Полиция бастығы адам қағып, қашып кетті

Malim Админ

  • 29.05.2020

Ақмола облысында желілік полиция бастығы адам қағып өлтіріп, қашып кетіпті. Нұрлан ЖҮНІСОВ есімді азамат Бурабайға кіру үшін төлем терминалына жолақысын төлеп тұрған екен. Полиция майоры қағып өте шыққан. Бұл туралы МӘЛІМ КЗ КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұм Нұрлан Жүнісов Көкшетаудағы электр желілері торабында бағаналар таситын жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек етіпті. Таңертеңгісін Макинск қаласына іс-сапарға кеткен. Жолда көліктен түсіп төлем терминалына жол ақысын төлемек боп жақындағанда, жүйткіген көлік кеп соққан. Соққының қатты болғаны сонша, марқұм 40 метрдей ұшып, денесі бөлшектеніп кетіпті. Ал полицей оқиға орнынан із суытқан.

«Әкемнің 40-43 метрге ұшып кеткенін айтты. Ұшқаны соншалық, Щучьеде соққаннан кейін тоқтамаған, ары қарай кетіп қалған. Мас болған, мас болған дейді, иә полицейді», - деді марқұмның қызы Маржангүл НҮКЕНОВА.  

«Мұсылмандық жолмен шаңырағында бір түнетіп, арулап барып жерлей алмадық» - деп өкінеді туысқандары. Өйткені марқұмның денесі бөлшектеніп қалған, мәйітханадан әкеле есік алдынан жөнелткен. Ал оқиға орнынан қашып кеткен Макинск қалалық желілік полиция бөлімшесінің бастығы екен. Басшылары оны қызметінен шығарып үлгеріпті.

«Көліктегі полиция департаменті бастығының ағымдағы жылғы 27-мамырдағы бұйрығымен Макинка станциясындағы желілік полиция бастығы, майор Роллан Қанғожин ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар Көкшетау станциясының желілік полиция бөлімінің бастығы атқарып отырған лауазымынан босатылды», - деген ҚР ІІМ Көліктегі ПД баспасөз хатшысы Ләззәт ҚАСЫМЖАНОВА КТК телеарнасының тілшісі Айзат ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫНА.   

Жол апатын жасап адам өліміне себепші болған бөлім бастығының бұл әрекетіне департаменттің басшы құрам санатындағы бірнеше қызметкерді де тәртіптік жауапқа тартқан. Қазір полиция майоры қамауға алынып, «Жол ережесін өрескел бұзу» бабымен тергеліп жатыр. Оқиға орнын қашып кеткені туралы бір ауыз сөз жоқ.

Көрнекі фото: nur.kz

MalimBlocks