Жол сорабындағы үй

Malim Админ

  • 15.04.2020

Таудан ауылға қарай жел соққанда теректің жапырақтарынан жыр есіп, осынау күреңге оранған ауланың шаңдарын көтеріп, ашылмағанына бір ай болған есіктің табалдырығына тозаңдар кір қанаттарымен қона қалатын. Терезенің жақтауына өрмекші торын салған әйнектен, жасөспірімдердің кіршіксіз жанары, келіншектің кірпияз саусақтары көрініп тұрушы еді. Қазір елестейтін болыпты. Жазғытұрым ауласы гүлзарға оранып құлпыра түсетін. Қорадан сиырлардың мөңіреп, қойлардың маңырағаны, иттің үріп, балалардың у-шуы, бәрі қосылып бір оркестр бола қалушы еді. Ал қазірше, тышқан кемірген киіздер, құмырысқа үймелеген табалдырық, сынық велосипед, әрі төңкерілген қазан ғана көресің... Ал анау пештің қасында жатқан иттің табағына ботқа төгілмегелі қай заман... Уақыт кері шегінсе, соның бәрі қалпына келе қалардай әрең тұр.

***

Қапановтар отбасы у-шулап көк москивчтен топырлап түсіп жатқан. Перзентханадан шыққан Күнімханның құрметіне ауылдағылар жиналып, тәтті-пәттісін алып, шашуын шашып, көлігінің асты-үстін кәмпитке толтырған. Мергентайдың қуанышы қойнына сыймай, ауылды түгел қуыстай үйіне кіргізіп жатты. Қолында періштедей пәк қызы - Перизат, ананың жатырындағы әлемнен, әлдеқайда үлкен ғаламға келгенінен хабары жоқ, әкесінің ыстық құшағында пыс-пыс етіп ұйықтап жата берді. Көктегі қарлығаштар, би-билеп, бұлбұлдар ән шырқап, ағаштар сыбырлап, күннің жанары күлімдеп, барлығы жамырай сәбиге мейірімін төгетіндей. Бәрі-бәрі оның анасы, әкесі болуға дайындай осы бір ауладан тысқары шықпай-ақ қойды. Бұл үйде бірнеше күн бойы той болып, қуаныштан қуаныш жалғаса берді. Кішкентай сіңлілеріне әпке боп жүрген Назымның жасы – тоғызда, Гүлсімнің жасы – жетіде. Екеуі де анасына қолғабыс боп, үйдегі анау-мынау шаруаның барлығын тындырып, шаңырақтың берекесін кіргізді. Бірақ керегеден суық жыланның кіріп келе жатқанын ешкім сезбеген еді...

Күнімхан таңның атысы, күннің батысы шаруадан босамайды. Соған қарамастан бәріне үлгереді. Бірақ Мергентайдың мінезі күн өткен сайын алабұртып, алақұйын боп жүр. Әкімшіліктегі жұмысына баруды доғарып, көп ішетін болған. Күнімханды сабап алатыны тағы бар. Тұрмысқа шыққалы күйеуі ұрып көрмеген, енді не болғанына аңғарып үлгермеген әйел аң-таң күйде түн ішінде жылап отыратын болды.

Бір күні Назым көрші үйден кіп-кішкене күшік алып келді. Анасына:

– Қараңызшы, мына кәндек күшікке. Бейсенбай ата, үйіндегі күшіктің бәрін балаларға таратып жатыр, – деді. Күнімхан, жақтырмағандай қарағанымен, үйге де бір ит керек екенін құп көрді де, басын изей салды. Гүлсім қызыға қарап:

–  Атын не деп қоямыз, - деді, күшіктің арқасынан сипалап. Назым:

– Ақтөс деп қояйық, – деді.

...Ақтөс Күнімханның аяғына оратылып, қайда барса да соңынан қалмай жүрді. Күнімхан бұнысына ашулана қоймады, қайта мейірімін төгіп, табағына сүйегін тастап, құдайдың берген рызқысын аямады. Иттің бауыр басуы тез екен, тіпті, Күнімхан базарға барса да аялдамаға дейін шығарып сап, келгенінше орнынан тапжылмай күтіп тұратын.

Кешкі асты дайындап болған Күнімхан отағасын дастархан басында үй ішімен күтіп отырған сәті еді. Үйге тәлтіреңдеп Мергентай кіріп келді. Қуыстай асүйге арақтың исі мүңк ете қалды. Назым мен Гүлсім мұрындарын баса түсті. Аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан Мергентай Күнімханға ұрыса жөнелді:

– Әй, қатын, мына сені ма? Отасқанымызға он жыл болды, ерім деп бір күтіп алуың жоқ. Не бір ұл туып бермедің. Жасыңа жетпей, шашың болса анау ағарып кеткен, жүзіңді әжім басқан. Қыз кезіңдегідей қылдай мүсінің жоқ.

