Екі баласын көлік қағып кеткен ананың зарын Баталов ести ме?

  • 01.06.2020
  • Malim Админ

Алматы облысы Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарайтын Жаңалық ауылының тұрғындары жолдан өтуден, жағалай жүруден қорқады. Өйткені, бұл жолдың бойында жол қауіпсіздігі үшін жағдай жасалмаған. Біріншіден, жол нашар, екіншіден, жарықтандырылмаған, үшіншіден, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та, белгі де көрінбейді.

27 мамыр күні, күн бата Жаңалық ауылында жаяу жүргінші жолымен өтіп келе жатқан 30 жастағы Айдос есімді жігітті көлік қағып, оқиға орнында қайтыс болды. Осыдан кейін оқиға орнына жиналған ауыл тұрғындары жергілікті әкімдікке наразылық білдіріп, жолымызды жасалынсын деген талап қойып, жолды жауып тастады.

[playlist type="video" ids="4125"]

Жаңалық ауылында бұған дейін де мұндай оқиға болған. 2016 жылы мектептен қайтып келе жатқан бастауыш мектептің екі оқушысын көлік қағып кеткен. Malim.kz тілшісі осы екі баланың анасы (сонымен қатар кеше болған оқиғаның куәгері) Әлия ӨТЕЖАНОВАМЕН телефон арқылы сөйлесті.

- Әлия, кешегі оқиға жайлы айтып беріңізші.

- Мен трассаға жақын жерде тұрам, жолдағы дыбыстар жақсы естіледі. Дүкеннің алдында көліктің тежегіш басқан ащы даусы естілді. Жүгіріп бардық, қарасақ 15 метр жерде бала жатыр, дымы қалмай, мыжылып қалған, қарны... бәрі нетіп...

Айдос деген осы ауылдың баласы. Бір үйдің жалғыз баласы еді... Қаққан бала 20 жасар екен, Байсеркенікі. 140 км жылдамдықпен келген, «пешеходтан» өтіп бара жатқанда қаққан.

- «Пешеход» көзге жақсы көрінетін бе еді?

- Теректер бар, солардың қалқасынан белгісі көрінбейді. Сосын ақ жолақ сызылмаған. Тек қана белгісін іліп қойған, айналасы қараңғы, оның үстіне ағаштан көрінбейді. Ол жерде ылғи болады мұндай. Жолдың бойында қаншама мал өлді машинаның астына түсіп. Ит қаққандай тастайды да кете береді.

Кешегі жағдайдан кейін ауыл әкімін шақырып, сол жерде осы мәселені сөйлессек дедік. Әкім осы ауылда тұрады. Нұрғанат деген кісі, жақында тағайындалған. Шақырып едік, келмеді, 3 сағат тостық. Сосын ауыл тұрғындары екі жаққа да көліктерді өткізбей жолды жауып тастады.

- Қандай талап қойдыңыздар?

- Мектепке баратын балаларымыз жолдан өте алмайды, қауіпті. Түнде тіпті қараңғы. Балалар үш ауысыммен оқиды, бір партада үш баладан отырады. Осының бәрін айтсақ дедік. Полиция 2 сағаттан соң келді, жедел жәрдем жарты сағатта келді де, баланы моргтегілер келіп алып кетеді деп кетті. Содан бала 2,5-3 сағаттай жатты сол жерде. Болмағасын туыстары ашуланып, үйлеріне алып кетті.

- Әкім келді ме? Аудан әкімі, ауыл әкімі?

- Келді. Аудан әкімі де, ауыл әкімі де 3 сағаттан асқанда келді. Ауыл әкімі Талдықорғанда болдым, қазір келдім деп ақталды, негізі үйінде деген. Аудан әкімі Жолан ОМАРОВТЫҢ орынбасары, Еркін ауылдық округінің әкімі келіп, бәрін қатырамыз деп кетті.

- Қандай уәде берді?

- 20 маусымға дейін көшеге жарық орнатылады, «пешеходтар» көрінетіндей болып тұрады, бейнебақылау орнатылады деді. Егер жасалмаса маған келіңіздер деді. Сосын, біздің ауылда мектептің проблемасынан бөлек, емханамыз да нашар. Кіп-кішкентай бір үй, қыста от жаққанға ауылдағылар ақша жинап береді. Ішінде 3-4 адам отырады жұмыс істеп. Үлкен кісі бар еді, жақсы дәрігер еді, ол кісі қайтыс болып кетті жақында. Білмеймін енді не болатынын. Оны да айттық. Қараймыз, жасаймыз деп кетті әйтеуір. Уәдесін орындамаса қайтадан көшені жабамыз деп тарады халық. Бүгін әйтеуір, ағаштарды қиып, жұмысты бастап жатыр...

