Енді өзіңізді кінәлі сезінетін шығарсыз, Сұлтанов мырза?
"КҮО саңырауқұлақ емес". Сұлтанов Тоқаевқа мораль оқи ала ма?
Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында екі жылдан бері жыр болып келе жатқан көтерме-үйлестіру орталығы (КҮО) туралы сөз болып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және интеграция министрлігін сынады. Ол министр Бақыт Сұлтанов пен үкіметке екі жыл бұрынғы өзінің (президенттің) бастамасын сөзбұйдаға салып, созумен келе жатырсыңдар деп ренжіді.
«Екі жылдан астам уақыт бұрын мен көтерме-үйлестіру орталықтары желісі бар Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру туралы тапсырма бердім, бірақ, үкімет оны іске асыруды былықтырып жіберді. Жоспарлар мен жария болған мәлімдемелер қағаз бетінде қалды. Ірі кәсіпкерлермен бірігіп МЖӘ (мемлекеттік-жекешелік әріптестік – ред.) үлгісі бойынша салынуға тиіс көтерме-үйлестіру орталықтарының құрылысының жобасы іске аспады», - деді Тоқаев.
Бұл бастама – Тоқаевтың азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша ұсынған авторлық жобасы болатын. Тоқаевтың бастамасы һәм тапсырмасынан кейін бақыт Сұлтанов елде ұлттық тауар өткізу жүйесін құруды бастап кеткенін, әр аймақта осы орталыққа қарасты көтерме-үйлестіру орталықтары ашылатынын мәлімдеп, 2022 жылға дейін бұл шаруа түгелдей жолға қойылатынын да айтқан. Ол бұл орталықты Еуразия бойынша басты инфрақұрылымға айналады деп те уәде берген.
"Елімізде құрылып жатқан ұлттық тауар өткізу жүйесі үлкен Еуразиялық азық–түлік хабының басты инфрақұрылымына айналады. Ол азық-түлік тізбегінің шығынын азайту, бағаны тұрақтандыру және сауда инфрақұрылымын дамыту мәселелерін кешенді шешуге ғана емес, сонымен қатар экспорт арналарын құруға мүмкіндік береді. Біз "өндіру алаңынан сөреге" дейін деген ұстанымды ұстанамыз. Осылайша тұтынушылардың сапалы өнімге қол жеткізуін қамтамасыз етеміз», - деген 2020 жылдың желтоқсанында.
Одан сәл бұрын, сәуір айында жасаған тағы бір мәлімдемесінде Алматы, Түркістан облыстарында көкөністерді сақтайтын бес көтерме-үйлестіру орталығы құрылып, көкөністер жыл бойы сонда сақталады деген. Ал 2022 жылға дейін аймақтарда 24 көтерме-үйлестіру орталықтары құрылады деп жоспарланған. Мұндай көтерме-үйлестіру орталықтары көкөністерді сақтап, маусымаралық кезеңде қымбатшылықтың алдын алуға септеседі делінген. Бірақ, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін құрылған орталық бағаны ұстап тұра алған жоқ. Жоспары уақытында орындалмаған Сұлтанов былтыр дәл осы уақытта сәбіз бен картоп бағасы аспандап кеткенде, журналистерге сұхбат беріп, өзін кінәлі сезінбейтінін білдірген.
Журналистер "осы көтерме-үйлестіру орталықтары толыққанды жұмыс істемей, бұл сәбіз бен картоптың қымбаттауына әкеп соқтырғаны үшін өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе?" - деп сұрағанда Сұлтанов ашуын жасыра алмай қалған.
«Мен сұрақты бұлай қоймас едім, сұрақты бұлай қою дұрыс емес. Бұл жерде іс туралы айту керек. Белгілі бір себептерге байланысты көтерме-үйлестіру орталықтарын құру мерзімі шегерілгені рас. Жеке бастамалар көтерілді. Тиісті процедуралар мен сараптама жүргіздік. Өткен аптада мемлекет-жеке серіктестік келісімшарттарына қол қойдық. Жұмыс басталды. Әрине, осының салдарынан кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Бұл бір күннің жұмысы емес. Олар (көтерме-үйлестіру орталықтары - ред.) бір күнде саңырауқұлақ тәрізді өспейді. Тиісті кесте бар", - деген.
Тоқаев бүгін Сұлтановқа министрлігіне және жалпы үкіметке қазан айында бұл салада не істеп, не қойғандарын айтып, есеп беруді және инвестор тартуды тапсырды. Тоқаевтікі де амалсыздың ісі, әйтпесе, өзі берген тапсырманың орындалмағанын, инвесторлармен жұмыстың ақсап тұрғанын көріп отыр. Журналистерге сұрақты қалай қоюды үйрететін Сұлтанов енді президентке «тапсырма бұлай берілмейді» деп мораль оқи алмайтыны түсінікті. Сұлтанов дәл осы жолы Тоқаевтың тапсырмасына министр ретінде бір, премьер-министрдің орынбасары ретінде екі есе жауапты. Осы уаққа дейін атқарған шаруаларының бәрін «сөзбұйда», «қағазбастылық» деп бағалап, былықтырдың деп кінә артқан президентінің сөзін жоққа шығаруға қауқары жетпейді ғой, тым болмаса қант тапшылығы асқынып тұрғанда, азық-түлік бағасы сағат санап өсіп жатқан тұста өзін кінәлі сезінетін шығар.
P.S.: Сұлтановтың сын естуі бір бұл емес. Қаржы министрі болып тұрғанда 2015, 2017, 2018 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан үш рет ескерту алған. Назарбаев 2017 жылы екінші мәрте ескерту жасағанда «үшіншісі жаман болады» деп, ашу шақырғанмен, үшінші ескерту бергенде «бұл соңғы ескерту» деп, орнын босатуды тағы да «сөзбұйдаға» салған. Артынша, соншама «қорқынышты» ескертуге қарамастан, Сұлтановты Астана қаласының әкімі етіп тағайындап, айды аспанға бір-ақ шығарған. Сөзбұйдаға салуды бұрынғы президентінен үйренген Сұлтанов Тоқаевтан ескерту алып жатыр. Ескерту алған сайын өсе түсетін жолы болғыш шенеунік қазан айына дейін өсіп кетіп құтылмаса, Тоқаевтың тағы бір ескертуінен қашып құтыла алмайтын сияқты. Бәлкім, Тоқаев Назарбаев сияқты емес, құрғақ доқ көрсетумен шектелмейтін де шығар... Қалай дегенде де, өзін оңайлықпен кінәлі сезіне қоймайтын Сұлтановтың тынышы кеткені кеткен.