Димаш Қытай телеарнасымен бірлескен музыкалық жобасын Қазақстанда түсіреді

Қазақстанда «Voice Beyond Horizon» деп аталатын ауқымды музыкалық тележобаның түсірілімі басталды. Шоуды Димаш Құдайберген мен Қытайдың ірі медиахолдингтерінің бірі – Hunan TV телеарнасы бірлесіп жүзеге асырады.
Жобаға Қытай, Қырғызстан, Италия, Түркия және Сербиядан келген орындаушылар қатысуда. Олар Димашпен бірге Қазақстанның көрікті өңірлеріне шығармашылық сапар жасайды.
Түсірілім Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтеді.
Реалити-шоудың ақтық кезеңі елордада ұйымдастырылмақ.
Қатысушылар пойызбен жолға шығып, елдің табиғи және тарихи нысандарына аялдайды. Негізгі аялдамалар қатарында Көбейтұз көлі, Шарын және Бозжыра шатқалдары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар.
Музыканттар шығармашылық кездесулер өткізіп, жеке және дуэт түрінде өнер көрсетеді. Сонымен бірге шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, бірлескен перфоманс қойылымдарын ұсынады. Олардың өнерін халықаралық деңгейдегі кәсіби қазылар алқасы бағалайды.
Бағдарлама Hunan TV телеарнасында және Mango TV цифрлық платформасында көрсетіледі. Бұл медиаресурстардың аудиториясы Қытай мен өзге елдерде 1 миллиардтан астам көрерменді қамтиды.
«Voice Beyond Horizon» жобасы Қазақстанның мәдени мұрасын және туристік әлеуетін әлемдік аренада танытуға бағытталған маңызды бастама болмақ.
Фото: t.me/qaztourism

Ең көп оқылған