- Жаңа мұндай жағдай ауылда жиі болады дедіңіз?

- Иә. Менің екі баламды бірдей қағып кетті. Құдай қаққанда көп қан жоғалтпай, аман алып қалды. Бірақ, әлі күнге ауырады, жиі қаралып, емделіп тұрамыз.

- Қашан? Осы ауылдың ішінде қақты ма?

- Иә, мектептен келе жатқанда, жолдың шетінде кетіп бара жатқан жерінен қаққан ғой. 2016 жылы 7 қазан күні. Жолдан өтіп бара жатқан емес, шетінде келе жатқан баланы екі машина жарысып келе жатып, ие бола алмай қалған ғой рөлге. Екеуін де қағып кеткен. Сол жерде тас-құм таситын көліктер тұратын еді, солар көрген; «вулканизация» бар еді, сол жердегі жігіттер көрген. Қан кетіп жатқаннан кейін, өздері көліктеріне салып ап, ауруханаға апарған. Соның арқасында аман қалды.

- Қандай жарақат алды?

- Тістері түсті, жағы сынды, маңдайы жарылды. Басынан соққы алған. Арада біраз уақыт өтті ғой, әлі күнге күн суытса бастары ауырады. МРТ-ға түсіріп тұратынбыз. Жақында қарасам қызымның төсінде ісік пайда болыпты. Барып тексертсек, кезінде алған соққыдан қалған, бесінші қабырға мен төртінші қабырғаның арасы ашылып кетіпті. Жауырыны сынып, бітіп кеткен. Дұрыс емдемеген соң, қисық бітіп кетіпті. Басында Берікбол Сәбитұлы деген дәрігер екі баланың жағдайы да ауыр, аман қалған жағдайда да еске сақтау қабілетін жоғалтады, кішкентай бала сияқты болып қалады деді. Екеуіне де 3-4 сағаттан ота жасады, үш күн жансақтау бөлімінде жатты. Бұдан кейін әліг Берікбол Сәбитұлы деген дәрігеріміз 4-5 айға дейін жоғалып кетті. Ақыры, ештеңе түсіндірместен, балаларымның жағдайын жеңіл жарақат деп шығарып берді ғой.

- Қай ауруханада жатты?

- Іле ауданындағы ауруханада, балалар бөлімінде. Мұндай жарақатпен ешкімге барып, ештеңе дәлелдей алмайсыңдар деді адвокаттар. Бүкіл ауруын жасырып тастады ғой былайша айтқанда.

- Қазір қалай балалар?

- Балаларым ауруханадан шыққан соң бір жарым жылдай үйден оқыды. Үйде сонша уақыт жатқан соң, ешкімге қосылғысы келмейді. Ынжық болып бара жатыр. Қызым қолын аузына салып, бетін тыржитып, бір түрлі қылықтар істей бастаған соң, мектеп директорына айтып, қайтадан мектепке бердік. Балалармен аралассын, ашылсын деп. Қазір айтқаныңды қазір ұмытып қалады, көзін жыпылықтата береді.

Жылына екі рет неврологияға қаралып, ауруханаға жату керек болатын. Қазір мына жағдайдан оны да істей алмай отырмыз. Өзіміздің де жағдай мәз емес, жолдасым осы балаларды емдетеміз деп көлігін сатты. Бұл екеуінен кейін тағы үш баламыз бар. Мен жұмыссызбын, жолдасым Азат күзетші болып жұмыс істейді. «Времянкада» тұратынбыз, сыймай кеттік шыны керек, сосын, жолдасымның атынан несие алып, үлкенірек үй бастағанбыз. Ол да бітпей тұр.

Сосын, сол машина қаққан кезде мен 200 мың теңгеге адвокат жалдадым. Дауылбай СҮЛЕЕВ Қарабайұлы деген адвокат, үлкен кісі. Ол да сатылып кетті.

- Сатылып кеткені қалай?

- Бізге айтпай, жасырын сот болып кеткен ғой. Үш айдан кейін болыпты. Мен бір сотына да қатысқан жоқпын. Талғардағы аудандық сотта болған. Адвокатыма хабарлассам, ылғи «өзім реттеймін, өзім шешіп жатырмын» деп, екі жылға дейін солай созып жүрді ғой. Екі жылға дейін не деген бітпейтін сот десем, мені алдап жүріпті. Мен балаларымды қағып кеткен кезде жаңа босанғам, ары-бері жүгіруге шамам да болған жоқ, оның үстіне, шыны керек қой, заңды білмейміз.

