Қазақстан мен Ресей киіктерге қатысты келіссөз жүргізіп жатыр

Қазақстан Үкіметі киіктердің мемлекеттік шекара арқылы еркін көшуін қамтамасыз ету үшін Ресеймен келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып мәлімдеді.
«Жануарлардың мемлекеттік шекара арқылы еркін көшуін қамтамасыз ету мақсатында Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен келіссөздер жүргізілуде», — деді Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша, 2024 жылғы төлді есепке ала отырып, еліміздегі киіктердің жалпы саны шамамен 4,1 миллион басты құрап отыр.
«Соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер, қорғау шаралары және мемлекеттік бақылау киік популяциясын қалпына келтіруге ықпал етті. Киіктер санының артуы экожүйеге оң әсер еткенімен, бұл жайылымдар мен ауыл шаруашылығы алқаптарына қосымша салмақ түсіреді», — деді Премьер-Министр.
Бектеновтың айтуынша, қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоныс аударатын түрлер жөніндегі конвенция (CMS) хатшылығының ұсынымдарын ескере отырып, 2025–2026 жылдарға арналған киіктер мен жойылып кету қаупі бар басқа да тұяқты жануарларды сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі кешенді жоспар әзірлеген.
«Бұл жоспар Қазақстан Республикасындағы табиғи ресурстарды пайдаланудың ағымдағы және стратегиялық мәселелерін шешуге бағытталған», — деді ол.
Фото: gov.kz