Ұландық спортшы муайтайдан Әлем чемпионатында "күміс" иеленді

2025 жылдың 8-14 шілдесі аралығында Бангкокта (Таиланд Корольдігі) муайтайдан әскери қызметшілер арасында Халықаралық әскери спорт Кеңесінің (CISM) І әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Халықаралық додаға 11 елден: Тайланд, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, Түркия, Польша, Иран, Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан, Бахрейн және Бельгиядан 84 жауынгер қатысуда.
Турнирдің ең жарқын қатысушыларының бірі — Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының өкілі қатардағы жауынгер Әли Нәсіпқалиев. Ол Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімі атқыштар ротасының маман-бақылаушысы.
Қатардағы Нәсіпқалиев 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол өзінің керемет дайындығының, жауынгерлік рухы мен сенімділігінің арқасында іріктеу және жартылай финалдық жекпе-жектен абыроймен өтіп, жарыс финалына шығу құқығын жеңіп алды.
Шешуші кездесуде отандасымыз — Ұлттық ұлан спортшысы кәсіби шеберлік танытты. Ақтық сындағы қарсыласы тай спортшысына ғана есе жіберіп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
Фото: t.me/qr_iim_uu


Ең көп оқылған
