Қарашөкеев қанша шенеунікті соттатпақ?
Ауыл шаруашылығы министр Е.Қарашөкеев қарапайым осы шындықты мойындаудың орнына жергілікті жердегі әлеуметтік-кәсіпкерлің корпорациямен алыспақ.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 25 шілдеде Орталық коммуникация қызметінде қант бағасына қатысты түсініктеме бере келіп, жергілікті жердегі шенділердің мойнына қыл арқан іліп кеткендей болды.
«Бүгінгі күні зауытта қант килограммы 450 теңге. Көтерме сауданың 15 пайыз, жеке сауданың 15 пайыз үстемесін қоссақ, баға 595-600 теңге шамасында болуы керек. Алайда, бағаны тұрақтандыру шаралары бойынша аймақтарда ӘКК (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация) тұрақтандыру қорындағы қантты арзан бағаға беріп жатыр. Мысалы, Павлодар облысында тұрақтандыру қоры қант килограммын 416 теңгеден беруде, ал сатып алу бағасы 448 теңге, Қызылорда облысында 450 теңгенің орнына 370 теңгеге беруде. Алматы облысында қант килограммы 276 теңге, Ақтөбеде - 363 теңге, Маңғыстауда - 400 теңге. Әкімдіктің осындай әрекеті ажиотаж тудырып, әлеуметтік шу шығаруда. Әлеуметтік желіден осындай таластың талайын көрдік. Аймақтардағы осындай істерді (ӘКК ісін-ред.) дереу қайта қарау қажет. Оның үстіне ішкі нарықта коммерциялық бағадағы қант көлемі жеткілікті»,- деп салды министр Ербол Қарашөкеев.
Ал оның қасында брифингте бірге отырған вице-премьер -- сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «не айтып отырсың?» деп Е.Қарашөкеевке таңданып та қарамады. Егер ауыл шаруашылығы министрінің жоғарыда айтқан сөзін әр нәрсенің байыбына бара бермейтін блогер айтса, онда әрине, онысына таңданбас та едім. Ал білдей бір министрдің өзі блогер де айтпайтын уәжді күллі Қазақстанның алдында айтып тұрғаны таңданыстан бұрын үрей тудырғандай.
Министр айтып отырған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Міндеті әлеуметтің яғни, халықтың жағдайына кәсіпкерді қарайластыру.
Корпорация деген заты бар бұл ұйым тікелей облыс әкімдігіне бағынады. Облыс әкімдігінің аймақтағы азық-түлкі қорын қалыптастыру (дихандардан күзде тауарын сатып алып, қысқа, жазға қор сақтау, оны үйлестіру, тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдау, шетелден қажетті тауарды тасып алу), кәсіпкерлерді ынталандыру, қолдау жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ, осы ұйымның мойнына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жасау, сақтау жүктелген. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізіміне ұн, нан, күріш, картоп, пияз, сәбіз, күнбағыс майы, сиыр, тауық еті сияқты 19 тауар түрі кіреді. Әрине, мұның ішінде ақ қант-түйіршіктелген қант та бар.
Бұл тауарлардың тізімін үкімет өзі бекітеді. Және дәл осы азық-түліктердің бағасын реттеп ұстап тұру үшін бүкіл әкімшілік күшін пайдаланып, әйтеуір әрекет етіп жатады. Премьер-министрдің өзі апта сайын жиын өткізіп, министрлер мен әкімдерге тапсырма беріп жүреді. Осы жерде «шенеуніктердің осындай қарқынды, екпінді жұмыстары көпшілікке неге көрінбейді, халықтан неге қолдау таппайды?» деген сұрақ туындайды.
Мәселен, базарда еттің бір килограммы 3,5 мың теңге делік. Үкімет мүшелері өз есептерінде «еттің бағасы 2 мың теңге» деп жазады. Халыққа да «ет бағасы 2 мың теңге» деп айтады. Осыдан келіп «шенеуніктер базарға бармай ма? Нақты бағасын білмей ме?» деп жұрт ашуланып жатады.
Әрине, шенді-шенеуніктер базардағы бағаны біледі. Бірақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қасындағы тұрақтандыру қорындағы еттің бағасы 2 мың теңге болған соң, солай айтады, солай жазады, халықтың табысына сол мөлшермен шағады, инфляция деңгейін де осы бағамен екшейді.
Алыпсатарлар көтерген базардағы баға мен шенеуніктердің есебіндегі төменгі бағаның айырмашылығы жұрттың билікке деген сенімін кетіріп, ашуын туғызғанымен билік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы әлеуметтік маңызы бар тауар қорын қамтамасыз етіп, жекелеген монополияларға айтарлықтай жол бермей отыр.
Міне, осындай міндеті мен қызметі бар (қаншалықты дұрыс атқарып жүргені бөлек мәселе) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қант бағасына қатысты жұмысын ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев сынап тастады. Оның айтуынша, аймақтағы ӘКК қантты өзіндік құнынан арзан сатып, талас тудырып жатыр. Сонда министрдің ойынша, бұл корпорация қантты нарықтық бағамен сатуы керек пе? Нарықтық бағамен сату керек болса, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның не қажеті бар? Қыруар қаржы салып, несіне құрды? Президенттен қант бағасына қатысты сөгіс естіген кезінде ӘКК-ні таратып жіберуге неге ұсыныс айтпаған? Немесе үкімет жиынында премьер-министр Әлихан Смайловтың бетіне неге баспайды?
Қарашөкеевтің сынан кейін аймақтағы ӘКК қант бағасын нарықтағы бағамен сататын болса, онда осы ұйымды басқарып отырғандар, сондай-ақ, олардың істерін қадағалаушы мемлекеттік қызметкерлердің алды сотталып, соңы қызметтен қуылып кетуі әбден мүмкін. Өйткені, ӘКК-нің негізгі міндеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын қамтамасыз ету. Шамасы жеткенше бағасын тұрақтандыру. Тұрақтандыру қорындағы мемлекет ақшасына жиналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтық бағамен сатып «Алтын орда» сияқты базар жасау емес.
Әрине, ӘКК қорына жинаған әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті әр базарға немесе әр ауладағы шағын дүкенге жеткізіп бере алмайды. Ірі сауда желілерінің сөресімен ғана шектеліп тұр. Сол себепті базар мен шағын дүкендердегі алып-сатарлардың тасуымен жеткен тауар бағасы асқақтап тұр.
Ал тұрақтандыру қорынан ірі сауда желілеріне түскен қанттың қоры халық сұранысын өтей алмай жатыр. Жетпейтін болғандықтан бір қолға екі килограммнан артық бермей жүр. Оның өзінде қант сөреге күнде түспейді. Түсе қалса, арзандау қантқа талас басталып жүр. Сосын, тұрақтандыру қорында халықтың сұранысын өтейтін қант қоры да жоқ.
Ауыл шаруашылығы министр Е.Қарашөкеев қарапайым осы шындықты мойындаудың орнына «аймақтағы ӘКК қантты өзіндік құнынан арзан сатады» деп, онсыз да қымбат қантты одан әрі қымбат бағаға сатуға үгіттеп отыр. Мұндай министрмен ауыл шаруашылығын дамытамыз деп армандамай-ақ қойсақ та болады. Бірақ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны «Алтын орда» сияқты заңға бағынбайтын қара базарға айналдыра алатынымыз анық енді.
оқи отырыңыз: Карашукеев & Султанов: Дефицита сахара нет, но президент был прав
(фото ашық дерек көздерінен алынды)