Мамин: Үкіметтің міндеті – құрылыс қарқынын арттыру

Malim Админ

  • 25.04.2020

Қазақстан Республикасы премьер-министрі Асқар Мамин елордадағы бірқатар тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынып жатқан, биыл пайдалануға берілмек «Бағыстан» және «Bazis» тұрғын үй кешендері – әлеуметтік тұрғын үйлерге жатады. 500 адамға жуық жұмысшы жұмыс істеп жатқан құрылыс алаңының жалпы көлемі – 160 мың шаршы метрлден асады. Жалпы пәтер саны 2786-ны құрайды. Екі ауысым бойынша жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы келіп, тексеріп кетті.

Оның бұл жүрісінің де мәні бар, өйткені, 2019 жылдың аяғына қарай Қазақстан бойынша 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатыны айтылған. Одан кейінгі бүкіл әлемнің есін екеу, түсін төртеу етіп кеткен коронавирустың салдарынан көп жердегі жұмыстар тоқтап, әсіресе, құрылыс жұмыстары жаппай жабыла бастаған тұста, биыл жыл аяғындағы тұрғын үй салу жоспары іске аса ма, аспай ма деген күдік-күмән оянған көпшілікте. Осыған орай Асқар Мамин қандай жағдай болмасын, 15 миллион шаршы метрлік тұрғын үй жыл аяғына дейін салынатынын айтып, арнайы мәлімдеме де жасаған. Артынша, облыс әкімдері мен жауапты компанияларға коронавирусқа қатысты жарияланған карантин мен төтенше жағдай кезінде де шама келгенше құрылысты тоқтатпау туралы тапсырма берген. Жоғарыдағы екі кешен қиын уақытқа қарамай жұмысын тоқтатпай тұрған сондай құрылыс орындарының бірі.

Асқар Маминнің «бұл ретте құрылыс саласы қазіргі уақытта экономиканың дамуының маңызды секторларының бірі болуы тиіс. Құрылыс маусымын уақытында бастаудың маңызы өте зор. Құрылыс орындарына инженерлік инфрақұрылым жеткізу бойынша 7 өңір ғана жобаларды іске асыруды бастаған. Бұл тұрғыда Атырау, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарын атап өткен жөн», дегенін ескерсек, құрылыс алаңдарындағы жұмыс бұдан ары да қыза түседі деген сөз. Коронавирус жұқтырушылар саны көп анықталған аймақтар мен қалалардың карантин режимінің бітуін күтіп қана отырғанын бағамдауға да болады.

Жалпы, бұл құрылыс орындары – карантиннен соңғы көпшілікті жұмыспен қамтудың бір бағыты екенін ескерсек, құрылыс жұмыстарының тоқтамауы және сапалы жүргізілуі маңызды. Өйткені, карантинмен бірге келген әлемдік экономикалық дағдарысты еңсерудің бір жолы – халықты жұмыспен қамту. Демек, құрылыс жұмыстарын тоқтатпау арқылы мемлекет бір оқпен екі қоян атып алады деген сөз. Әрине, алдымен құрылыстың жоспарлы орындалуы, екіншіден, елдің осы жұмыс арқылы нәпақа табуы. Сол себепті, құрылыс басына келген премьер-министр Асқар Мамин жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына мән беріп, барлық нысандарды жоспарланған мерзімде аяқтап, пайдалануға беруді қадағалау керегін айтты.

«Үкіметтің қазіргі таңдағы аса маңызды міндеті – құрылыс қарқынын арттырып, әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету», — деді үкімет басшысы.

Бұл инспекциялық тексеруге Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтар да қатысқанын айта кету керек.

Жоғарыда аталған 15 миллион шаршы метр үйдің 3 миллионы аталмыш нысандар орналасқан елордаға тиесілі. Соңғы жылдары ең көп құрылыс салынған қала әлі де өсіп келеді. 15 миллион шаршы метрлік тұрғын үйдің 150 мың тұрғын үй болатынын ескерсек, 3 миллион шаршы метр – 30 мың тұрғын үй деген сөз. Демек, жыл соңына дейін «Бағыстан» және «Bazis» сияқты тұрғын үй кешендерінің құрылыстары тоқтаусыз жүреді деген сөз.

Мамин барған екі үйдің де әлеуметтік үйлер санатына жататынын ескерсек, мұндай санаттағы үйлер бүкіл Қазақстан бойынша да көптеп салынатынын айта кету керек. Биыл халықтың әлеуметтік аз қамтылған, әлжуаз топтар, аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жас отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналып 32 мыңнан астам жалдамалы және несиелік пәтерлер берілмек.

Жалпы, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин ғана емес, осы салаға жауаптылардың бәрі карантин басталғалы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2020 жылға арналған жоспарын орындауды жиі айтып жүр. Өйткені, үкімет бұл жағдайды барынша қадлағалауда ұстайтынын айтып-ақ келеді. Мәселен, сәуірдің басында үкіметтің селекторлық отырысында (карантинге байланысты онлайн форматта өткен) ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады. Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста қандай қиын жағдай болса да құрылысты тоқтатпау керек екенін қайта-қайта тапсырған үкімет басшысы құрылыс саласының экономиканың негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өткен болатын.

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды