Алма (новелла)

Malim Админ

  • 14.04.2020

Бұл өзі ұзақ әңгіменің ортасында айтылған бір қызық жай еді. Езуіне құлаған селдір мұртының жиегін уыстай сүртіп жатып, көзі күлміңдей берді. Бір әңгіме бастарда көзі күліп, езуі жыбырлап кететін әдеті.Кафе ішінде адам аз, төмен дауыспен баяу бір әуен ойнайды. Әсем басқан даяшы қыздан көзін ала беріп мынау әңгімені бастап кетті.

Алғашқы кітабым кең таралған, екінші кітапты енді шығарып болып, бір демалып қайтпаққа ауылға жолға шықтым. Бала-шағамды ертпей, жалғыз аттандым. Үйден шығарда кішкентай ұлым қоштасып жатып: «Әке, Алма мамаға барасыз ба?» – деп тақ етті. Ішім қылп ете қалды, әйелім де әлденені аңғарса да ештеңе түсінбеген бейне танытқан болды. Осыдан кейін Алма ойымнан шықпай қойды.

Ауылға апаратын автобуста терезе сыртына қараған бойы ойға кеттім. Сіз Алма деген кім болды екен деп отырған боларсыз. Асықпаңыз, ол туралы айтуға әлі уақыт бар. Әңгімені сонау балалық шақтан бастайын, себебі менің жан-дүниемде болған сол бір құбылыс балалық шағымдағы оқиғалармен тығыз байланысты деп есептеймін.

Алғаш өзімізді жігіт сезініп, қыздармен сөйлесіп, өзімізше уәделесіп, махаббат құрып жүргенбіз. Жанар есімді сүйкімді жүзді, ұзын бұрымды қызбен сөз байластым. Жымиып күлгенде әппақ тісінің арасынан тілінің ұшын шығаратын, онысы сонша сүйкімді көрінетін. Тіпті жалғыз осы қылығы үшін ұнататын болсам керек. Жазға салым оқу маусымы ақырласып, демалысқа кеттік. Жаз бойы Жанарды ойлап, сағынып, күзде аудан орталығына оқуға келдім. Алып ұшқан көңіл күймен алдымен досым Қанаттың үйіне тарттым. Барсам Қанат жоқ екен, кішкентай қарындасы: «Мектеп жаққа кеткен» деді. Қанат аудан әкімінің баласы, бірінші сыныптан бергі сыйлас досым. Мектеп ауласына кіре беріп, анадай жерде тұрған екеуді көзім шалды, көз тоқтатып қарасам Қанат пен Жанар, бір-біріне ынтыға қарап, қол ұстасып тұр. Жалт бұрылдым да кері қайттым.

Басында екеуін жеккөрдім. Бірі досым, бірі сүйгенім, бұның аты сатқындық шығар. Кейін қорландым, өйткені Жанардың таңдауы Қанатқа түсті, маған емес. Сабақ басталған кезде балаларға бәрі анық екенін білдім, жеңілісімді сездірмей, іштен тындым. Өзге біреудің талғамы алдында басқа не істеуге болсын? Екі-үш ай уақыт өткеннен кейін бәрі басылғандай болды. Өкпені де, ренішті де ұмыттым. Қанатпен досытығым сырттай болса да жалғаса берді.

Бір күні мектепке басқа ауылдан бір қыз келді. Бейтаныс қыз әрі сырлы, әрі сұлу. Алғашқылардың бірі болып өзім жақындаса бастадым. Қалашықты таныстырып, әркімге мінездеме беріп, жол көрсеткен болып тәп-тәуір араласып кеттік. Бұл қыздың аты Айгүл болатын. Айгүл маған Жанардан көрі сұлу, әрі қылықты көрінді. Дегенмен Айгүлге көбірек сенуге де болатын секілді. Мұңы мен сырын, қуанышын тек менімен бөлісетін әдет тапты. Арамыздан қыл өтпестей тату күндер өтіп жатты...

Жаңа жыл тұсындағы демалыстан қайтып келген кезде Айгүлдің де бұрынғыдай сыр аша бермейтін, суық кепке түскенін байқадым. Бұл кезде Қанат пен Жанар әлде қашан айрылысып кеткен. Күдігім көп күттірген жоқ, бір күні мектептен қайтарда Қанат пен Айгүлдің оңаша кетіп бара жатқанын көрдім...