– Мергентай, не деп тұрсың? Енді уақыт өткен...

– Былшылдама, не бейнет көріп едің? Жетім өскеніңді айтып тұрсың ба, әлде ерте жұмысқа кірісіп, дәретхана жуып өскеніңді айтып тұрсың ба? Әлде...

– Бетіме соңғы жылдары осның бәрін басып келесіз. Өтінем қойыңызшы, келіңізші оданда ыстық көже ішіңізші. – деді. Дастарханға жақындап келген Мергентай:

– Көже дейсің бе, иттің қатыны, көже дейсің бе? Мә саған көже деп, - дастарғанды асты-үстіне төңкеріп тастады. Бұрышта бір уыс боп бүрісіп қалған балалардың үрейі ұшып, жыламсырап бір-біріне тығыла түсті. Бесікте жатқан сәби де баж ете қалды. Күнімхан қорыққан әрі таңғалған қалпымен:

– Мергентай, саған не болды? - деді.

– Не болды дейсің бе, ей сорың атқыр қатын, сені алғанша анау жесір Бағиланы алғанда осыншалықты құрдымға батар ма едім,  мұншалықты бейшара болар ма едім. Ол сенен әлдеқайда сұлу әрі ақылды. Мен оны сүйіп келгем, сүйе де берем. Сені көрген күніме қарғыс атсын, - деді де Күнімханды томардай жұдырығымен көк ала қойдай ғып ашуы тарқағанша ұрды, сосын есікті тарс жауып үйден шығып кетті. Далада Мергентайдың боқтыққа толы бақырған үні естілді. Сосын «Аяғым, аяғым, бұл үйдің иті де малғұн» деп, итті бір тепті-ау деймін, кәндектің қыңсылаған үні қораға дейін естіліп барып үзілді. Шаңырағы шайқалған үйдің ортасында мең-зең күйде Күнімхан етегін жасқа толтырып, қан басқан бетін сүртіп отырды. Күйеуінің жесір Бағилаға бірнеше жылдан бері барып жүретінін білсе де, өзін төмпештеп ұрып жатса да еш сыр берген емес. Ал Мергентай түн ішінде тұрып кетіп қалатынды шығарған, сосын уақыт өте келе үйге қонбауды шығарды. Осы үйдің шырқы бұзылмасын деп еркегінің қыңыр-қисық мінезінің бәрін көтеріп келеді. Енді қайтпек керек. Ол есін жиып түк болмағандай дастарханды көтеріп, үйді жинастырып балаларына тамақ берді. Ішінде тек қана бір ауыз сөз: «Балаларымды қалайда жеткізуім керек...»

Түн ішінде Ақтөс ұзақ ұлыды...

Мергентай Бағиланың есігін барып қақты. Бұл уақытта Мергентайдан басқа ешкім келмейтінін білгеннен бе, «Кім бұл?» деп сұрамастан есікті жәймен ашты. Мергентай есі ауған адамша Бағиланың қу жанарына қарап тұрып:

– Жаным, ішке кірейік сөйлесетін әңгіме бар.

– Тез оралдың ғой, әйелің қуып шыққаннан сау ма?

– Айтпашы сол мыстанды, алдыма түс, айтарым бар, - деді де екеуі түкпір тамға қарай кірді, іңірде екеуі ішкен коньяктың рөмкелері, жеген балықтары, жердегі шашылып жатқан көрпе-жастықтары бәрі сол қалпында. Құдды бір Мергентай ешқайда кетпегендей.

– Ал, - деді Бағила қысық көзін одан бекер сығырайта түсіп, сосын орындыққа екеуі жайғасты. – Бірдеңе ішесің бе?

– Арақ бар ма?

– Бар, қазір, - деп, қабырға шкафынан арақтың бөтелкесін шығарып, екі бокалға толтырып құйды. – Ішші, жігітім, шөлің қанғанша, күйігің басылғанша іш, - деді. Мергентай бокалды аузына бір төңкере салды да, қиярды сүйкімсіз бір тістеді.

