Театрланған көріністер түбімізге жетеді

  • 14.03.2020
  • Malim Админ

Өнер ұлтқа керек. Ұлтыңды ұлықтар тіліңе, әдет-ғұрып, салт дәстүр, діліңе, дініңе керек. Адамзат әлемі орнағалы өнер атаулыға қамқоршы қашанда мемлекет болған және солай бола береді. Бұл – мемлекет құрылымының ең басты тармағы. Мемлекет дегеніміздің өзі сол ұлттан құрылған, саяси бірліктің басшылық құрамы ғана. Ұлт жоқ жерде – мемлекетте жоқ.

Экономика үстемдігі күшейген сайын ақша, табыс табу идеология құралына айналып, билік пәрменінде тек ақша байлығы ғана бәсеке болары сөзсіз. Яғни ақылыңда, санаңда ұлт мемлекетінің негізгі құралы, идеологиясы да тек байлық деген ұғымға байланады. Негізгі, басты тізгін идеология, мемлекет тізгінінде боп, саяси биліктен  күндердің күнінде күш кеткенде, жиған байлық ұлтқа қатер әкелетіні анық.

Ақша байлық ұғымы күш алған сайын, өнер атаулы өз-өзінен құрдымға кетіп, ұлтқа, тіліңе, өнеріңе орасан зор қатер туғызатыны тарихқа аян. Мал екеш малды да тізгіндейтін қос тізгін, бір шылбыр. Қос тізгіннің бірі экономика болса, бірі - идеология. Неше жерден байысақ та, елді бүлдіретін – қызыл тіл (идеология). Әсіресе ұлттық құндылықтың азғындағаны. Мемлекет үшін өте қауіпті құбылыс түптің түбінде осы болмақ.

Қалай десек те, қазақ өнері кешегі өткен кеңес дәуірінде, еліміздің жарқын бір белесі болды. Өнер, әдебиет, ғылым саласы со заманда жинақталып, сол кезеңде қанаттанды. Кемшілігі, бір партиялық социалистік реализмнің бұғауы. Жалғыз партияның айтқанына көніп, айдауына жүргеніміз. Көнбеген мен жүрмегеннің барар жер, отырар орны белгілі. Көндік, көндірді. Соңы не болды?

О заманда өтті, кетті. Енді не отырыс? Тәуелсіздіктің негізгі байлығы тіл болса, тілді ту қылып көтерер өнер қайда? Жоқ емес бар, бірақ неге жетім, неден нашарладық?

Сауалымызға жауабымыз. Тәуелсіздіктің жөні осы екен деп, «театрланған көрініс» деген есер сөздің жетегінде, театр атаулыны небір асыл, құнды, ардақты киімімен қосып көшеге шығардық. Не таптық? Өнер сұлулығынан өрілген ақық, асыл тасты, музей төрінен ғана табылар құнды киімдерді, кім көрінгенге кигізіп, әркімнің ас суына тараттық. Бұл киімдер кешегі Абай-Тоғжан, Ақан-Ақтоқты, Абылай, Біржан, Майра, Сәкендей сұлулардың тірі келбеті екенін білсек те, біле тұра тұлпардың жабуын есекке жаптық. Тәуелсіздіктің алғашқы таңында өнер жаратылысын қорлаудың алғашқы бастамасын, әсіресе наурыз тойында осылай бастадық, атқардық.

Өнерді айтпағанның өзінде бір киер таза киімін төрде ұстар, бас киімін аяқ асты етпейтін қазақы ұғымды қорладық. Киім қадірін білмегеніміз аздай, тек сахна төрінен (кейіпкер бейнесінде) тамсанар ұлағатты АКТЁР атты құрмет иесін, көшедегі көп тобырдың ішіне қостық. Шет елдің бәрі осы дегенді үлгі еттік.

Сонау 1987 жылы (Колбиннің кезеңі) ең алғаш наурыз тойын Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз бастап,  орталық паркте өткізгенде де театрдың құнды заттарын Өзекең алаңға шығартпады, қатаң тыйым салды. Неге? Театрды музейді, ұлттың асылын қорғай білді, қорлатпады. Мұндай бастама елдің өнеріне, ертеңіне қауіпті екенін жақсы білді. Шын асылға иесі басшы екенін қатаң ескертті. Ол тыйым Өзекеңнің өзімен кетті де, кейінгі пысықайлардың басшылығы жаңа үлгідегі батыстың үйретінді бастамасы болды. Не жақсы аяқ астында тапталды. Осыған ат салысып айғай қосқан “ортақол” режиссерсымақ авторсымақ өнер басшылары алға шықты, қызмет өсті орден тақты. Әзекеңдей (Мәмбетов) өнер киесімен өскендер іштен тынды, қайғы жұтты. Бар айтар қарғыстары іште кеткен булыққан ащы зардың өксігінен аспады. «Театрланған» атты, театр атын қорлағандардың көргенсіз тойы, қолдан жазған өтірік тарихқа ұласты. Ата-баба, аруақ жарыстыру әлі тойлануда. Бұл жабайылықтың соңы қашан бітерін бір Құдай білсін.