Менің ойыма не келді? Қорлану, өкіну, жеңілу... Қанат байдың баласы, жақсы киім киеді, болашағы да жарқын. Ал менің нем бар? Осы құр сүлдерімнен басқа ешнәрсем жоқ екен. Сол күннен бастап көкірегімде бір толып болмайтын қуыс кеңістік пайда болды. Өлең жаздым, айтыстым, ән де айттым, күреспен де айналыстым, небір сұлуды құштым. Осының бәріне тойып болмайтын ашқарақ көңілмен ұмтылдым. Бірақ Қанатты қайта көрген сайын сол кеңістік аңырайып кеңейе берді. Онымен достығым да үзілген жоқ, қайта нығайта түстім. Ауылдан кетіп, жоғары оқу оқып, үйленіп, балалы-шағалы болдым. Тарих пен өнер тақырыбында көптеген ізденістер жасап, өнертанушы, тарихшы ретінде атым да белгілі бола бастады. Міне алғашқы кітаптарым шықты. Ал Қанат аудандық әкімшілікте әлдебір бөлім қызметкері. Ол да үйленген, екі баласы бар.

Ауылға қыдырып барған сайын Қанаттың үйіне де соғамыз. Досым болған соң өткен-кеткенді айтамыз. Сөз арасында «Менің екі бірдей қызымды қаратып алып едің», – деп әзілдеген боламын.Ол болса «Бәрі балалық қой» деп төменшіктеп қалады. Өзімше, дәл қазіргі ауылдағы атақ-даңқым мен мәртебем Қанатты ептеп састыратындай сезіледі. Бірақ оның өзі анау кеңістіктің бір бұрышын да жамай алмайды. Алмаосы Қанаттың әйелі. Ол – сұлу мүсінді, жылы жүзді жайдары әйел. Аздап әзілқойлығы да бар, әңгімеміз жарасып кете береді. Екі күн қонақта болғанда балам да: «Алма мама, Алма мама» деп әбден бауыр басып алды. Мен Алмаға қараған сайын оның бойынан жан теңкелмес сұлулық көре берем,бір жағынан Қанаттың әйелі екенін ойлаған сайын ішім өртене береді... Бірақ осы өрттің өзі Алмаға деген әлде бір сезімнен емес, жаңағы толып болмайтын бостықтан шығып жатқанын сезем.

Бір жарым күн жол жүріп ауылға жеттім. Ата-анаммен, туыстарыммен көрісіп бір неше күн мауқымды басқан соң, аудан орталығына, Қанаттың үйіне тарттым. Әдеттегідей қуана қарсы алды, жүзі жайнап Алма да жүрді. Кешке қарай бұрынғы дос, замандастар түгел жиналды. Қанаттың бастамасымен аудан орталығындағы жақсырақ деген бір ресторанға бардық. Ресторан кәдімгі қаладағы орташа ресторандар секілді, жақсы ремонтталған, еңселі, жеке бөлмесі мен би залы бар жап-жақсы жер екен. VIP залға кіріп, үлкен үстелді жағалай жайғастық.

– Алмажан, өзіңді сағынып қалдық қой, жаныма отырсаңшы,– дедім күле қарап, – Екі қызымды бірдей бергем, Қанат қарсы емес шығар, – деп қосып қойдым.

Достар ду күлді.

– Сен де қоймайды екенсің...

– Ал, отыршы жанына, жеп қойса сосын көрерміз...

– Мақпалды неге ертпей келгені түсінікті болды...

– Ареке, төрге шық, саған бәрі жарасады...

Қанат қарсы бетке келіп отырды. Жігіттерге сыра, қыздарға вино әкелінді. Дастарқанды әр түрлі тағамдармен толтырды. Осының бәрі келер-келместен әңгіме басталды. Әр кім өзінің естелігін айтып біраз жерге барғанда саясатқа, тарихқа ауыстық. Бұл әрине өз салам болған соң сөз тізгіні көбінде менде болды. Нені тыңдағысы келетіні, нені айтсам тосын, тың дүние болатынын анық білем, ойдан-қырдан көп сөзді жіпке тізгендей шебер тізіп келіп, сал мен серінің, әннің маңындағы тақырыпқа да тіреп үлгердім. Бұлай болған соң ән айтылып, күй шертілуі керек, ол да менің оң жамбасыма келген өнер, бір әннен бір әнге, одан күйден күйге өтіп, бір күлдіріп, бір ойлантып, өзіме мүлгіткен сайын жаным жадырап, маңдайым тершіп, бусана түстім. Алманың екі беті от болып, мені тыңдап отыр. Оның сыртында сап-салқын сыра сарайымды ашып барады. Осының бәрі ақырласып, енді өлең оқуға көштім. Өлең, әрине, сонау мектеп тұсында ғана жазылған екен, шетінен теріп оқи бастағаным сол, сол тұстағы сезімдер де қайта оралғандай болды. Қарсы алдымда төменшіктей қарап Қанат отыр. Ондағыдай емес, толған, есейген үлкен жігіт. Бірақ сонда да әлдебір биіктігі бардай, мен жетпеген бір асуды осы ғана бағындырған сыңайлы. Бағанадан бергі астам көңіл пәс тарта берді. Алдымдағы сырадан алып ұрттап қойдым.

