендіріп жатырмын. Бітуге жақын қалды. Өзім орталық базардамын. Баяғы аяқкиім саудасы. Келіп тұрыңыз, бізге де мойын бұрыңыз, – деген болатын.

Бұл биылғы әңгіме еді. Бас-аяғы тоғыз жылдың ішінде Жомарт осылай жонданып шыға келді. Дәулеттің оған ісі түседі деп кім ойлаған?! «Жер – дөңгелек» деген рас екен. Жомартқа қарай құстай зымырап барады. 20 мың теңге Дәулет іздейтін ақша ма еді? Жиырма мың теңге үшін ол бір кездері орындығын да қозғалтпайтын.

 

** *

Дәулет «жасыл базардың» артқы есігіне жеткенде жапалақтап жауған сансыз ұсақ қар ұшқындары тынбай қалықтап, жылбысқыланып, жер беті жүйкеңе тиетіндей былшылдап езіліп жатқан. Басқан жерің бақайыңа сіңіп, балағыңа шашырап, мың құбылған екіжүзді әрі мінезсіз жігіттерді есіңе түсіретін. Басқан жерің сықырлап, күртілдеп, туфлиің шылқылдағанның орнына қайыстай қайқиып, жүрген сайын жүргің келіп адымың ашыла түсетін қара суықты, қасат қарды аңсағанда көңілі тіптен құлазыды. Ол енді іші сәл қараңғылау, иісі күлімсілеу, әредік кірген адам миы ашып тайып тұрғысы келетін, дуалдарына құшағың әрең жететін ебедейсіз, едені сүрепетсіз, төбесі жұқа көне базарға кіріп бара жатты. Ойламаған жерден Құмар кезіге кетті.

         

** *

Құмар денесінде артық ет жоқ, бірақ сұңқиған сүйектілеу жігіт. Зағипа кемпірдің жалғыз баласы. Зағипа кемпір Дәулеттің тек қонақ күтуге арналған (ол кезде Дәулеттің зәулім жер үйі болған) жеке аспазы болатын. Аспаз болғанда да, бармағынан бал тамған, қолы тиген асқа дәм кіргізетін ықыласы мықты кісі еді. Былайша айтқанда, ол кісі Дәулеттің асүйінде қызмет етпейді. Дербес жүреді. Тек үйіне келетін қонақтың санын айтып шақыра қояды, бітті, азық-түлігін әкеледі де, адам ойына кіріп шықпаған сан түрлі тағамдарды мөлдірете қояды. Ондай асты жеген де, жемеген де арманда. Келген қонақ кеткенше астың дәмділігін сөз етіп, Зағипа кемпірге алғысын айтып ағынан жарылады. Мынау – сол Құмар. Сәл жұпыны. Ептеп толысқан. Жастығына қарамай, маңдайына жолақтар пайда болған Құмар. Жеті-сегіз жас кіші болса да, сырттай қараған адам Дәулетпен құрдас деп ойлап қалуы да кәдік емес. Азық-түлік көтерісіп, шешесін ары-бері тасып, Дәулеттің үйіне келіп-кетіп, шешесіне көмектесіп қонақ күтісіп, бәйек боп шай құйысатын сары бала осылай шау тартыпты.

Дәулетті көрген сайын елпеңдеп, ағалап тұратын. Әңгімелескісі келіп, бірдеңе айтқысы келетіндей, көкейінде жасырған бірдеңе бардай сезілетін. Дәулет сонда уақыты болмады ма, әлде сөйлескісі келмеді ме, әйтеуір, мән бермепті. Өңкей қасқалар тамақтарын қалай сіңірерін білмей қинала кекіріп, тістерін шұқылап, біреуі аң атқанын, біреуі шетелден кіргізген қымбат көлігін айтып кәукілдеп тұрғанда, Құмар сырттарынан қызыға тамсанып тұратын. Сонда сол қасқалар мұны кока-колаға немесе тіс шұқитын шырпыға жұмсай қоятын. Құмар бар пейілімен лыпылдап жүгіретін. Жүгіріп бара жатып ыржиып, ыржиған езуінен сарғайған тістері сулана жылтырап, аса көңілді кейіпте кетіп бара жататын. Оның қасиеті сол – біреуді тыңдағанды ұнататын. Елдің әңгімесін ыржиып тұрып, күлетін жеріне келгенде ешбір жасандылық қоспай, тырқылдап күліп тұрып тыңдайтын еді. Және сол әдеті өзіне жарасатын. Мұнымен әңгімелескен адам да марқайып қалатын. Қазір де сол әдетімен аузы аңқиып, Дәулетке ағалап, хал сұрап бәйек боп жатыр. Шешесінің жағдайын айтып жатыр. Қазір сәл қартайып, денсаулығы нашарлап үйде отырғанын, үйленгенін, әйелі осы базарда қымыз-шұбат, құрт-ірімшік, сары май мен сүт сататынын, өзі де қарап отырмай, соларды елдің үйіне тапсырыспен жеткізіп беріп жүргенін айтты.

– Жомартқа келдіңіз бе? – деді.

– Иә.

– Көрсетіп жіберейін бе?

– Сөйтші.

– Аман болыңыз, аға, – деді. Қоштасарда Дәулетке өзінің визиткасын беріп, ыржың-ыржың етті.  

(Жалғасы бар)