"Дариға әлі-ақ қайтып келеді"

  • 05.05.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Тоқаев аяқ астынан Дариға Назарбаеваның өкілетін не үшін тоқтатты? Мәулен Әшімбаев кімнің адамы? Ауыс-түйістердің астарында не жатыр? Осы сұрақтарды саясаттанушы, "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының жетекшісі Андрей ЧЕБОТАРЕВКЕ қойып көрдік.

– Андрей Евгенийұлы, кеше өткен ауыс-түйістердің астарында не жатыр?

–Дариға Назарбаеваның сенат депутаты ретінде өкілетін тоқтатуды да, кешегі ауыс-түйісті де президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен келісіп жасады. Дариға Назарбаеваны неліктен сенат спикерінен кетіргенін түсіну қиын.

[caption id="attachment_3325" align="alignleft" width="300"] Андрей Чеботарев[/caption]

Ал Мәулен Әшімбаевтың сенат спикері қызметіне келуі күтпеген шешім болғанымен, мұның да негізі бар. Өйткені оның мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, заң шығарушы билік тармағында да істеген: парламент мәжілісінде халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік департаментін басқарған. Мәулен Әшімбаевтың сенат төрағалығына келуі президент Тоқаев пен оның айналасының позициясын күшейтеді. Енді заң шығарушы процеске сенат арқылы бақылау жасай алады. Бұдан президент пен оның айналасы ұтты.

Ал бірақ екінші жағынан  Н.Назарбаевқа жақын адам – Дәурен Абаевты  президент әкімшілігі жетекшісінің орынбары етіп тағайындау Ақорда мен кітапхана арасындағы "бөліп ал да билей бер" принципі бойынша компромисс бар екенін көрсетті. Яғни Мәулен Әшімбаевтың сенатқа келуін кітапхана мақұлдағанымен, орнына Дәурен Абаевты президент әкімшілігіндегі жетекші қызметтердің біріне тағайындауды сұрады. Президент әкімшілігінің жетекшісі елдегі бүкіл ішкі саясатты бақылайды. Абаев ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрғанда белгілі бір салаға ғана жауап берсе, енді оның өкілеті кеңейді. Яғни  кітапхананың ел басқарудағы әрекет ету аясы да кеңейеді.

Бірақ Тоқаев қарымта қадамға барып, өзінің көмекшісі Аида Балаеваны ақпарат және қоғамдық даму министрі етіп тағайындады. Бұл оның позициясын күшейтеді. Сондықтан бұл тағайындаулардан Ақорда ұтты ма, әлде кітапхана ұтты ма, дөп басып айту қиын. Бірақ екі кадрдың тағайындалуы Ақорда позициясын күшейтетіні анық.

– Мәулен Әшімбаев өзінің саяси мансабын Н.Назарбаев кезінде жасады, бірақ былтыр Тоқаев штабын басқарды. Сонда ол кімге жұмыс істейді?

– Белгілі бір адамдар біреуге қарсы жұмыс істейді деу дұрыс емес. Рас, Мәулен Әшімбаевтың мансабы Н.Назарбаев кезінде өрледі. Бірақ ол Назарбаев тұсында президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметін атқарған 2011 жылы аяқ астынан қызметінен алынып, мәжіліске жіберілді, ал оның орнын Бағлан Майлыбаев басты. Сол тұста Мәулен Әшімбаевты белгілі бір себеппен ығыстырғандай болды. Ал Тоқаевтың кезінде ол сол қызметке қайта оралды. Сол себепті оны қазіргі президенттің мүдделес серігі деуге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:  Әшімбаев, Абаев, Балаевалар – ығысып бара жатқандар

–  Сіз Балаева мен Әшімбаевты тағайындаудың арқасында Ақорданың позициясы күшейді дедіңіз. Экс-президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев Тоқаев позициясының күшеюіне қалай келісті?

– Меніңше, екі президенттің арасында анау айтқандай шиенеліс, келіспеушіліктер жоқ. Бұдан гөрі екеуінің айналасындағы адамдардың белгілі бір ойыны бар сияқты. Экс-президент өзі мұрагер еткен адамды әлсіретуге болмайтынын түсінеді. Дей тұрғанмен элита ішіндегі балансты реттеу керек. Ол балансты тек Н.Назарбаев реттей алады.

