Киік еті ақыры бөлшек саудада сатылмақ

Қазақстанда киік етін бөлшек саудада сату жоспарланып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2023 жылғы жағдайдан сабақ алған ведомство биыл киік санын реттеу мәселесіне байыппен қараған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ет комбинаттарына ауқымды тексеру жүргізіп, олардың киік етін қабылдауға дайындығына нақты баға берген. Қазіргі таңда тәулігіне 3700 бас киік қабылдауға қауқарлы 13 кәсіпорын дайын тұр. Бұл кәсіпорындарда барлық қажетті ветеринариялық-санитариялық шаралар жүргізіледі.
Ет арнайы ет комбинаттары арқылы өткізіледі. Әрбір етке ветеринариялық-санитариялық сараптама жасалады, яғни халықтың қауіпсіздігі үшін барлық талаптар сақталады. Киік еті бөлшек саудада да сатылады, сондай-ақ бірнеше зауыт өңдеуге дайын, — деді министр.
Журналистер киік етін өңдейтін зауыттар қай өңірлерде ашылатынын да сұрады. Министрдің айтуынша, бұл – киіктер мекендейтін өңірлер: Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары.
Сонымен қатар келесі аптада далалық есеп жұмыстарының қорытындысы жарияланып, реттеу үшін нақты киік басы анықталатынын атап өтті.
Фото: gov.kz

Ең көп оқылған