- Сізге кінәлі тараптан ешқандай өтемақы төленген жоқ па? Сотта қандай жаза тағайындалғанын білесіз бе?

- Ешқандай өтемақы төленген жоқ. Жетігенде тұратын орыс кісі, қазір түк болмағандай жұмысын істеп жүр. Мен адвокатыма айттым, ең болмаса жақсы дәрігерлер тауып берсінші, балаларымды қарататын деп. Мүлде елеген де жоқ. Мен журналистерден көмек бола ма деп, «Дау-дамайсыз», «Қарекет» бағдарламаларына, Дина ТӨЛЕПБЕРГЕНГЕ, бәріне жаздым. Хабарласқан жоқ. Ең болмаса, балаларымды емдеуге көмектессе дедім. Ұлым Алтынбек қазір 6-дан 7 сыныпқа көшті, қызым Аяна 5 сыныпқа көшті. Көлік қаққанға дейін сабақ үлгерімдері жақсы еді, қазір төмендеп кетті. Баламның барлық сабағы «5» болатын, қызым еркелеу болды, бірақ, ол да қазіргіден жақсы оқитын. Балам түсініксіз сөйлеп жібереді, кейбір сөздерін мүлде ұқпай қаласың. Еске сақтау қабілеттері мүлде төмендеп кетті.

- Істі қайта қарау туралы ешқандай жерге арыз жазған жоқсыз ба?

- Бардым ғой. Аудан әкіміне бардым, прокуратураға бардым. Талдықорғанға біреулердің көмегімен интернет арқылы арыз жаздым. Бірақ, сауатым болмаған соң да шығар, ешқайсысынан жауап та болмады, ештеңе шықпады. Адвокат жалдауға ақша кетеді, жалдаған адвокатымыздың істегені анау болды... Ана қаққан адам «Тау-Терминал» деген фирма бар Өтеген батырда, сонда істейді екен. Соның адамдары араласқан да, істі жауып тастаған ғой.

- Бес балаңызға мемлекеттен әлеуметтік көмек, жәрдемақы аласыздар ма? 42 500 теңгеге іліндіңіздер ме?

- Жоқ, ілінген жоқпыз. Өтініш жазып едік, екеумізге де «отказ» келді. Карантин басталған соң округ әкіміне кірдім. Барып ем, ол сіз жәрдемақы аласыз деді. Қазір 5 балама түсіп тұрған (әр балаға 10 500 теңге) 53 мың теңге ақша бар, сосын АӘК деп беретін 7 мың теңге.

- Сонда 7 мың теңге барлығыңызға ма?

- Иә, 7 адамға 7 мың теңге. Негізі 21 мың теңге беру керек қой әр адамға, кейін, табысыңды есептейді де, соның жетпей тұрған сомасын беретін болыпты ғой қазір. Бізге түсіп тұрған арнайы әлеуметтік көмегі сол. Несие төлейміз,айына 58 мың теңгеден. Соның бәрін айтып ем, әкім «Нұр Отанның» 50 мың теңгелік көмегін аласың деген, екі ай өтті одан бері, ештеңе алған жоқпыз. Менің балаларым да армандайды, үлкен үйде тұрсақ дейді. Қазір көршілерге, туыстарымның балаларына айтады екен, «біздің үй де бітіп келе жатыр, біз де жақында үлкен үйге көшеміз», деп.

- Қосымша табыс көзі жоқ па?

- Мен бүгін түске дейін алқапқа шығып, қияр теріп келдім. Жетіген жақтағы түріктердің жері ғой, сағатына 700 теңге төлейді. Оған жиі бара алмайсың, балалар кішкентай. Уайымдайсың. Ара-арасында істейтін осындай жұмыс болмаса, басқа табыс көзі жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет, заңды білетін азаматтар мен қайырымдылық қорлары және тиісті мемлекеттік орындар, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ бастаған әкімдер сіздің жанайқайыңызды естір деп сенеміз.

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП.

Байланысты жаналықтар

Дос Көшім: Сайлау бағасы 20-50 участікпен өлшенбеу керек

09.12.2020

«Отшашумен халықтың көңіл күйін көтермек болдық»

07.07.2020

Әсия Төлесова: БҰҰ-ға шағымданамын

30.09.2020

Ресей кешірім сұрамаса, Еуразиялық одақтан шығу керек

13.12.2020

Дәрігер: Бақсы-балгерлік бизнеске айналып кетті

11.06.2021

Бір жыл өтті. «Олар өздеріне ор қазып жатыр»

22.04.2020