Сенат төрағасы – саясаттағы тегеурінді ойыншылар баратын қызмет. Бірақ сенат төрағасы қызметін атқарғандарды шолып шықсақ,елдегі екінші адам қызметіне техникалық тағайындаулар болғанын да байқаймыз. Мұндай төрағалар екінші адам болуға тырыспаған, тек заңнама процесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз еткен. Меніңше, Мәулен Әшімбаев кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты аяқ астынан қандай да бір жағдай бола қалса, мемлекет басшысы қызметін атқарып кететін адамнан гөрі техникалық тағайындалған адам. Сондықтан оның бұл қызметке тағайындалуы Ақорданың да, кітапхананың көңілінен шығады.

– Дариға Назарбаева осымен саясаттан кетті ме, әлде басқа қызметке тағайындала ма?

– Меніңше, Дариға Назарбаеваны кетіру – Н.Назарбаевтың бастамасы. Бұл Ақорда мен парламент арасындағы қарым-қатынасты жолға қояды. Дегенмен карантин, қазіргі президент позициясының күшеюі кезінде Д.Назарбаеваның өкілеті не үшін тоқтатылғанын түсіну қиын. Мұны Айсұлтан Назарбаевтың жыл басындағы мәлімдемелерінен көру қисынсыз. Назарбаеваның 2003 жылдан бергі саяси мансабына үңілсек, оған белгілі бір биікке жетуге мүмкіндік берілетінін, бірақ позициясын күшейткен тұста ығыстырылатынын байқауға болады. Вице-премьер қызметін атқарғанда осы үрдіс анық байқалды. Бірақ Дариға Назарбаева саясаттан кетті деген сөз емес бұл. Ол белгілі бір кезеңдерде саясаттан кетіп, жаңа, тың күшпен жақсы қызметке оралған кездері болды. Мысалы, Рахатгейттен кейін тасаға кетті де, кейін саясатқа жаңа күшпен қайтып келді.

Былтырғы жылдың аяғында Дариға Назарбаеваны "Нұр Отан" партиясының төрағасына дайындап жатыр деп топшылауға негіз бар болатын. Ондай жағдайда ол парламент сайлауына түсіп, партиялық тізіммен сайланған депутат ретінде мәжіліске келер еді. Тағайындалған сенатор болғаннан гөрі сайланған депутат болу анағұрлым сенімді. Алайда жыл аяғында съезд, биыл саяси бюро кеңесінің отырысы өтпей қалды. Дегенмен бұл болжамды біржолата жоққа шығаруға болмайды. Д.Назарбаева үкіметке вице-премьер ретінде қайтып келуі мүмкін.

Назарбаева элита ішіндегі қақтығыс нәтижесінде кетірілуі де мүмкін. Ондай жағдайда оны кетіру "уақытша жазалау" немесе қарсыластардың соққысынан қорғау амалы болуы ықтимал. Онда елбасының үлкен қызының саяси өмірі әзірге белгісіз, әрі-сәрі күйде. Бірақ бұған дейінгі оқиғалар уақытша тыныштық пен кикілжіңнен кейін ол жаңа күшпен қайтып келетінін көрсетті. Сондықтан Дариға Назарбаеваның саяси биографиясы мұнымен аяқталған жоқ.

Фото: Reuters

Материалды көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

"Ресми өкіл ретінде айтамын, сенбеңіздер. Бәрі ойдан шығарылған нәрсе"

17.06.2020

Қырғызстанның экс-президенті 11,2 жылға сотталды

23.06.2020

Ақтөбе әкімдігі спорт залға айналып барады

06.10.2020

Созақтың сенімі "Nur Otan" партиясында

08.01.2021

500 мың адамдық наразылық: Навальный жақтастары митингке дайындалуда

24.03.2021

"Нұрәлі Әлиевтің үйі менің арызымнан соң қамауға қойылды"

11.03.2020