Табиғатты акциясыз да қорғауымыз керек

  • 17.04.2020
  • Malim Админ

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстанда кең ауқымды «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталғанын хабарлады. Бұл өте қуанышты жағдай. Өйткені қазір елдегі Төтенше жағдайға қарамастан киік ату, мүйізін сату сияқты қылмыстық істер азаймай тұр. Тіпті, Қызылорда облысында блокпостты бұзып, елуден аса киікті жайратып, қашып кеткен браконьерлер де бар. Киіктің ареалы саналатын Батыс Қазақстан, осы Қызылорда облыстарында заңсыз аң аулайтындарға бір тыйым болмай тұрғаны жан ауыртады. Осындай кезде «Киік» деген арнайы акцияның басталғаны көңілге медеу. Бұл акцияға әрбір азамат үлес қоса алады деп ойлаймыз.

Өйткені шара киіктердің браконьерлігіне, олардың дериваттарын, сондай-ақ фаунаның басқа да түрлерін сатуға және өткізуге маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстарын күшейту мақсатында қолға алынып отыр. Акция 2020 жылдың 15 мамырына дейін жалғасады.

«Осы бұйрықпен табиғатты қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Бірнеше мобильді топтардан құралған 200 инспектор, 6 блокпост, 64 жоғары өтімді автокөлік, 16 КУНГ, 5 мотоцикл мен пилотсыз ұшу аппараты акция барысында браконьерлікке қарсы рейдтік шараларды ұйымдастыру үшін жұмылдырылды. Аталған шараны «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары, Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелері мен құқық қорғау органдарының мамандары Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында өткізеді», - дейді комитеттің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда комитеттің дерегі бойынша Қазақстанда киік популяциясының саны - 334 400 бас.

Киік атуға тыйым салынғанымен бұл аңның мүйізіне қызығушылар заңнан қорқып тұрған жоқ. 2020 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары киіктерді заңсыз атудың 16 браконьерлік фактісін анықтап, 381 ұша мен 367 киіктің мүйізін тәркіледі. Табиғат ресурстарына келтірілген шығынның сомасы 1,08 млрд теңге болған.

Комитет қазір заңға сәйкес браконьерлікке барған адамдар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын еске сала кетейік.

Осыған дейін Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "Бекіре-2020" акциясын бастаған еді. Бұл акция өз нәтижесін беріп отыр.

«Бекіре – 2020» акциясының басынан бері табиғатты қорғау органдары мен шекара қызметінің мамандары 250 табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке 100 заң бұзушы тартылып, 4 қылмыстық іс қозғалған. 1,5 млн теңге сомада әкімшілік айыппұл салынып, 3,7 тонна балық тәркіленді, оның ішінде 333 кг бекіре тұқымдас балық түрі, 15,4 кг бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы және 600 заңсыз аулау құрылғысы тәркіленген. Бұл мемлекетке тигізіп отырған браконьерлердің үлкен зияны.

Осындай зиянды әрекеттердің алдын алу үшін қазіргі уақытта акцияға 800 қызметкер, 60 жүзу көлігі, 116 автокөлік, 2 тікұшақ жұмылдырылған. Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 44 жылжымалы және стационарлы посттар құрылған.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 14 сәуірде сағат 11:45 шамасында «Бекіре -2020» акциясы аясындағы рейдтік шара жүргізу барысында Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Дамбы бөлімшесінің инспекторлары Атырау қаласы Жайық өзенінің бойындағы Еркінқала кентінің аумағында (ерекше қорғалатын табиғи аумақ) заңсыз балық аулап жүрген 4 заң бұзушыны анықтаған.

Балық қорғау қызметкерлері заң бұзушыларға өздерін таныстырып, іс жүргізу құжаттарын рәсімдеуге кіріскен кезде бұзушылар қарсылық көрсетіп, өздерінің Урал маркалы мотоциклдерін өрттеп, белгісіз бағытта бой тасалады. Бұл фактыны Дамбы бөлімшесінің қызметкерлері ұялы телефонға бейнеге түсірді.

Оқиға орнынан келесі айғақ заттар тәркіленді: жалпы салмағы 270 кг болатын қара балық түрлері, 4 дана заңсыз балық аулау құралы - моноталшықты «қытай ауы», қолдан жасалған жүзу құралы және Урал маркалы мотоцикл. Балық ресурстарына келтірілген шығынның сомасы 900 072 теңгені құрайды.

Аталмыш факты бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 335 бабымен қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдарына жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі үш мемлекеттік инспекторлардың өміріне қауіп төндіру фактысы бойынша ресми өтініш жолданған.

Өткен аптада Қызылордада киік атып, қолға түспек болған браконьерлер машиналарын тастап қашқан болатын. Олай қашса, ұсталмай қалатындай. Әлде таныстарын асеніп, тығылып жатып, сытылып шығар ма екен.

«Киік» акциясы да «Бекіре-2020» акциясы сияқты өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Бірақ табиғатты бұндай акциясын да қорғауымыз керек.

Байланысты жаналықтар

Halyk POS кәсіпкер мен тұтынушыны көп қиындықтан құтқарды

14.12.2020

Карантин күшеюі мүмкін

27.05.2020

Министр: 42 500 теңгені дүйсенбіден бастап төлейміз

14.07.2020

COVID-19: Бас қалада күнде 500, Алматыда 100 науқас ауруханаға түседі

17.06.2020

Ресейлік олигарх Ақтау әуежайын сатып алмақ

21.02.2020

"Өзгенің үйін тонау патриоттық емес"

12.02.2020