Америкадағы қазақ: медицина мешеу, бар амалы – қамап қою

Malim Админ

  • 17.04.2020

АҚШ – коронавирустан көп зардап шеккен елдерді бірі. Жұқпалы аурудан қайтыс болғандардың бүгінгі көрсеткіші 27 мың адамнан асып жығылды. Осыған қарамастан, бұл елде тәртіп бұзылып, біздегідей үкімет пен халықтың, азматтар мен полицияның арасында түсініспеушіліктер болып жатқан жоқ. MALIM тілшісіне бұл туралы Оңтүстік Калифорния университетінде оқып жатқан (докторант) қазақ азаматы Бибол ӘЛІПБАЙ айтып берді.

- Бибол, Лос-Анжелесте карантин қалай өтіп жатыр? Біздегідей полиция мен азаматтардың арасында түсінбеушілік туып жатқан жоқ па?

- Мен тұратын аудан Калифорния штаты бойынша коронавирус жұқтырғандар көп тіркелген аудандардың бірі. Дегенмен, вирус жұқтырғандар алғаш тіркелгенде қалада бірден қатаң шаралар қабылданған жоқ. Барлығы біртіндеп жүзеге асты. Мысалы наурыздың ортасына қарай оқу орындарының бәрі қашықтан оқуға көшті, бірақ басқа қызмет орындары тоқтаған жоқ. Тұрғындарға да маска кию туралы ескертулер айтылмады. Дей тұрғанмен, бұл жақта да халықтың біраз бөлігі азық-түлік қорын жинауға асығып, дүкен сөрелері босап қалып жүрді. Кейін келе кафе-ресторандарда тамақтануға шектеу қойылды. Тек сатып алып кетіп, үйде тамақтанасыз. Жаңағы азық-түлікке деген жанталас бірер аптадан кейін күрт басылды. Қазір дүкен сөрелері бұрынғы қалпынша тауарларға толып тұр.

Сәуірдің 10-ынан бастап жергілікті үкімет сыртта маска киюді міндеттеді. Кеше (15 сәуір) азық-түлік алуға супермаркетке бардым. Күзет қызметкері келушілерді кезекке тұрғызып, 10-15 адамнан кіргізді. Келушілердің барлығы маска немесе орамалмен бетін жауып алған. Адамдардың жүзінен қандай да бір үрей байқалмағанымен бір бірінен алыс жүруге тырысады.

Қазақстандағыдай қатаң ережелер қабылданбағандықтан халықтың емін-еркін жүріп-тұруына әлі ешкім кедергі жасаған жоқ. Сондықтан да, полиция мен халық арасында қандай да бір түсініспеушілік туындамады. Дегенмен, нәсілшілдік бағыттағы әрекеттер туындап қалып жатыр. Мысалы, азиаттарға кей жергілікті тұрғындар шабуыл жасаған. Онлайн сабақ кезінде де азиат студенттерге бағытталған вербалды шабуылдар болғаны жайлы университет басшылығы мәлімдеді.

- Жалпы, демократия дамыған елдерде карантин тәртібін сақтау қиын, Қытай сияқты қатаң саясат ұстанатын елдер коронавирусты тез жеңеді деген көзқарас бар. Америка азаматтары бұған қалай қарайды?

- Қытайдың пандемияны жеңгені рас. Дегенмен қандай бодаумен жеңгені өздеріне ғана мәлім. Ал Америка қазірге дейін аса ауыр адами шығынға батып жатыр. Алдыңғы күні үй жағдайында қайтыс болғандарды да қосып есептеп, бұрын тіркелген жиырма мыңнан аса өлімге тағы үш мыңнан астам адам қосылып, қайтыс болғандар 25 мыңнан асып кетті. Бұл ауыр жағдай. Дегенмен, ақпараттың ашықтығын көруге болады. Біреулер бұндай ауыр шығынның себебі ел үкіметінің дер кезінде шара қолданбауынан дейді, ал біреулер Қытай үкіметінің дәл ақпаратты жасырып, вирустың қауіптілігін көмескілегенінен дейді. Дегенмен, сарапшылардың бұл жолғы пандемияны әлемдік соғысқа теңегенін ескерсек, бұндай көлемдегі «соғысқа» кез келген ел дайын емес екені анық. Бұл Нью Йорк штатындағы ауруханаларда төсек орындарының жетіспеуі, өкпені жасанды желдету аппараттарының аздығы сияқты жағдайлардан көрініп отыр.