Театрға аяқ баспайтын көпшілік «театрланған» театрды көшеден көрді, көрді де, «е театр деген осы екен ғой» десті. Көрді, білді, солай ұқты. Осындай жетесіздікті бастап берген өзіміз. Ертегідей өнерді де қорлаған өзіміз. Көсемсідік, сөйледік. Жазылмас ауру дертті жұқтырған орыс емес өз қазағың. Оған бола көп көрерменнің артында тұрған көпшілікті көп тобыр деп кіналаудан аулақпыз. Жұрттың жазығы көргенімен түйгені. Бүгінде театрға келмеу, келтіре алмау, өнер басқарғандардың өз обал-сауабы осылай басталған. Көрерменде жазық жоқ, не көрсетсең де көнеді. Білсе де, үндемейді. Қашанда үндемеудің соңғы үні жаман екенін ұқпадық.

Осы өзімізбен бірге өскен балтық жағалауы мемлекеттерінде (Эстония, Латвия, Литва) ежелден бері осы күнге шейін театр сахнасында өнерден (қойылымнан) басқа еш нәрсе өткізбейді. Қазақ театрлары керісінше. Жеке бастың мерекесі, одан қалса апта сайынғы биліктің жиылысы. Жаңадан театр салынса да құрлысы өнерге емес, жоғарғы билікті партияның отырыс жиылысының санына есептеледі. Жалпы театр залы көрерменнің көзінің қашықтығымен, құлақ есту мүмкіндігіне орай 250 дей адамнан аспау керек. Бұл табиғи заңдылық. Қазақ театр құрылысының есебі, әу бастан 700-800 адамға (жиналыс) арналған ат шаптырым алаңқай. Көрерменнің көзі көріп құлағына сөз жетпейтін қашықтыққа қандай көрермен шыдайды. Мұндай есепсіз кеңдік жоспар, өнердің соры болды. Театр өз табиғатында жиналыс жасайтын жер емес, актердің алаңы режиссердың орны.

Бүгінгі театрдың сахнасы әкімшіліктің жиылысы, одан қалса мерей той иелерінің төрі. Кесте бойынша болар, премьера репетицияның тағдыры да әкімдіктің қолында. Келіспесең, кетесің. Өзім басқарған театрларды көргеннен, білгеннен айтам. Бәрінің де тағдыры ортақ.

Тәуелсіздіктен кейін қаншама театр салынды, ашылды. Құптарлық жай. Қалқиған ғимарат өнерсіз, қызметкерлері жарымаған жалақыда отырса, онда оған не дейміз. Өзіміз қалап алған биліктің жекешелендіру саясатының соңғы алары, өздері өздері үшін салған соңғы өнер ғимараттары осы боп жүрмесін. О да бек мүмкін. Нарықтың талабы қатал. Берсең, аласың, бермесең, қаласың. Алып ғимараттың жылуымен суына кім жауапты деген сұрақ бас көтерсе, ол жерді өзіңде беріп құтыларсың. Аман болсақ, ол күнді де көрерміз. Өздері айтқандай шетелдегі өнер ордалары сондай көрінеді. Бәрінің де жеке меншік иесі бар. Өнердің де, өмірдің де тағдырын ақша шешсе, мұндай шартты шешімдер, буыны бекімеген жас мемлекеттің өнерімен өміріне өте қауіпті құбылыс екенін бір ескерейік.

Ұлтқа тірек, мемлекетке негіз, өнер, ғылым, әдебиет екенін ұмыттық. Өнерге керегі қолдау қорғауды ұмытпайық. Шығын қаражат, кіріс руханият үкіметтің міндеті. Шетел деп тамсанып, батыс деп сүйсініп, жат өнердің тұзағына түспейік. Түсірмейтін, қорлатпайтын асқақтататын – өз өнеріңмен ғылымың, әдебиетің. Мұндайда айыптау оңай, байыптау қиын. Сарқылмас қазына салт-сана, өлмес өнерді ойлайық. Өзімізді өзіміз жаттай сыйлайық, жат жанынан түңілсін. Ойлан! Қазақтың оянуы ойдан кетпесін.

Ерсайын Төлеубай, 

Қазақстанның Халық әртісі

Фото: kstnews.kz

Байланысты жаналықтар

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)

06.04.2020

Қуанышбек Ысқақов президенттен кешірім сұрай ма?

08.08.2020

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

07.04.2021

"Халқымды жақсы көріп барамын"

10.08.2020

Мұрат Шаймаран. Апам менің өлген жоқ, келеді әлі!

11.02.2021