Астанада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында 23-27 сәуір күндері Astana Eurasian Book Fair – 2025 VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі болмақ.
Astana Eurasian Book Fair – 2025 кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы».
«Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа.
Astana Eurasian Book Fair – 2025 көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Испания, Иран, Өзбекстан, Португалия және Қытай елдерінен 70-ке жуық баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады.
Көрменің басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту.
Көрме аясында төмендегідей іс-шаралар өтеді:
* Балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған кітаптардың таныстырылымдары;
* Танымал жазушылармен және ақындармен кездесулер, автограф-сессиялар;
* Кәсіби кездесулер мен пікірталастар;
* Балалар алаңында кітап оқу, шеберлік сабақтары және шығармашылық кездесулер;
* Құнды сыйлықтар ұтысы.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 23 сәуір күні, сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.
Көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы келесі номинациялар бойынша өтеді:
* Жыл кітабы;
* Үздік дебют;
* Үздік көркем әдебиет;
* Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап;
* Түріксойдың Гран-приі.
Фото: ҚР Президенттік орталығы