Маминнің дерегіне ел түгілі өзі де сенбейді...

Руслан ЕРБОТА

  • 06.05.2020

Елімізде мемлекеттік тілде сөйлейтіндер көбейіп кеткен. Бірақ, соған қарамастан қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын шенділер мемтілді дамытуға білек сыбанып кірісіп жатыр. 

Коронавирус пандемиясы, дағдарыстағы экономика, босағадан төрге шыққан жұмыссыздық, жаңармайтын саясат, құнсыз теңге, судан арзан мұнай,  маскасы шешілмейтін ауыс-түйіс, есеп-қисабын санауды үйретіп тастаған төтенше апат, ұрандатып жылу жинау науқандарын бір сәтке ысырып тастап, өз қотырымызды – мемтілдің жағдайын тағы да қозғайықшы. Оған себеп те жоқ емес. Нөмірі бірінші ресми басылымға кең-молынан сұхбат берген президенттің өзі жоғарыда атап кеткен өте өзекті проблеманың қатарына тіл мәселесін ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтеріп тастады.

«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады»  депті мемлекет басшысы. Сөзінің еш сөкеттігі жоқ. Бірақ, «ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді» - деп, тіл мәселесінде кімге салмақ салып тұр?

Қазір  қолында билігі бар екінің бірі «интернеттегі өтірік ақпаратқа сенбеңдер, ресми ақпаратқа ғана сеніңдер» дегенді жиі айтады. Айтқандарын құп көреміз. Ресми ақпаратқа имандай сенеміз.

Мәселен, жақында ғана премьер-министр Асқар Мәмин бір топ сенатордың (М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н. Жүсіп, Н. Төреғалиев, Д. Нұржігітова, Д. Нөкетаева) мемтілге қатысты депутаттық сауалына (былтыр желтоқсанның соңында жолданған) жауап берді. Сол хаттың бір жолында былай деді: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25 пайызға өсіп, бүгін 86 пайызды құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56 пайыздан 73 пайызға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88 пайыздан 93 пайызға дейін өсті».

Заржақ екен десеңіз де тағы да қайталап айтқымыз келіп тұрғаны – бұл интернеттегі фейк яғни жалған дерек емес. Премьер-министр өз қолымен жазған, қымбат қаламмен шиырып қол қойған, мөр басқан, бір топ сенатор әр әрпіне шүбәсіз сенген ресми ақпарат! Енді осы деректі талдап көрейік, мемтілді меңгерген азаматтар үлесі 86 пайыз, қазақ тілді БАҚ 73 пайыз, меморгандарда мемтілдегі құжат айналымының үлесі 93 пайыз болып тұрса, құрметті президент  елді неге әлгіндей сөзімен қорқытады?

Тағы да сол ресми құжаттарға сенсек, мысалға, Алматының 2020 жылғы даму бағдарламасында қала тұрғындарының 90 пайызы (!) бүгінде мемтілде сөйлеп тұр. Сонда қалай, елдің бәрі жаппай мемтілде сөйлеп кеткені ұлттық қауіпсіздікке кедергі келтіріп тұр ма? Қайта, билік саясаты  мемлекет құраушы ұлтқа қиянат жасап отыр емес пе? Халықтың 86 пайызы, Алматы тұрғындарының 90 пайызы мемтілде сөйлеп тұрса, қазақ тілді баспасөз неге 73 пайызда шектеліп қалған? Дискриминация ма? Дискрииминация! Билікке деген наразылығы кернеуден асайын деп тұрған қазіргі ауыр сәтте халықпен өздері айтпақшы «бәрі бірге болуы үшін» БАҚ-тағы тілдің 86 пайызы мемтілде болуы шарт, міндет емес пе!

Мемлекеттік органдардың құжат айналымы 93 пайыз болғаны, мемтілді білетіндердің 86 пайызға жеткені, қазақ тілді БАҚ-тың 73 пайызға көтерілгені қазақша сөйлеуге келгенде тосылып қалатын премьер-министр Асқар Маминге тіпті аздық етіпті, ол 100 қойдан 120 қозы алатын үлгілі шопандай белсеніп-ақ отыр.

Әлгі сенаторлардың көңілін көкке көтерген (қарымта сауал қоймағанына қарағанда осылай) жауабында бүй дейді: Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жұмысы 2019 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ҚР-дағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жалғасады. Атап айтқанда, Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын ұйымдар, сондай-ақ ұлттық компаниялар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуі тұрғысынан «Қазтест» жүйесі бойынша В1, В2 және С1 деңгейлеріне сәйкес біліктілігін тексеру көзделіп отыр. Сонымен қатар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мәнді белгілей отырып, тестілеуден өткізу жоспарлануда.

Яғни, биыл мемқызметкерлерді «Қазтестке» салып тестілеу басталмақ. Не үшін? Қажеті не? Жалпы, халықтың 86 пайызы мемтілді біліп тұрған шақта онсызда дамып тұрған мемтілге соншама бағдарлама арнау, оған көл-көсір ақша шашу таза ақымақтық емес пе! Одан да үкімет жиынында әр министр баяндамасын қазақша жасағаны арзан әрі орасан пайда ғой.  Қазақ тілін білмейтін 14 пайыз үшін неге президент үндеуі мен жолдауының 86 пайызын орысша жазуы, айтуы керек? Мемтілді білмейтін 14 пайыз үшін бюджеттен неге қыруар қаржы бөлінуі керек? Үлесі 73 пайызға жетіп тұрған БАҚ-та шенді-шекпенділер неге мемтілде сөйлемейді? Зайырлы деген біздің елде азшылық көпшілікке бағынса, әрине,  мұндай қисық сұрақтар қойылмас еді. Ал оларға жауап табылмаса, демек, биліктегілер өздері ұсынған деректерге өздері де сенбейді деген сөз. Сөйте тұра, олар халыққа «тек ресми ақпаратқа сеніңдер» деп ақыл айтқыш. Немесе олардың айтқан ақпараттары рас, бірақ, шенді-шекпенділердің яғни, 14 пайыздың мемлекеттік тілге түкіргені бар. Екінің бірі, басқа уәж жоқ.

 

МАҚАЛАНЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

 

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

05.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

23.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Екі ел басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.