Астанада ауыр техникалар тағы бір көлшікті көміп жатыр

Астанадағы Ұлы Дала көшесінің бойындағы (Отырар тұрғын үй кешеніне жақын жерде) көлшікті бірнеше айдан бері ауыр техникалар топырақпен көміп жатыр. Бұл қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін, ол жерге кім не салғалы жатыр? Бұл туралы Malim.kz Tizgin.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Tizgin.kz редакциясы Астана қаласы әкіміне ресми сауал жолдаған.
Астанада бұған дейін Талдыкөл көлшіктерінің орнына тұрғын үй кешендері салынып, көп шу туғызған. Экологтар дабыл қағып, түрлі акция ұйымдастырып, қарсылық білдірген еді. Соған қарамастан, Нұра ауданында бұрын көлшіктер тұрған орында үлкен-үлкен тұрғын үй кешендері салынып кетті.
Мұндай көлшіктер Есіл ауданында да бар. Әкімнен осы ретте табиғи су айдындарын жою қаланың экожүйесіне қалай әсер ететініне осы шулардан кейін талдау жасалды ма деп сұрағанбыз. Одан бөлек, әкім ретінде өзіңіз қандай қорытындыға келдіңіз деп те сауал жолданған. Бас қаланың өзге аумақтарында да осындай көлшіктерді қолдан көміп, құрылыс жүргізу тәжірибесі бар ма? Қай жерлерде мұндай тәжірибе қайталанып жатыр? Жалпы, қала әкімдігі Астана маңындағы табиғи су айдындарын сақтап қалу саясатын ұстанып отыр ма, әлде оларды құрылысқа беру жалғаса ма? Ресми түрде осындай сұрақтар да жолданды.
Әкімге жолданған сауалға Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы жауап берген. Жауапта Есіл және Нұра өзендерінің аралығында орналасқан, батпақты жер бедеріне байланысты мұнда ірі және ұсақ су айдындары көптеп кездесетіні жазылған.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы 2020 жылы жүргізілген су объектілерінің түгенделуі мен паспортизациясы нәтижесінде, елорда аумағында келесі су айдындары тіркелген:
Табиғи пайда болған 10 ірі су айдыны (Есіл және Қарасу өзендері; Ақбұлақ, Сарыбұлақ бұлақтары; Өлмес, Бұзықты, Майбалық, Нұра-Есіл каналы, Үлкен Талдыкөл көлдері.
«Кіші Талдыкөл көлінің №7 учаскесі), аталған су айдындарына Астана қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 қазандағы № 205-2263 қаулысымен су қорғау аймақтары мен жолақтары белгіленген. Маусымдық сипаттағы 36 ұсақ су айдыны, бұлар тек жауын-шашын есебінен толығатын, уақытша пайда болған су қоймалары болып табылады және олар үшін су қорғау аймақтары мен жолақтарын белгілеу талап етілмейді», — делінген жауапта.
Біз сауал жолдаған су айдыны бойынша басқарма былай жауап береді: «Отырар» тұрғын үй кешенінің маңындағы (Ш.Мұртаза және Ұлы Дала көшелерінің төртбұрышында) су айдыны – маусымдық, уақытша пайда болған су қоймасы, ол кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру нәтижесінде қалыптасқан. Аталған су айдыны үшін су қорғау аймағы мен жолақтарын белгілеу талап етілмейді.
«Сіз көрсеткен мекенжай бойынша осы аумақтағы құрылысқа қатысты болуы мүмкін кәсіпорындардың рұқсаттарын тексеру үшін ақпарат жеткіліксіз. Кәсіпорындардың мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларын нақты әрі тиімді тексеру үшін келесі мәліметтер қажет: кәсіпорынның атауы, кәсіпорынның БСН (немесе ЖСН); кәсіпорынның орналасқан жерінің нақты мекенжайы», — делінген жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Астананы басқарған Алтай Көлгіновтің кезінде Талдыкөлді құрғату бойынша шу шығып, халық наразылық танытқан еді. Қазіргі әкім Жеңіс Қасымбековке де бұл тарапта сын айтылары анық.
Фото: Tizgin.kz