Еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылдан бастап елімізде дәрігерлерді даярлау жүйесінде қандай өзгерістер болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдан бастап медициналық мамандықтарға түсетін студенттер 6 жыл университетте оқып, кейін 1 жыл интернатурадан өтеді. Осылайша, оқу мерзімі жалпы 7 жылды құрайды.
Оқуды аяқтап, диплом алған түлек бірден дәрігер ретінде еңбек жолын бастай алады. Ол тек емханада ғана емес, стационарда да жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, қаласа, резидентураға түсіп, тар бейінді мамандық бойынша білімін жалғастыра алады.
Жаңа жүйеде «дәрігер-интерн» деген жаңа мәртебе енгізіледі. Бұл – енді студент емес, белгілі бір жауапкершілігі мен тәжірибелік дағдылары бар жас маман.
Ал 2021 жылы медициналық жоғары оқу орнына түскен студенттер оқуын бұрынғы жүйе бойынша аяқтайды. Интернатурадан кейін олар емханаларда жұмыс істей алады немесе резидентураға түсе алады.
2022–2026 жылдар аралығында оқуға түскен студенттер үшін негізгі оқу мерзімі 6 жыл болып қала береді. Алайда олардың тәжірибелік даярлығы күшейтіледі: интернатура уақыты ұзартылып, оқу сағаттарының жалпы саны артады. Оқуды аяқтағаннан кейін олар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейінде жұмыс істей алады немесе резидентурада оқуын жалғастыра алады.
Министр қазіргі таңда медициналық жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер үшін оқу мерзімі мен мансаптық жолы өзгеріссіз қалатынын атап өтті.
Жаңа білім беру үлгісі студенттердің тәжірибелік даярлығын арттырып, білікті дәрігерлерді даярлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ түлектерге еңбек жолын ертерек бастауға немесе мамандануын жалғастыруға таңдау беріледі.