Президент қолдауы: азық-түлік жиынтығы – жақсы көмек

  • 21.04.2020
  • Malim Админ

Қазір әлемдегі жағдай адамзат көңілін алаңдатып отыр. Әр ел, әр мемлекет өзі үшін жанталасып, халқының амандығы жолында күресіп жатыр. Елімізге карантин енгізілгелі бері Қазақстан Үкіметі де әлеуметтік көмектің бірнеше түрін іске асырып жатыр. Бұл жолда Үкіметтің істеп жатқан шараларын жоққа шығаруға болмайды. Ал істеген дүниесін істеді де керекті жеріне жеткізіп айта алмай отырмыз.

Халыққа ақшалай да, азық-түлік жиынтығымен де көмек беріліп жатыр. Алматылық Дастан Халықов көпбалалы отбасына жатады. Карантин кезінде жұмысы тоқтап, айлық қалды. Өзі жеке кәсіппен айналысатын болғандықтан, 42500 теңге алған жоқ. Бірақ жарына «Nur Otan» партиясынан 50 мың теңге көмек түсті. Олар ешқандай құжат өткізбеген.

«Мен жеке кәсіппен айналысып отырғандықтан 42500 теңге алған жоқпын. Алайда жарыма «Nur Otan» партиясынан көпбалалы ана ретінде 50 мың теңге түсті. Біз ешқандай құжат өткізген жоқпыз. Үкімет өзінде бар тізіммен, өзі беріп отыр. Сонымен қоса, еріктілер ұйымы да көп балалы отбасылардың тізімінен біздің байланысымызды алып, хабарласып, 20 мың теңгелік азық-түлік жиынтығын әкеліп берді. Бұндай кезеңде бідің отбасымызға бұл жақсы көмек болды», – Дастан Халықов.

Тұрмыстық қиындыққа тап болған азаматтарға берілетін көмектің тағы бір – азық-түлік жиынтығы. Жалпы елімізде төтенше жағдай жарияланғанға дейін бюджет қаражаты есебінен азық-түлік себеті бастапқыда 460 мың адамға берілген еді. 31 наурызда Президент оны кеңейтуді тапсырды және республикалық бюджетті соңғы нақтылау барысында қосымша қаражат қарастырылды. Бүгінде мұндай көмек алатын адамдардың саны 1,243 миллионға жетіп отыр. Яғни, көп балалы отбасыларды, барлық топтағы және жастағы мүгедектерді қоса алғанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар, сонымен қатар жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар осы көмекті алып жатыр. Оларға барлық өңірде азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат түрінде (4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) беріліп жатыр. Мұнан бөлек, «Біз біргеміз» қоры, еліміздің патриоттары да өмірлік қиындыққа душар болған отбасыларға қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатқаны белгілі. Мәселен, елорданың өзінде аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған акцияның алғашқы кезеңінде 5 мың отбасыға қолдау жасалды. Қазіргі уақытта акцияның екінші кезеңі басталған. Оның аясында 6 мың адамды азық-түлік себетімен қамтамасыз ету жоспарланған. Бір отбасына берілетін мұндай бір себетке 5 келі қант пен күріш, 2,5 келі печенье, 1 келі ұн, 5 келі май мен макарон өнімі, сонымен қатар 50 медициналық маска кіреді.

«19 наурызда басталып кеткен акцияның қазір екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде 5 мың адамға азық-түлік себетін таратсақ, ендігі уақытта 6 мың адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Қалалық ұйымдардың және еріктілердің көмегімен үйлерге азық-түлік жеткізіп береміз», – деген еді «Nur Otan» партиясының елордалық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Мәди Тайпин.

Қостанай қаласының тұрғыны Қаныбекова Толқын екінші топтағы мүгедек. Бұл кісіге екі айлық есеп көрсеткіші көлемінде 5567 теңге азық-түлік жиынтығын алу үшін берілген. «Қазір азық-түлік жиынтығына деп екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша түсті. Карантин кезінде бұл да болса көмек. Рахмет айтып отырмыз. Қазір өздеріңіз білесіздер, азық-түлік қымбаттап кетті. Енді еріктілерден де көмек болар деп отырмыз», - деді Толқын Қаныбекова.
Каранин уақыты аяқталғанша мемлекет азаматтарға көмек беруін жалғастыра береді. Қазір басқа да салалар бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Дәрігерлерге, көмекке мұқтаж отбасыларға жағдай жасалады.

Байланысты жаналықтар

ЮНИСЕФ: Қазақстанда бойжеткендердің тең жартысы зорлық көріп отыр

23.04.2020

Депутаттар демалсын

30.06.2020

Ауруханаға күнде 10-15 литр тегін саумал әкеледі

16.07.2020

Үш жүз спартактан асып түскен бір қазаққа Путин неге батыр атағын бермейді?

24.02.2021

Президент "Бейбіт митинг туралы" заңға қол қойды

26.05.2020

Заместитель акима города Шымкент принял граждан, требующих предоставить жилье без очереди

30.04.2021