Бақыт СҰЛТАНОВ: Дағдарыста бірігу керек
Ел ішінде шағын және орта бизнестің, жаппай кәсіпкерліктің қарқынды дамуы көп жағдайда құдай қосқан көрші елге де байланысты. Өйткені кәсіпкерлік пен бизнестің бұлтармас жалғыз заңы – өніміңді сату. Өнім сату үшін кең нарық керек. Мұндай нарыққа жету үшін шекараны ашып қоя салу жеткіліксіз. Алдымен, ел ішіндегі салық және бюджет саясаты кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені өнім бағасы, тауар бағасын белгілеу дәл осы саясатқа байланысты. Бұған қоса, кеден ісі жетілуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік іске асуы шарт. Осы қарапайым алғы шарттар нәтижелі жүзеге асқанда ғана мемлекеттер арасындағы шекаралар кәсіпкерлер үшін есігін аша бастайды. Сондай оң өзгерістің бір белгісін Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ әлеуметтік парақшасында бөлісті.
–Жақын арада біз оңтүстік бағытында ауқымды сауда жобасы – Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының құрылысын іске асыруға кірісеміз. Бұл орталықты салуға осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшылары деңгейінде уағдаластық болған. Ал нақты шараларды біз әріптесіміз – Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаковпен талқыладық, – деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, бұл сауда орталығы – Орталық Азия елдеріне, ондағы кәсіпкерлерге аса маңызды алаң болмақ. «Орталық Азия» сауда орталығында көтерме-бөлшек сауда нысандары және оларға қажетті инфрақұрылым салынбақ. Және дәл осы сауда орталығының жанынан аймаққа аса қажетті көлік-логистикалық орталығы да салынбақ.
– Әлемдегі экономика тұрақсызданып, баға тербеліп, коронавирус індеті халықаралық саудаға, кәсіпкерлікке, бизнеске қатер төндіріп, туризмнің жолын кесіп, аласапыран болып жатқанда іргедегі көршілермен сауданы, бизнесті бірігіп қарқындату – дамудың төте жолы. Бүгінде Орталық Азияда – 71 миллион адам өмір сүреді. Бұл үлкен нарық. Кәсіпкерлікпен айналысуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға таптырмас алаң, – депті министр.
Тараздық кәсіпкер Жұмасейіт Нілбаев министрдің бұл жаңалығын қуанышпен қабылдағанын айтады. Оның сөзінше, Сауда орталығы мен оның қасындағы логистикалық алаң қазақстандық өнімнің шикізат күйінде шекара асуына тосықауыл да болмақ.
– Негізінен тірі мал сатамыз. Ал шынына келгенде дайын ет сатқымыз келеді. Айырмасы не? Мәселен, өзбек нарығына өткізетін етіміз көп. Бірақ, етті сату үшін мал соятын, ет сақтайтын, ет таситын тоңазытқышы бар көлік, еттің сапасын тексеретін санитарлық орталықтар керек. Бізде бұл жағы кемшін. Ет күйінде сақтай алмайтындықтан Өзбекстанға тірі мал сатып жүрміз. Одан түсетін пайда аз. Министр Бақыт Сұлтанов айтқан орталық салынғанда онда ет класстері сөзсіз қалыптасады. Бұл бізге, кәсіпкерлерге, жаңа жұмыс іздегендерге көп пайда,– дейді.
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстан үшін Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстан алдыңғы шептегі ең үлкен сауда әріптесі. Сондай-ақ, Ауғанстан, Пәкістан нарығына шығатын төте дәліз.