Қалың қарды видеоға түсірген тұрғын әкімнен кешірім сұрады
Павлодар облысы Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылында әкім қалың қар жауғаны жайлы видео түсірген қарт әйел тұрғынды кешірім сұратты.
Павлодар облысы Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылындағы қарт әйел қалың қар жауғанын видеоға түсірген. Видеода тұрғын 6 қазан күні қалың қар түсіп, тап бір қаңтар мен ақпан айындағыдай екі метр қар үйіліп қалғанын айтады. Қарлы боран соғып, есігі ашылмай, үйден шыға алмай қалғанын жеткізеді. Яғни видеода тек ауа райы айтылған.
Табиғаттың тосын мінезін таспалап алған зейнет жасындағы егде әйелді жергілікті атқамінер айыпты етуге асыққан.
"Кешірім сұрау" видеосында тұрғын бұл видеоны тек туыстарына жібергенін, ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізеді. Тұрғын таңертең немересін мектепке жібергенде есігі ашылмай қалып, қарды тазалағанын айтады. Қарт әже видеоны қайнысына жіберіп, артынша туыстары таратып жібергенін жеткізді.
Видеоны түсіріп тұрған ер адам "сол үшін әкімшіліктен келгенін" айтады.
Шағым жасайтын адам емесін тағы бір шегелеген тұрғын видео соңында кешірім сұрайды.
Алайда аудан басшылығы кейіннен ағаттық жіберілгенін түсініп, ұятты жағдай үшін ақталуға тырысты. Tengrinews-тің хабарлауынша, Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов видеоны түсірген мемлекеттік қызметкер жазаланатынын жеткізіпті.
"Ауданда бір тәуліктің ішінде жарты айда түсетін қар жауды. Біз төтенше жағдай жариялап, әкімдерге тұрғындар өтініштерін қарап, шешуді тапсырдық. Бұл әйел ауласын қар басып қалып, үйден шыға алмай жатқаны туралы видео жариялаған. Ондай видеоны басқа ауыл тұрғындары да жіберді. Әкімдер сондай тұрғындардың үйіне барып, техниканы ұйымдастырып, қар күрегені жайлы видео жіберген. Ал мына жолдас оның үйіне бардым деп есеп берген. Дұрыс түсінбеген. Бұл әйелдің күйеуі мүмкіндігі шектеулі адам, ауланы қар басып қалса, адамдар тауып, ауланы күре. Барлық әкім солай жасады, ал мына жерде тапсырманы дұрыс түсінбеген", - дейді Кәрімов Tengrinews агенттігіне.
Тәңірберген Арғын.
Фотоколлажға Баянауыл әкімдігі мен Tengrinews.kz сайтының суреттері қолданылды