Ресейде биылдыққа төртінші әскери ұшақ апатқа ұшырады

Ресей Қорғаныс министрлігі Липецк облысында МиГ-31 жойғыш-ұстағыш ұшағы қону кезінде апатқа ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомствоның мәліметінше, апат Мәскеу уақытымен шамамен 19:20-да болған. Ұшақ жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындаған, бортта оқ-дәрі болмаған. Ол елсіз аймаққа құлаған.
Экипаж жерге соғылар алдында шығып үлгерген. Қорғаныс министрлігі ұшқыштардың өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді.
Mash дерегінше, қону кезінде ұшақтың шассиі ашылмай қалған. Ұшқыш пен штурман әуе кемесін тұрғын үйлерден алшақ бағытқа бұрып, содан кейін катапульта арқылы шығып үлгерген. Қонған сәтте екеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. МиГ-31 Чаплыгин ауданындағы орман алқабына құлап, өртеніп кеткен.
МиГ-31 — екі орындық, алыс қашықтыққа арналған аса жылдам жойғыш-ұстағыш. Ол сағатына 3 мың шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады және 21 мың метр биіктікке дейін көтеріледі.
МиГ-31 апаты — 2025 жылдың басынан бері Ресей Әскери-әуе күштерінің төртінші бейбіт уақыттағы шығыны.
Шілде айында Нижегород облысында Су-34 жойғыш-бомбалаушысы апатқа ұшыраған болатын. Ол да қону кезінде шассиінің ақауына байланысты апатқа түскен. Экипаж ақауды жоя алмаған соң шығып кеткен.
Сәуірде Иркутск облысында Ту-22М3 ракета тасығыш-бомбалаушысы жоспарлы ұшу кезінде құлап, бір ұшқыш қаза тапқан, төрт экипаж мүшесі аман қалған. Қорғаныс министрлігінің дерегінше, апатқа техникалық ақау себеп болған.
Бұған дейін наурыз айында Приморье өлкесінде оқу-жаттығу кезінде Су-25 шабуылдаушы ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ елсіз аймаққа құлап, ұшқыш аман қалған.
Фото: Forsvarsmakten/AFP