"Болашақ" түлегі: Магистратурадан соң бірден докторантура оқыған дұрыс

  • 28.03.2020
  • Malim Админ

"Болашақ" халықаралық бадарламасы бойынша осы күнге дейін 13 мың адам шетелдің үздік оқу орындарында білім алып елге оралды. "Болашақ" тұлектерінің бірі  – Ұлыбританиядағы аса беделді Дарем университетінің мәдени мұралар саласындағы менеджмент бағдарламасы бойынша магистратура бағдарламасының түлегі Гүлжан Кәрібай. Гүлжан бізге берген сұхбатында "Болашақ" бағдарламасының артықшылықтары, іріктеу кезеңі мен  шәкіртақының өмірін қалай өзгерткенін айтып берді.

- Гүлжан, Дарем университетінің магистратурасына қалай түстіңіз? "Болашақ" бағдарламасы бойынша  конкурстық іріктеу қалай өтті?

- Бұл бағдарламаға күйеуім екеуміз бірге құжат тапсырдық. Бір тапсырғаннан-ақ конкурстың барлық кезеңінен сүрінбей өттік. Конкурс әділетті, ашық түрде өтті. Сөйтіп, шәкіртақы иегері атанып, келісімшартқа қол қойған соң, күйеуім екеуіміз Ұлыбританияға оқуға кеттік. Мен ол уақытта алдымен тіл курсында оқуым керек болатын, ал күйеуім бірден магистратураны бастап кеткен. Шетелге күйеуіммен бірге оқуға бір мезетте кетудің мүмкіндігі, шыны керек, аз болатын. Бірақ "Болашақ" бағдарламасының операторы  –  Халықаралық бағдарламалар орталығындағы кураторларымыз бір уақытта кетуге көмектесті.

"Болашақтың" бізге ай сайын төлейтін стипендиясы барлық шығынды жапты, бәріне жететін. Шетелде оқып жүрген басқа елдің студенттерін көргенде, "Болашақ" тәрізді бағдарлама әлемде өте аз екенін көзім жетті. Мәселен, шетелдік студенттер басқа елдің стипендияларына тапсырып, таласып жүр. Ал бізде "Болашақ" бағдарламасы қолжетімді. Сондықтан бұл бағдарлама алдағы уақытта да жалғаса берсе, үзіліп қалмаса деп тілеймін. Өйткені шетелде үздік университеттерде білім алған жастар елді өзгерте алады, елдің дамуына үлес қосады. Неге десеңіз, "Болашақ" шәкіртақысының иегерлері әлемнің ең үздік деген университеттеріне түседі.  Өйткені "Болашақтың" шәкіртақы иегерлері түсуге тиіс университеттердің тізімін жасаған. Әлбетте, " бұл университеттер тізімін әлемдік рейтингтерге қарап түзген. Мысалы, мен оқитын Дарем университетінің археология департаменті QS University World Rankings рейтингінде 4-орында.

Міне, осы үздік университеттерді аяқтағандар өз ісінің маманы, жақсы кадрға айналады. Мәселен, Назарбаев Университетінде жұмыс істейтін мамандардың 80 пайызы – болашақтықтар. Сондықтан бұл университет басқа жоғары оқу орындарынан көш ілгері.

- "Болашақ" бағдарламасы сізге не берді? Қазір немен айналысып жүрсіз?

