Бір жыл өтті. «Олар өздеріне ор қазып жатыр»

Қанат Тілеухан

  • 22.04.2020

Бір жыл өтті. Шындықтан қашып құтылдық па?

Былтыр 2019 жылы 22 сәуір күні Алматы қалалық соты Әсия ТӨЛЕСОВА мен Бейбарыс ТОЛЫМБЕКОВТІҢ ісін қарап жатты. Олар 21 сәуір күні шаһардағы марафон кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген баннер ілгендері үшін жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалған еді. Сондай-ақ, баннердің  ілу сәтін видеоға түсірген Сүйінбике СҮЛЕЙМЕНОВА, Айдос НҰРБОЛАТОВ, Айгүл НҰРБОЛАТОВА «митинг өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 50 500 теңге айыппұл төледі.

Жастар сотта кезектен тыс президенттік сайлау алдында саяси науқанның әділ өтуіне үндеу ретінде осындай қадамға барғандарын айтқан-ды. Сталиндік репрессияның құрбандары Ілияс ЖАНСҮГІРОВ пен Ораз ЖАНДОСОВТЫҢ ұрпағы Әсияның сотта «мемлекет адамдарға қарсы қылмыс жасап жатыр» деген өткір сөзі есте.

Бұдан кейін Әсия мен Бейбарысты қолдаған жастар аз болған жоқ. Тіпті Ұлыбритания, Италия, Франция, Чехия мен Грузияда оқып жатқан қазақ жастары «Шындықтан қашып құтылмайсың» акциясын өткізді.

Асылы бұл сөз («Шындықтан қашып құтылмайсың») тек билік басындағыларға айтылмаса керек-ті. Шындыққа тура қарай алмайтын, оны талап етуге жасқаншақ, өтірікті біле тұра соған нана салуға еті үренген қоғамға да айтылған сөз. Содан бері не өзгерді?

malim.kz сайтының тілшісі қоғамдық белсенді Әсия Төлесовамен аз-кем сұхбат құрған еді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

- «Шындықтан қашып құтылмайсың» (Менің таңдауым бар) деген жазуы бар баннерді ілгелі бері арада бір жыл өтті. Бұл президент сайлауы алындағы акция еді. Содан бері өміріңізде не өзгерді?

- Сол акциядан кейін біраз уақыт қысым жасалды. Барлық іс-әрекетіміз бақылауда болды. Телефондарымыз тыңдалды. Басқа да қоғамдық белсенділер мен құқық қорғаушылар осындай күй кешті. Адамдар бізден бір нәрсе күтетінін сияқты көрінді. Аяқтай алмаған миссиямыз бардай болды. Осының бәрі үрей тудырды. Үрейді жеңу үшін және ерте күйіп кетпеуді түсініп, дұрыс бағытта келе жатқанымызды ұғу үшін уақыт керек болды. Біз экологиялық бағытта жұмыс істеп жатырмыз. AUA жобасы аясында таза ауа үшін арнайы петиция жарияладық. Оған 30 мың адам қол қойды.

Сондай-ақ, сайлауға қатысқым келеді. Қазақстандық жастардың да белсенді болғанын қалаймын. Бірге тәуелсіз партия жасақтау құқығымызды қорғасақ. Сайлауда дауысымызды ұрлатпау үшін бір сапта табылсақ деймін.

- Сіздердің акцияларыңыздан кейін жастар қозғала бастағандай болды. Мәселен «Oyan, Qazaqstan» сынды қозғалыс пайда болды.

- «Шындықтан құтыла алмайсың» акциясы қоғамда белгілі дәрежеде сілкініс тудыратынын күткеніміз жоқ. Әсіресе жастардан күтпедік. Жастардың жаңа қоғамдық ұйымдарының дүниеге келуі мені рухтандырды. Олардың кейбірі саяси партияға айналғысы келетіндерін айтты. Мемлекеттің басқару жүйесіне, саясатқа деген қызығушылықтары оянды. Бұның бәрі адамды қуантады. Адам құқығы мен саяси тұтқындарды қорғайтын  жастардың ұйымдары пайда болды. Заң жобалары талқылана бастады. Мысалы «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы. Бұрын бұндай тенденция болған жоқ. Әрине, біз енді ғана жолға шыққан жолаушыдаймыз. Қаншама жүріп өтетін жолдар бар. Үлкен жеңісіміз жоқ. Бірақ Рим де бір күнде салынған жоқ қой.

- Парламентте сіз айтқан «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы талқыланды. Карантин кезінде оны тағы да талқылау оңай емес қой. Осы тұрғыда не айтасыз?

- Егер бұл заң жобасын қабылдайтын болса, қоғамның ызасын тудырады. Заңды бұзуға өздері итермелейді. Бұл конституциялық заң емес. Бейбіт жиындардың негізгі принцептеріне қайшы келетін бүгежек, масқара заң.

- Досыңыз Бейбарыс Толымбековты сол акциядан кейін бірден әскерге шақырғанын білеміз. Хабарласып тұрасыздар ма?

- Бейбарыс өзінің азаматтық борышын өтеп жатыр. Жамбыл облысындағы Отар деген жерде. Біз хабар алысып тұрамыз. Жаңалықтарды айтамыз. Оны күтіп жүміз.

- Карантин кезінде билік «Біз біргеміз» деген акция бастады. Сіздіңше біз біргеміз бе?

- Жеке өз басым биліктің бізбен бірге екенін көріп тұрғаным жоқ. Карантин кезінде азаматтық белсенділерді қудалап жатқанын көріп отырмыз. Халықтың сөзіне құлақ асып, диалог орнатудың орнына өздеріне ор қазып жатыр.

Фотолар: Азаттық радиосы

 

Байланысты жаналықтар

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

12.08.2020

Астана мен Алматыда ХҚКО-лардың қызметтер саны қысқарады

19.03.2020

Үй иесі: Bek Air өзімді кінәлі етіп шығармақ (жедел сұхбат)

10.02.2020

Үш қаланың дәрігерлері коронавирусты жұқтырған

01.04.2020

Берілмейтін 42 500: Министр кедейлерді қалай алдады?

07.05.2020

Коронавирусты қайталап жұқтыру мүмкін бе?

29.04.2020
MalimBlocks
Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

Астана мен Алматыда ХҚКО-лардың қызметтер саны қысқарады

Үй иесі: Bek Air өзімді кінәлі етіп шығармақ (жедел сұхбат)

Үш қаланың дәрігерлері коронавирусты жұқтырған

Берілмейтін 42 500: Министр кедейлерді қалай алдады?

Коронавирусты қайталап жұқтыру мүмкін бе?