– Үйдегі қатын құрысын, сүймеймін оны. Үйдегі шаруадан басқа білетіні жоқ. Әлемде не боп жатыр, дүниеде нендей жаңалық бар, түк білмейді. АҚШ-тың қазіргі президентін сұрасаң: «АҚШ деген не?» дейді. Тым сауатсыз, жек көрем. Мен сені сүйемін, - деп, еденге дүрс ете отыра қап, оның аппақ балтырына қос қолын батыра қысып алды. Бағиланың құмарға толы жанарына қарап тұрып, ішіндегісін ақтарып салды:

– Сені сүйем, Бағила. Сен бәрін білесің, бәрінен хабарың бар. Сен ғажапсың, сұлусың, ақылдысың. Кетейікші екеуміз, қашайықшы бәрінен. Осы ауылдан шығайықшы, әлем көрейікші. Бәрін тастайықшы. Үй, бала-шаға бәрі қалсын, ештеңені ойламайық. Тек екеуміз және әлем ғана бар, басқа ештеме жоқ, – деп, қолдарын қыздың мықынына жүгірте бере, иіскелеп, сүйе бастады. Бағиланың көзінен ойнақшып, дегеніне жеткен адамдай ләззатты күйде:

– Жарайды, кетсек кетейік, жаным. Мен де осы ауылдан шаршап кеттім. Үйден бір адым бассаң болды, шал-кемпір мен бала-шаға. Сол кәрі қақпастардың ақылынан-ақ жалығып болдым. Не өлмейді, өлсе де бітпейді. Кетсек кетейікші, Алматыға болмаса, Астанаға барайық. Сол жақта қалып жұмыс істейік, біржолата қалайық. Тек мына жаққа келмей-ақ қояйықшы.

– Келмейміз, ханшайымым! Қалада екеуміз ғана қаламыз, қалай өмір сүрсек те өзіміз білеміз. Ол жақта бұндай дәстүр мен дінге қатып қалған шал-кемпірлер жоқ. Ол жақта бұндай ауыл жоқ, не істеп, не қойсаң да жұрттың сенде шаруасы болмайды.

– Жөн-ақ, алайда ол жаққа бару үшін ақша керек, қайтпекпіз? Мен үйді сатармын, басқа ештеңем жоқ...

– Біраз жыл бойы тығып жинаған азды-көпті ақшам бар. Және қатынымның күміс, алтындары бар. Ол бәрібір оларды тақпайды, дүниеге қызықпайды, қатынымның сонысы жақсы, - деп азғын езуімен күліп алды. – Және үйді сатам, көк москвичті сатам, тракторымды сатам. Соның бәрі, сосын сенің үйіңді қосқанда ақшамыз жетіп қалады-ау, ал қалғанын сосын көре жатармыз...

– Үйді сатсаң қатын-балаң далада қалмай ма? – деді, Бағила кекесінмен сынай түсіп.

– Оларға үй табылады ғой, жерде қалмас. Не көп, туған-туыс көп.

...Күн артынан түн, түн артынан күн жалғасып өте берді. Ештеңе өзгермеген, есік алдындағы күндегі тіршілік. «Сырт-сырт» етіп үй сыпырып жүрген Назым мен Гүлсімнің бір күлісіп, бір өкпелесіп жүргені. Қолынан іс түспеген Күнімханның ары-бері шапқылаған жүрісі. Әйтеуір осы үйде өмір барын, тіршілік барын көрсетіп тұрғандай. Мергентайдың үйге айлық әкелмегені қай заман. Күнімхан әйтеуір үндемейді, жыланның ініне қолын сұғып қайтеді. Жалғыз сиырдың сүті мен құрт-айран сатып, күндерін көріп жүр. Мергентай үйге келсе, аптасына бір келеді, келсе де көп отырмайды, томсырайып тамағын ішеді де, қатынын бір сабап алады. Қолынан әйтеуір қағаз түспейді, Күнімхан сол қағаздарға не болды екен деп, көзін тігіп қап еді «баж» ете қалды: «Нең бар, ауданның қағаздары, бәрібір түсінбейсің сен» деп, зекіп тастады. Алайда бір білгені бар ма, «мына жерге қол қойып жіберші» деді, сыпай түрде. Ойында ештеңе жоқ Күнімхан қағазға шимай-шатпақ қып қол қойды. Бірақ күйеуінің зекігенін көңіліне алып қалған әйел, содан бері қағаз атаулысына қарау былай тұрсын, айналып өтетін болды.

Ақтөстің болса, Мергентайдан жек көретін адамы жоқ. О несі екен, қарасын көрсе болды, шәңкілдеп үре жөнеледі. Мергентай мына итті атам деп бірнеше рет оқталғаны бар еді, Күнімхан аяғына жармасып «тоқта да тоқта, көкем» деп,  жығыла түсіп, арашалап алған. Ақтөс үшін таяқ та жеген. Ашуын әзер тыйған Мергентай: «О заманда, бұ заман ит өз иесіне үре ме екен, енді алдымнан үріп шығатын болса, айтпады деме, атам» деп, жарылардай бұлқан-талқан болып кетті. Ендігәрі Мергентай атып жүрсе, қой, бәлесінен аулақ деп Ақтөсті Күнімхан  ит күркесіне байлап қоятын болды. Кәндек ит, ары үріп, бері үріп ақыры босатпасын білді-ау деймін, үруін қойды.