Пандемияны халықты үйге қамап қойып жеңу АҚШ-та мүмкін емес, себебі бұнда халықтың көп сандысы күнде тапқанын күнде жаратып өмір сүреді. Яғни адамдар банкке немесе үйіне көп ақшалай қор жинамайды. Бұл, әрине, Америка халқының жағдайы тым нашар дегендік емес, керісінше қоғамдық әл-ауқат бағдарламалардың кемелдігінің белгісі. Ешкім жұмыссыз, ақшасыз қалсам аштан өлемін деп ойламайды. Осы жолы бұндай қоғамдық әл-ауқат жүйенің қызметімен жақсы таныстым. «Құқық және Әлеуметтік Теңдік» сабағында мұғаліміміз бізге «пандемия кезіндегі кедей отбасы балаларының білімге қол жетімділігін қалай сақтап қалуға болады?» деген тақырыпта тапсырма берді. Топ болып талқылауда группаластарым түрлі әлеуметтік әл-ауқат жобалардың кеңейтілуі, күшейтілуі туралы айтты. Мысалы, әлеуметтік орындардағы тегін азық-түлік қоймаларының санын арттыру, қаржылай көмек көрсету секілді шаралар ұсынылды.

- Нәсілдік кемсітушіліктер туралы айтып қалдыңыз. Сосын, қара нәсілділер көп ауырып жатыр деген ақпарат бар. Неге олай? Генофонындағы әлсіздік пе, әлде иммунитеттері төмен бе? Сіздің айналаңызда қара нәсілділер болып жатқан жағдайға қатысты өздерін қалай ұстайды?

- Осы жолғы пандемия АҚШ қоғамындағы бір келеңсіз жайтты айқын көрсетті. Бұл байлар мен кедейлердің арасындағы үлкен алшақтық. Ал бұл алшақтықтың түбіне үңілер болсаңыз, ар жағында нәсілшілдік жатыр. АҚШ-тағы нәсілшілдік біз айтып жүрген бір нәсілдің басқа бір нәсілді көзге ілмеуі, кемсітуі ғана емес. Бұнда нәсілшілдік жүйелі түрде, институционалды түрде қалыптасқан. Ұзақ жылдар бойы ақ нәсілділер экономикалық жоғарғы тап болып келді, әлі де солай. Қара нәсілділер мен испандық нәсіл өкілдері экономикалық тұрғыда әлсіз топтарға жатады. Олардың істейтін жұмыстарының көбі физикалық немесе басқа да «нашар» жұмыстар, және сәйкесінше алатын жалақылары да мардымсыз. Көбісінің тұрғын үй жағдайлары нашар, жеке көліктері жоқ және әлеуметтік көліктерді жиі қолданады. Сондықтан олар басқалармен жиі байланысқа түседі. Осы себептен де, қара нәсілділер көбірек вирус жұқтырып, көбірек зардап шегіп жатыр деуге болады.

- Бізде ауырған адамдар туралы ақпарат берілмейді, тіпті жазылып шыққан азаматтар да өздерінің қалай емделгендерін айтып, ел алдына шыққан жоқ. Мүмкін, біздің үкіметтің ұстанымы сондай немесе азаматтардың жеке басындағы комплекс... Америкада ақпараттың ашықтығын айттыңыз?..

- АҚШ ақпарат беттерінде вирустан қайтыс болған немесе одан айыққан біраз адамның аты аталып, жағдайы баяндалды. Бұл жағдай адамдарға кеңес ретінде, немесе белгілі бір топтың өз мүддесін қорғап жазған шағым мақалаларында ғана көрініс тапты. Мысалы президент Дональд Трамптың өзі жазылып шыққан бірнеше адаммен кездесіп, көңілін сұрады. Олар өздерінің жағдайын түсіндіріп, ауруды қалай жеңгенін баяндап берді. Тағы бір сайттарда қара нәсілділердің вирусты көп жұқтырып жатқаны айтылып, нақты адам аттары аталып, мысал ретінде көрсетілді. Ал вирус жұқтырған адамдардың барлығының кім екені, қайдан екені жайлы ақпарат азаматтардың жеке бас құпиясы болғандықтан, ешкімге жарияланбады. Дегенмен, Google және Apple компаниялары бірлесіп коронавирус жұқтырған адамдардың ізін кесетін қосымшаны іске қосты. Алайда бұл қосымша да ешкімнің жеке бас ақпаратын жария етпейді, тек сау адамдардың сақтануы үшін вирус жұқтырғандардың қай жерлерде жиі болғанын көрсетіп отырады.

- Қазақстанда коронавирусқа жаппай тестілеу туралы сөз болып жатыр. АҚШ-та ше?

- Жаппай тестілеу вирустың таралуын басудағы маңызды қадам екенін Оңтүстік Корея елі дәлелдеп берді, АҚШ та бұны жақсы түсініп отыр. Сондықтан, мұнда да тестілеу кең ауқымда жүріп жатыр. Дегенмен, кей өңірлерде әлі де тест жетпей жатқандығы туралы ақпаратты көзіміз шалып қалады. Қазақстанда да тестілеуді қолға алуы қажет деп ойлаймын, дегенмен оған жеткілікті тест бар ма, жоқ па, у-шусыз атқара ала ма, білмеймін.

Қазірге дейін АҚШ-та 3,5 миллионға жуық адам тесттен өткен. Олардың 20% жуығынан вирус табылған. Вирус табылғандар міндетті түрде үйінде 14 күн карантинде жатады. Тек жағдайы ауыр азаматтар ғана ауруханаға қабылданады. Мысалы менің бір группаласым вирус жұқтырып бір апта бойы қызуы көтерілген, және аздап өкпесі де қабынған. Алайда дәрігер оған үйде жатып емделуге кеңес берген. Қазір оның жағдайы жақсы, екінші аптадан бастап бізбен бірге онлайн сабаққа қатысып жүр.

