Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын қарыз алып түсірмек пе?

  • 04.02.2020
  • Malim Админ

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгін үкіметте шенеуніктер шеше алмайтын – азық-түлік мәселесін көтерді.  Өткенге қысқа шолсақ, азық-түлік бағасын реттеу үшін ақ жағалы шенеуніктер не істемеді?! "Тас жолдағы гаишниктер парақор, базардағы бағаның қымбаттығы содан» деген соң жемқорларымен күресуге қайбір жылдары Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовтің өзі КамАЗ жүргізушісі боп та көрді. Операцияның сәтті өткені соншалық парақор гаишник таза айғақпен ұсталып, бұл сәт тіпті, анау-мынау емес «Хабардан» көрсетілді.  Бірақ, бұдан базардағы баға арзандамады. Одан кейін «жолдың бәрі шұңқыр-шұңқыр, тасымал содан қымбат» деп сарай сарапшылары елді алдады.  Қазір біраз жол Қытайдың қарыз қаржысына тақтайдай тегістелді, бірақ, нарықтағы азық-түлік бәрі бір арзандамады. Бұл аралықта сол кездегі президент Н.Назарбаевтың өзі азық-түлік белдеуі деген бағдарламаны бастап берді. Қала маңындағы жұрт орталыққа кеп екі жұмыртқа, бір тауығын әкімдік белгілеген жерге сатқанымен алып-сатарларға күш көрсете алмады. Алып-сатарлар демекші, осы топты жеңу үшін ірі қалаларда жәрмеке де ұйымдастырылды.  Бірақ, мұнысынан ауылдағы тауар өндірушіге де, халыққа да пайда болмады.  Осыдан кеп, жәрмеңкені жөнді өткізу көзбояу үшін әкімшілік күшпен атқарылып келеді. Жеме жемге келгенде бұл алып-сатарларға керемет сыйлық болды. Өйткені олар қазір тауар  іздеп, елді-мекен шарлап әуреге түспейді. Әлгі, жермеңкеге алыстан зат әкелгендер тауарын қайта арқалап кетпес үшін өздері алып-сатарларға жалынып, қолындағысын өткізіп беріп жүр. Әрине, үкіметтің миы жетіп, жасап берген бар жобасы осы ғана десек қисынсыз болар. Небір бағдарлама қабылдап, жылыжайлар ашып, құдай-ау, сенесіз бе, қияр да өсіріп көрді ғой. Бірақ, Қапшағайда өскен сол қияр іргесіндегі Алматыда, астананың түбінде өскен көк қияр қасындағы Нұр-Сұлтанда, Екібастұзда көктеген огурцы маңындағы Павлодарда сонау айдаладағы Ташкенттен келген бәдреннен әдже қайда қымбат болмаса, арзан сатылған емес. Міне, осыған дейінгі үкімет пен министрлер шеше алмаған мәселені енді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шешіп көрмек.

Министр үкімет жиынында бүй деді: Көкшетау базарына өндірушіден тұтынушыға көкөніс жеткенше жол жөнекей 3 есеге қымбаттайды. Алып-сатарлар мен жеке сатушылар бағаны 87 пайызға дейін көтеріп жібереді. Тауарды сақтау мен  технологиялық күтімді қосқанда баға 52 пайызға және көтеріледі.

Көрдіңіз бе, министр мәселенің мәнісін біліп отыр. Енді, оны қалай шешпек? Министрдің сөзінше алып-сатарларға тиімсіз күн туғызу керек. Сондай қалге жету үшін елде 15 агро-логистилық орталық ашпақ.  Сұлтанов бұл орталықтар кімнің есебінен, салықтөлеушінің қанша қаржысынан күн көрмегін ашып айтпайды.  Бірақ, осындай орталықтар ашылғанда отандық өнімді тасымалдау жүйесі мен сақтау, тарату жолға қойылып кетеріне сенімді.

Сұлтановтың сөзіне қарағанда бұл бағыттағы жұмыс 15 қаңтарда басталып та кеткен. Мәселен, осыдан жарты ай бұрын премьер-министр А.Мәминнің бақылауымен жаңа жобалық кеңсе ашылып, апта сайын тиісті мемлекеттік мекемелер мен Азия даму банкінің өкілдері жиын өткізіп жүр.

-Бұл банк басқа елдерде тауар өндірушілердің жүйесін қалыптастырып көп тәжірбие жинақтаған. Қазір банк дәл осындай жобаны Қырғызстан мен Өзбекстанда сәтті жүзеге асырып жатыр,­­­-деді министр бүгінгі жиында. Бірақ, Бақыт Сұлтанов 15 агро-логистикалық орталықты ашуға және оның жұмысын жүргізуге Азия даму банкі нендей қаржы және қандай талаптар қойғанын ашып айтпады. Ұшан теңіз байлығы бола тұра азық-түлік бағасын арзандата алмайтын қазақ үкіметіне Азия даму банкі тегін жұмыс істемейтіні айдан анық. Қалай десек те, біздің үкімет азық-түлік бағасын арзандату үшін де қарыз алғандай.

 

фото: malim.kz

Мақаланы көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Тоқаев мырза, сіздің сыныңызды елеген ешкім жоқ

19.02.2020

Жемқорлық халықтың ақшасын ғана жемейді

10.11.2020

Құрбан айтқа дайындық

19.07.2021

Үйге дейін жеткізу: Қазақстанның сегіз банкі карточкаларға тапсырыс беру қызметін тегін ұсынып отыр

08.04.2020

«Партия съезіне полиция жібермей қойды»

21.02.2020

Денсаумин вакцинацияға қарсы дәрігерлерге түсіндіру жұмыстарын өткізбек

08.07.2021