Күнімханның шашының ағы қалыңдай берді, бетіндегі әжімі тереңдей түсті. Жүрегі шаншып ауыратынды шығарды. Барған сайын шау тартып, жүйкесі тоза берді. Анда-санда бір талып қалатын болды. Кішкене қыздары шешесіне жалынып дәрігерге қаралуын өтінсе де, байқұс ана: «жоға, ештеме емес, шаршағаннан ғой, ертең-ақ қойып кетеді» дейтін. Мергентайдан екі аптаның жүзі болды хабар жоқ. Соны уайымдап, түн баласы дөңбекшіп ұйықтай алмай шығатын болды. Жүре бастаған Перизатының келешегін ойлап, бойжетіп қалған қыздарының ертеңін уайымдап, түн қараңғысында шаштарына жұлдыздардың қоқымдары үздіксіз қона берді...

Бір күні үйіне қап-қара «ланд-круизер»көлігінен бірнеше адам келіп түсті. Қарындары қампиған, костюм-шалбар киген, бірі қызыл галстук таққан, енді бірі көк галстук таққан екі еркек және көзі шарасында ойнақшып қалған сорайған жас жігіт. Қастарында ілмиген, көзілдірік таққан, еріндері үйректің тұмсығындай, шаштары тоққа күйгендей сары-көк бір әйел. Қисайған шарбақты сорайған жігіт аша беріп еді, байланып тұрған ақтөс бар даусымен ауланы басына көшіріп үре бастады. Жібін үзіп кетердей бар күшімен әлгілерге ұмтылады. Олар сескенбестен аулаға баса-көктеп кіріп келді. Қолдары толған пәпкі мен қағаз. Күнімханды күйеуі қағаз көрсе сескендіріп тастаған әдетінше, қағаздардан көзін тартып алды да, «кім болды екен бұлар» дегендей, жүздеріне үңіле қарады. Ешбірін танымайды. Ақтөстің ырылы мен үруі үдей түсті. Олар бастарын мәдениетті түрде изеп, өздерін таныстыра түсті:

– Сәлеметсіз бе, біз әкімшіліктен келіп тұрмыз, - деді, әсіресе, әкімшіліктің «ә» әрпін «ә-ә-ә-ә-ә» деп соза түсті. Күйеуіңіз несие алып сіздің үйіңіз және үйіңіздің ішіндегі жиһаздар, сосын көк москвич және тракторды кепілдікке қалдырып кеткен. Мінекейіңіз, құжаттар бәрі түгел, үш күн ішінде үйді босатуларыңыз керек,- деп еді, Күнімханның басы шыр көбелек айнала берді, құлағына қызыл галстуктағы қарынбайдың жағымсыз даусы жаңғырып барады, құлағын құрттай кеміріп барады. Өңі ме, түсі ме белгісіз. Қарынбай сөзін жалғастыра берді: - Мергентай Қапановтың міне өтініші, қолы, барлық құжаттар түгел. Сіз де мына бір жерге қолыңызды қойып жіберіңіз сонымен тәмәм. А-а-а айтпақшы үш күн ішінде үйді босатуды ұмытпаңыздар. – деді. Күнімханның кеудесіне биік бір қабырға құлап түскендей болды. Кірпік қаққанша болған жоқ, есінен танып жерге қалпақтай ұшты. Айналасына бала-шағасы мен қарынбайлар үймелеп алды. Күркеден Ақтөстің ыңырсыған үні шығып жатты...

