Бюджет жоспарлау цифрланбақ

Malim Админ

  • 29.04.2020

Пандемия, мұнай бағасының құлдырауы бюджет ашықтығына деген қызығушылықты арттырып жіберді. 29 сәуір күні онлайнда өткен дөңгелек үстелде ресми орган өкілдері мен сарапшылар «бюджет ашықтығы елге не береді?» деген мәселеге ой бөлісті.

«Бұрынырақта санаулы мамандар ғана бюджеттің құрылуы мен орындалуына қызыға қарайтын. Қазір карантин кезінде Ұлттық қордың маңызы, бюджеттің құрылуы, бөлінуі, бөлінген қаржының тиімділігі, кәсіпкерлікті қолдау, бизнес жүргізу істеріне назар аударып жатқандар күрт өсті. Бұл әрине, заңдылық. Сондықтан, төтенше жағдайға қарамастан, карантинде қамалып отырсақ та, осындай дөңгелек үстел өткізуге бастама көтергендерге алғысым шексіз»,– деді Сандж зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова.

Бұл жиынның өтуіне бастамашы болған «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев бюджет ашықтығы санаулы мамандарға ғана емес, көпшілік үшін күн тәртібінен түспейтін мәселе және өзектілігі арта беретін маңызды тақырып деп атап өтті.

Ал «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының басшысы Шолпан Әйтенованың айтуынша, бюджет ашықтығы әлемдік индекстегі рейтингімізді көтеретін ғана амал емес, қайта мемлекет қаржысын дұрыс басқаруға әсер ететін амал.

«Ең негізгі маңызды мәселе – сенім мәселесі. Ел азаматтары бюджеттің құрылуын, бөлінуін, жұмсалуын, атқарылуын анық көріп-біліп отырса,  халықтың билікке, мемлекеттік құрылымға деген сенімі арта түседі. Осыдан кейін мемлекеттік басқарудың тиімділігі артады. Бюджетке қатысты кез-келген ақпаратқа қол жетімді болса, мемлекеттік органдарға әр түрлі сұрау жіберіп, сұрақ қойып,  әуре болмайды», – деді Ш.Әйтенова.

Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев мамандардың сөздерін қоштайды. Ал бюджет ақпаратының ашықтығына келгенде аянбай еңбек етіп жатқанын айтады. «Қазір бюджеттік жоспарлауды автоматтандырып, цифрлап жатырмыз. Келесі жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың барлық амалын цифрландырамыз. Әрине негізгі мақсатымыз мемлекеттік жопарлауды тиімді, ашық әрі жариялы ету», – дейді вице-министр. Р.Еңсебаевтың айтуынша, бюджет ісіне қатысты барлық амал цифрланған кезде деректерді қорыту, талдау оңайлап, қазағазбастылықтағы бюрократия жойылмақ.

MalimBlocks