- "Болашақ" білімімді ары қарай шыңдауға жол ашты. Дарем университетінде магистратураны үздік бітірген соң, оқытушылар "докторантураға түс, сенде оған түсетін жақсы мүмкіндік бар" деп ақыл-кеңес айтты. Әлбетте, "Болашақ" бойынша оқуды бітірген соң, елге оралып, бес жыл жұмыс істеу керек. Докторантураға қалсам қалай болады, бірақ елге қайтып барып жұмыс істеуім керек қой деп екіойлы болып жүрдім. "Болашақтағы" кураторыма хат жазып, жөн сұрап едім, кураторым "әрине, докторантура оқыған дұрыс, егер өтініш жазып, рұқсат сұрасаң, докторантураға қалуға рұқсат етіледі, ал елге қайтып келіп, жұмыс істеу жөніндегі міндеттеме кейінге шегеріледі" деді. Сөйтіп, барлық құжатты жинап, шәкіртақыны тағайындап, "Болашақ" бағдарламасы бойынша маңызды шешім қабылдайтын Республикалық комиссияның қарауына тапсырдым. Көп ұзамай Республикалық комиссия оң шешімін шығарды. Бұл бес жыл жұмыс істеу жөніндегі міндеттемемді PhD бағдарламаны оқып бітіріп, елге қайтып барған соң орындаймын деген сөз. Оқуымды биыл бітіріп, көп ұзамай PhD дәрежесін алмақпын.

Бір жақсысы, оқуды бітірген соң да "Болашақ" сенімен байланыс үзбейді, үнемі поштаға жаңа жұмыс орындары туралы хабарлар келіп тұрады. Мен білетін "болашақтықтардың" барлығының өмірі осы бағдарламаны аяқтаған соң қатты өзгерді, олар үлкен жетістіктеге жетті. Мен де докторантураны бітірген соң Назарбаев университетінде жұмыс істеп, біліммен бөліссем деймін.

Өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мәдени мұра бар, бірақ оны туристерге көрсету кемшін, сондықтан мұны арнайы оқытатын жоғарғы оқу орнын ашу керек деп тапсырды. Мен "Болашақ" бойынша дәл осы мамандықты оқыдым, яғни туристерге мәдени мұраны қаай көрсетеміз, мәдени мұраны болашақ ұрпақ үшін қалай сақтап қала аламыз, осыны меңгердім. Расында да, бұл Қазақстанда оқытылмайды. Бірақ меніңше, бөлек жоғары оқу орнын ашпай-ақ, осы бағдарламаны Назарбаев Университетінен ашсақ болғандай. Елге мәдени туризмді дамытатын кадрлар керек, оларды сол Назарбаев Университетінің базасында да дайындауға болады. Елге қайтып келген соң осы жұмысты қолға алмақпын.

"Болашақ" бағдарламасы бізге бүкіл өмірізге азық болатын білім берді. Өзім Phd оқып жүргендіктен, мынаған назар аудардым. Елімізде Phd бітірген 200 шақты адам бар. Оның қаншасы шетелде оқығанын білмеймін, бірақ "Болашақпен" докторантура бітіріп жатқандар соншалықты көп емес. Есесіне, магистратураны тәмамдағандар көп. Меніңше, "Болашақ" бағдарламасы бойынша шәкіртақы магистратура және докторантураға қатар берілсе, құба-құп. Түркия, Әзірбайжан елдері студенттерін бірден магистратура мен докторантураны бірінен кейін бірін оқитындай қылып жібереді. Бізде де осы мүмкіндік қарастырылса. Өйткені шетелде магистратура бағдарламасын аяқтаған соң,докторантураны оқып кету оңай. Есесіне, Phd оқып келген адамның отандық ғылымға қосар үлесі әлдеқайда үлкен болмақ. Магистратура мен докторантураны тәмамдап келген азаматтардың елде жұмыс істейтін мерзімі кемі он жыл болуы тиіс. Меніңше, бұдан отандық ғылым да, ғалымдардың өздері де ұтады.

 

Байланысты жаналықтар

Бес жылда 85 мектеп салынбақ

08.04.2021

Қ.Тоқаев: Үстел теннисі жеңіске жетеріне үміттімін

23.11.2020

Шымкент оқушылары олимпиадада озып шықты

04.05.2021

Аса көрнекті ғалым Рәбиға Сыздықова дүниеден озды

04.07.2020

Өркениет өзегі - ғылым

27.05.2020

Білім саласында бес бағытқа басымдық беріледі

13.04.2021