Күнімхан есін жинағанда, айналасында қараң-күрең адамдар топырлап жүргендей болды. Алайда көзін аша алар емес. Бәрін естіп тұр. Бұл жатқан жері ауылдың кішкене ғана медпункті еді. Сырттағы, іштегі тіршілік бір-бірімен қайнасып жатыр. Ауырған жанға бұл жерде тыныштық жоқ. Өзі бұзылайын деп тұрған кіп-кішкене бір там. Тек сыртында «Медпункт» деген тақтайтадағы жазудың ерекшелеп тұрғаны болмаса. Күнімхан бәрін тыңдап жатыр, бірақ көз құрғыры ашылар емес. Денесін қимылдатайын деп еді, әлсіздіктен бе, өне бойы ауырып, қозағалар емес. Тек әлгі үйге келген дөкейлердің өңінде ме, түсінде ме көргенін ажырату ғана қалды. Айналасындағы у-шуға құлақ түріп еді, арасынан таныс дауысты іліп алды. Қыздарының жылап отырған сесі. «Қайран балапандарым-ау, бәрі рас болғаны ма! Шыдаңдар аналарың жазылып кетеді, әлі-ақ үйімізге ораламыз, үйімізге... ораламыз... Қорықпаңдар ботақандарым, әкелерің келеді әлі-ақ, содан-соң, бәрі жақсы болады», деп жатыр еді ішінен, арғы жақтан шәңкілдеген бір дауысты қаласа да, қаламаса да естіп қалды: «Сорлы балалар-ай! Тірідей жетім болды-ау, шешесінің жатысы мынау, өлім аузында, не дейді, құдай-ау «прыстып» дей ма» қасында бір әйел «прыстып» емес, «приступ» десей» деп жөндеп қояды. Анау қатын өсек айтқысы кеп, аузының суы құрып, «иә, сондай бірдеңе, ал әкесі ше, оңбаған мен соның сөйтетінін білгенмін. Баяғыда-ақ сезіп ем соны. Есіңде бар ма, бір рет айтып едім ғой осының Бағиламен бірдеңесі бар деп. Айтқаным келмеді ма, келді. Енді не дейсің, әне, қатын, бала-шағасын тастап Бағила жесірмен Алматыға кетіп қалыпты. Ал керек болса, бетім-ай! Енді мыналар не үй жоқ, не күй жоқ далада қалды ғой! Осынысын естіген туған туыстары не дегенін білесің бе, ей, қатын» деді екіншісінің құлағына сыбырлап, «не дейді, көтек» деді екінші қатынның құлағының құмары қана түсіп, «Былай дейді, егер Күнімхан аман болып жатса, бай тауып береміз дейді, бірақ қалайда үйімізге кіргізбейміз демесі бар ма, сосын астапыралла, өліп қалса, балаларын жетімдер үйіне береміз дейді, мә саған!» ... Осыларды естіп жатқан Күнімханның дүрс-дүрс етіп әлсіз соға бастаған жүрегінің үні бір тоқтап, бір соғып жатты. Оның сол әлсіз жүрегі «дүрс-дүрс» етіп көкірегіндегі жанайхайымен ышқына сөйлеп жатты: «Өмірдің бұрымынан ұстап тұратындай, ғұмырдың балдағына сүйенетіндей, заманның көшіне еретіндей, тағдырдың сынына төзетіндей күшім қалмады. Әлсіреп қалдым, шыдамымның шырағы сөнді. Бәрі бітті. Балапандарым-ау, сендер үшін тұрар едім, бірақ қатты шаршап кеттім, шамам жетер емес. Сорлы аналарыңның әлсіздігін, кешіріңдерші. Аллаға тапсырдым сендерді, алтындарым. Қош, аман болыңдар...» Терезенің алдында күншуаққа шомылып тұрған көк кептер көкке қарай ұшып кетті...

***

Ақтөс күркеден қалай босанғаны белгісіз, ышқына-ышқына жібін үзген сыңайлы. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деуші еді, кім білсін, басы ауған жаққа қарай кете беріпті.

Ауылдан ұзақта итін ерткен қатын ылғи да түз даланы кезіп жүреді. Әлі күнге шейін түн ортасында жапан даладан иттің ұлығаны үзілген емес. Ал жол сорабындағы үй қабырғасында осындай тәлкек тағдыр өтпегендей, жұмбағын жасыра түсіп, өрмекші торын жамылған күйі томсара түскен.

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

Байланысты жаналықтар

Біртанов Бекшиннің мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

10.03.2020

ДДСҰ коронавирустың енді қаншаға созылатынын айтты

23.04.2020

Бақыт ұстасы (латыш ертегісі)

28.03.2020

Stop Nazarbayev system: Алматыда белсенділер «Нұр Отанға» барды

05.03.2020

ТОП шенеуніктердің ақылы қайда қалды?

19.04.2020

Кореядағы өрт: Құрылыста жүрген қазақстандықтар қаза болды

30.04.2020
MalimBlocks
Біртанов Бекшиннің мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

ДДСҰ коронавирустың енді қаншаға созылатынын айтты

Бақыт ұстасы (латыш ертегісі)

Stop Nazarbayev system: Алматыда белсенділер «Нұр Отанға» барды

ТОП шенеуніктердің ақылы қайда қалды?

Кореядағы өрт: Құрылыста жүрген қазақстандықтар қаза болды