Жалпы, АҚШ-та пандемия соңғы қабылданған шаралар нәтижесінде бәсеңдей бастады. Мысалы, үйден жиі шықпау, шыққанда әлеуметтік қашықтық сақтау және халықты жаппай вирусқа тестілеу сияқты шаралар ауруды құрықтауға өз септігін тигізді. Президент пандемияның шырқау шегі өткенін айтты, енді біртіндеп карантин шараларын жеңілдетуі мүмкін.

- АҚШ-та медицина саласының ақылы екені, қымбат екені айтылады. Коронавирус кезінде бұл әлдебір қиындықтар тудырған жоқ па?

- Иә, батыс елдерінің ішінде нығыз капитализм АҚШ-та. Бұнда түрлі медициналық сақтадыру компаниялары бар болғанымен, бүкіл халықтық мед.сақтандыру қолға алынбаған. Бұған себеп АҚШ халқының үкіметке деген сенімсіздігі мен еркіндік идеологиясы. Яғни, үкіметке салық төлеп бүкіл халықтық мед.сақтандыру жүйесін енгізсе үкіметтің құзыреті арта түседі. Ал бұл жағдай халыққа ұнамайды. Халық үшін үкіметтің құзыреті қанша шектеулі болса, сонша тиімді. Бұған бір дәлел: көп адам АҚШ-та қару ұстау құқығын шектеу туралы заң қабылдауды талап етеді, алайда ол халықтың басым көпшілігінен қолдау таппады. Себебі халықта қару болғанда ғана үкімет басындағылар халықтан именеді. Ал, қару ұстау құқығын шектесе, онда бір тиран үкімет басына келіп, қолында темірдің сынығы жоқ халықтың басына «әңгір таяқ» ойнатуы мүмкін.

Ал жаңағы жеке сақтандыру компанияларына келер болсақ. Халықтың көбі жеке сақтандыруды сатып алады. Егер Covid-19 вирусын жұқтырып ауруханаға түсетін болса, емделуге кететін қаржының көбін сол сақтандыру компаниясы төлейді. Мысалы кейбір компаниялар емге кететін соманы 20-30 мың доллар шамасында есептеген, ал халық оның тек шамамен 1500 долларын ғана өз қалтасынан төлейді. Сақтандыру жарнасын төлей алмайтын топтарға түрлі қайырымдылық ұйымдары көмектеседі. Осы жолы ауырғандардың біраз бөлігіне сақтандыру компаниялары жыл ортасынан қосылу мүмкіндіктерін қарастырып, олардың емделу ақысын төлеуге көмектескен. Ал мүлдем сақтандыру жарнасын төлей алмаған сырқаттарға қайырымдылық ұйымдары емделу құнын өтеп берген.

- Сыртта жүрген адамға карантин енгізілген Қазақстан қалай көрінеді?

- Қазақстанның медицинасы мешеу екені бірден байқалды. Мысалы дәрігерлерге берілген қажетті жабдықтар мен құралдардың жеткіліксіздігін, сапасыздығын, оларды қолдаудың олқы тұстарын әлеуметтік желілерде тараған түрлі шағым видеолардан байқауға болады. Үкімет елдің денсаулық сақтау жүйесінің вирус таралуына төтеп бере алмайтынын түсінгендіктен де қатаң карантин шарасын қабылдауды қолға алды деуге болады. Әрине, оның да пайдасы тиіп отыр, яғни Қазақстанда вирустың таралуы салыстырмалы түрде бәсеңдеу. Сол себепті, біз сияқты елдерде мұндай тығырықтан шығуда халықтың карантин талаптарын толық орындауы маңызды роль атқарады.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Вирустың жаңа штамы: Ауырып шыққандар қайта жұқтыра ма?

19.03.2021

Билік неге белсенді қоғам өкілдерімен тоқпақ арқылы сөйлеседі?

04.03.2020

Қазақстанда коронавируспен екінші мәрте ауырған адам тіркелді

04.11.2020

Дәрігер: Қазақтарға жаппай вакцинация қажет емес

03.02.2021

«Жақсылық жасамайтын адамға сенім болмайды»

31.03.2020

Берілмейтін 42 500: Министр кедейлерді қалай алдады?

07.05.2020
MalimBlocks
Вирустың жаңа штамы: Ауырып шыққандар қайта жұқтыра ма?

Билік неге белсенді қоғам өкілдерімен тоқпақ арқылы сөйлеседі?

Қазақстанда коронавируспен екінші мәрте ауырған адам тіркелді

Дәрігер: Қазақтарға жаппай вакцинация қажет емес

«Жақсылық жасамайтын адамға сенім болмайды»

Берілмейтін 42 500: Министр кедейлерді қалай алдады?