– Е, Қанат, өткен күнде белгі бар ә,– деп жымидым.

– Балалық – ғажап еді ғой, екеуіміз не істемедік...

– Сен де мықтысың-әй, менің екі бірдей қызымды тартып әкетіп едің иә...

Осы сөзді қалай айттым, солай ішімдегі дерт қоза бастағандай болды. Екішекем қызып, басым сәл ауырған секілді, ал ішім удай ашып, әлде бір нәрсе түйреп бара жатқандай болды. Қанат жылы жымиып үнсіз отыр.

– Сөйтіп талай қыздың ішінен таңдап жүріп алған Алмаң осы болды ғой, – деп Алмаға бұрылдым, онсыз да иығына қолымды артып отыр едім,– сол Алманың алмасын бір ұстап көрейікші, – деп құшақтай келіп кеудесінен қысып ұстай алдым. Толық, жұмыр да емес, бірақ сонша болбыр да емес жұп-жұмсақ балғын омыраудың ыстығы алақаныма сезілді. Тұла бойым шымыр ете қалды. Екі көзіммен қарсы алдымда отырған Қанатты бағып отырмын, орнынан қопақ етіп тұрып кете жаздап тоқтап қалды, өңіне бояу шашқандай қып-қызыл боп кетті де, сәл өтпестен қан-сөлсіз боп-боз күйге ауысты, сосын қайтадан қызара қалды. «Бір қуарып, бір қызарды» дегенді естігенім болмаса, көргенім осы екен. Онысын жасырғысы келіп өтірік күлген болды. Бұл уақытта өзгелер әбден масайып, бірімен бірі күбірлесіп кеткен. Бұрылып Алмаға қарадым, ол да қып-қызыл. Бірақ осының бәрін қалжың ретінде қарап, жуып-шайып жіберуге үшеуіміз де қатты ынталы екеніміз аңғарылып тұрды.

– Жындылығың әлі қалмаған ғой, Арман, – деп Қанат басын шайқап күлді.

– Мақпалдай болған қайда,– деп Алма да жымиды.

– Әзіл ғой, Қанат, дегенмен Алмаң алма екен, – деп креслоға шалқайып кеңкілдей бердім.

Осы қадамға апарған әлде мастық, әлде ақымақтық болар, бірақ тура сол күннен бастап кеудемдегі әлгі кеңістік ұшты-күйді жоқ болды. Сол жолғы демалысымды жайлауға шығып, ел аралап, шынымен-ақ көңілді өткіздім. Ал Қанатпен әлі хабарласып тұрамыз, бұрынғыдай ананы-мынаны көп сұрай бермеймін, өзі айтса ғана құлақ қойып тыңдаған болам. Алма да сонша сұлу көрінбейді, көп әйелдің бірі секілді.

Ол әңгімесін осылай аяқтады да, даяшы қызға көзін сығырайта тағы бір қарап қойды.

Есбол НҰРАХМЕТ

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

11.11.2023

Неооқырман. Көркем әдебиетті оқытудың жаңа жолы

16.08.2023

Тұманбай аз ізденеді, Жұмекен үшін махаббат – зар, қырылысу...

30.06.2023

Оңғарсынова кеткен соң... Қарин уәдесін қашан орындайды?

21.10.2022

Оразбек Сәрсенбаев: «Мағауинмен ұзақ сырласып көрген жоқпын...»

18.09.2022
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Осы жұрт Нұтфолланы біле ме екен?!

Нұтфолланың әкесі де 1936-1938 жылғы «халық жауларын» әшкерелеу қызыл науқанына ілінеді

Неооқырман. Көркем әдебиетті оқытудың жаңа жолы

Әдеби контентті жаңа буынға визуалды түрде ғана жеткізуге болады

Тұманбай аз ізденеді, Жұмекен үшін махаббат – зар, қырылысу...

«Адалсың ғой, қыз бала, бүлдіретін біз ғана» деген сөзі жігіт атаулыны түп-түгел арандатушы дегені ме?

Оңғарсынова кеткен соң... Қарин уәдесін қашан орындайды?

Іздеушісі жоқ болған соң да оларға әдебиеттің керегі болмай қалған шығар?! 

Оразбек Сәрсенбаев: «Мағауинмен ұзақ сырласып көрген жоқпын...»

Біраз әңгімелестік