ЕЭО: Қазақстан Ресейге қарымта жауап қайтармайды
"Тауарлар мен қызметтердің еркін тасымалына жол ашады" делінген Еуразия экономика одағының құрылғанына 6 жыл толса да, Ресей одаққа мүше мемлекеттердің тауарын кіргізбей, түрлі шектеу шараларын қояды. Мысалы, былтыр желтоқсанда Ресей Қазақстанның бірнеше облысынан барған қызанақ пен бұрышты кіргізбей тастаса, былтыр қыркүйекте Солтүстік Қазақстаннан барған құс етін кіргізуге тыйым салды. Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерді қорғау үшін Ресейге қарымта жауап қайтарып, Ресей тауарына шектеу салғаннан гөрі келіссөз жүргізуді құп көреді.
2020 жылдың желтоқсанында Ресей Павлодар облысынан, ал қаңтарда Алматы мен Ақтөбе облысынан барған қызанақтар мен бұрышты кіргізбей қойған. Россельхознадзор Қазақстаннан жеткізілген көкөністерде қоңыр қатпар вирус (Tomato brown rugose fruit virus) шықты деп, осы көкөністердің экспортына тыйым салған. Қазақстан наурыз айында Еуразия экономика комиссиясына шағымданып, Ресей әрекеті қолдан жасалған кедергі болып танылды.
Сауда және интеграция министрлігі Еуразия экономика одағында кедергі кедергілер мен барьерлер бар екенін жоққа шығармайды. Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова бүгін өткен онлайн брифингіде 2016 жылдың бері кедергілердің 83 пайызы жойылғанын айтты.
"Заң жүзінде шекара ашылғанымен, де-факто одаққа кіретін мемлекеттер өндірушілерін қорғау үшін түрлі кедергі келтіреді. Әрине, бұл Еуразия экономика одағының идеясына қайшы, біз онымен күресіп жатырмыз. Қандай да бір кедергіні одақ ішіндегі міндеттемені орындамау деп қабылдап, Еуразия экономика комиссиясына шағымдануға болады", - дейді Ж.Күшікова.
Министрлік 2016 жылдан бері отандық кәсіпкерлерге қойылған 66 барьердің 54-ін алып тастағанымен, қарымта жауап қайтармаймыз дейді.
"Қарымта жауап қайтару қарастырылмайды. Бәрі құқықтық ережелер арқылы шешіледі, біз бәрін заң жүзінде негіздеп дәлелдеуіміз керек", - дейді вице-министр.
Қазақстан бәрін келіссөзбен шешеміз деп жүргенде елімізден Ресейге ағылған жүк көліктері шекарада қаңтарылып қалып, жүздеген көлік кезегі пайда болды. Сәуір аяғында ҰҚК шекара қызметі Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан – Ресей шекарасында Сырым өткізу пунктіне жақын жерде 350-ден астам көлік жиналып қалғанын хабарлаған. Ал Ресейдің Маштаков өткізу пунктіне жақын жерде 400-ден астам жүк көлігі кезекте тұрып қалған. ҰҚК шекара қызметі Ресей тарапы көліктерде тасымалға тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеру үшін жүк көліктерінің ішінен "дәліз" аштырып жатқанын хабарлаған.
Еуразия экономика одағы ішінде ішкі шекаралар жойылып, тауар мен қызметтің еркін тасымалына жол ашылғанына қарамастан, көліктердің шекарада тұрып қалуы одақ шарттарын бұзу емес пе? Қызығы, сауда және интеграция министрлігі шекарадағы көлік кезегінің Еуразия экономика одағына қатысы жоқ дейді.
"Бірнеше апта бұрын шекарада болған көлік кептелісінің кеден бақылауына қатысы жоқ. Ол шекаралық бақылауға байланысты. Ресей тарапының инспекциялық бақылау кешені істен шығып, көліктердегі жүктің арасын аштырып, тыйым салынған зат пен шекараны заңсыз кесіп өтпек болған адамдардың бар-жоғын тексерді. Бұл мәселе Еуразия экономика комиссиясында емес, Қазақстан мен Ресей үкімет жетекшілерінің кездесуінде көтерілді. Қазір ондай кептеліс жоқ", - деді Жанель Күшікова.
Дегенмен одақтас елдерге түрлі кедергілер қойып отырған Ресей Еуразия экономика одағы құрылғалы бері экспортын айтарлықтай өсіріп, одақтың пайдасын көріп отыр. Қазақстан Ресейге 2016 жылы құны 3,4 миллиард долларға жететін тауар экспорттаса, Ресей Қазақстанға одан 3 есе көп – 9,2 миллиард долларға тауар экспорттаған. Ал 2020 жылы еліміз Ресейге 4,8 миллиард долларға тауар экспорттасақ, 13,3 миллиард доллардың тауарын Ресейден алыппыз.
Жалпы, Еуразия экономика одағы аясында Қазақстанмен алыс-берістің қызығын Ресей көріп отыр. Неге десеңіз, Еуразия экономика одағына кіретін елдердің ішінен Қазақстан ең көп тауарды Ресейден алып отыр. 2020 жылы Еуразия экономика одағы елдерінен жалпы құны 14,1 миллиард доллар тауардың 13,3 миллиарды нмесе 94 пайызы Ресейден импортталған.